Пациенттері өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан бөлімге кірмес бұрын дезинфекция жасайтын мамандай бүркене киіндік, талап – сондай. №2 қалалық перинаталдық орталыққа жұрт жұмыстан қайтып жатқан кешкі уақытта келдік, перзентханада мұндай кезде де қызу жұмыс үздіксіз жүріп жатады. Бұл бөлімнің маңдайшасында «Нәрестелердің жанын сақтау және қарқынды терапия» бөлімі деп жазылған. Кірдік, кіргендегі құлақты бірден елең еткізген үн – шарананың іңгәсі. Бірі бастаса, екіншісі қостай кетеді. Бірақ мұндағы шақалақтар бір-бірін естімейтін секілді. Себебі олар инкубатор аппаратында жатады.
Сол күнгі кезекші дәрігер, неонатолог Әсем Өсербайқызы инкубаторда жатқан шала нәрестені қарап болып, «Бұл бөлімге негізінен қандай балалар түседі?» деген сұрағымызға жауап беру үшін бұрылды.
– Қандай да бір жедел-қарқынды емшараға зәру және шала туған нәрестелер, яғни жүктіліктің 22 және 37-аптасында дүниеге келгендер қабылданады. Кейде 22 аптаға толған, бірақ салмағы жарты килоға жетпей туатын нәрестелер де болады. Ондай балаларды да біз қабылдаймыз. Қазақстан секілді ТМД аумағындағы елдерде салмағы тым аз нәрестелердің жетілу көрсеткіші Еуропа, Америка сияқты дамыған елдерге қарағанда біраз төмендеу. Бұған аналардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы, жүктілікке дайындалмауы, әлеуметтік жағдайы, жүктілік жағдайындағы күтімі секілді бірнеше фактор әсер етеді, – деді Ә.Өсербайқызы.
Неонатологтің айтуынша, шала туған нәрестелер реанимациядан бірнеше көрсеткішке жеткенде шығарылады. Өз бетінше демалып, ішкен тамағын қорытып, салмағын жоғалтпай, үнемі қосып жатқан бала болуы керек.
Осы ойларды айтып тұрған кезде палатаға бір ана келіп, омыраудағы сүтін саууға кірісті. Соған қарап: «Мұнда омырауды өз бетімен еме алатын нәрестелер де бар ма?» деген сауалымызға дәрігер Ә.Өсербайқызы:
– «Кенгуру» әдісі бойынша баланы анасының кеудесіне жатқызамыз. Нәресте анасының иісін алады, ана мен баланың арасындағы байланыс үзілмеуі қажет. Анасы сүтін арнайы құтыға сауады. Содан соң балаға береді. Ана сүті ас қорыту жүйесі жетілген балаларға ұсынылады. Ал ас қорыту жүйесі жетілмеген немесе бұзылған балалаларға тамақ, яғни қажетті витаминдер система арқылы беріледі, – деп жауап берді.
Осы сәтте палатаның бірінен аппараттың шиқылдаған дауысы шықты. Дәрігер палатаға жүгірді. Біз де ілесе кеттік. Үнсіз бақылап тұрып, қатты дыбыс ойнаған аппараттың жоғары маңдайшасындағы нәрестенің дерегіне көзіміз түсті. Салмағы деген тұста «0,765 грамм» деп жазылыпты. Дәрігер шұғыл көмек көрсетті. Босаған соң сұхбатымызды жалғастырдық, жаңағы жағдайда пациентке қалай көмектескенін білгіміз келді.
– Бұл пациенттің жағдайы өте ауыр. Туғанына тура екі ай болды. Диагнозы – Бронх-өкпе дисплазиясы. Қазіргі сәтте ол аппаратқа 100% тәуелді. Мынау монитор нәрестенің қан құрамындағы кислород мөлшерін көрсетіп тұрады. Жаңа көмекті қажет еткен пациенттің қан құрамындағы кислород мөлшері түсіп кетуіне байланысты аппарат сигнал берді. Негізінен кислород мөлшері 91-95 аралығында болуы қажет. Қан құрамындағы кислород мөлшерінің түсіп кетуі әдетте пациенттің тыныс алуын қамтамасыз етіп тұрған жасанды өкпе желдету аппараты мен нәрестені жалғайтын эндотрахеалды түтікте қақырықтың пайда болуына байланысты. Сондай сәтте көмек көрсету керек, – деп жауап берді.
Дәлізде дәрігердің жедел жәрдемнен босауын күтіп тұрғанымызда бөлімге бір қызметкер келіп, «Қан әкелдім, кім қабылдап алады?» деп дауыстады. Кезекші дәрігердің мәліметіне қарағанда, шала туған балаларда қан түзу қабілеті де толық қалыптаспағандықтан, анемияға шалдығу жиі кездеседі, белгілі бір көрсеткіштерге сай және қажеттілігіне қарай нәрестелерге қан құйылады.
№2 қалалық перинаталдық орталық директорының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Шұғылажан Атыбарқызы жыл сайын осы күні ерте босанған әйелдерге арнап танымдық іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.
– Біз шала туған балаларды алдымен жансақтау бөлімінде, одан кейін шала туған балаларды күту бөлімінде толық қарап, емдеп, үйіне шығарамыз. Десе де олардың одан кейінгі тағдыры, өмірі бізді алаңдатады. Сол себепті орталығымызда ерте босанған әйелдермен тығыз байланыста боламыз. 17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні ретінде аталып өтеді. Осы күні біз орталығымызда ерте босанған әйелдерге арнап танымдық іс-шаралар өткіземіз. Шала туған балалалардың күтімі, алғашқы медициналық көмек туралы пайдалы ақпарат берілетін іс-шарамызға біздің орталықта босанған әйелдер қатысады. Кейбірі бір-екі жылдан кейін өздері келіп, босанған кезде жеткізе алмаған ықыласын, алғысын білдіріп, іс-шараға қатысу арқылы танымын кеңейтіп кетіп жатады. Негізі уақытынан ерте босану дерегі әдетте түрлі қиындыққа тап болған әйелдерде жиі кездеседі. Отбасында жақындарының жүктілік кезіндегі қолдауы өте маңызды. Әйелдерден босанардан бір күн бұрын кіммен сөйлескені, не істегені, қандай жағдай болғаны туралы анамнез жинағанда, көбі отбасында кикілжің болғанын немесе жұмысында қиындықтар туғанын, күйзеліске түскенін айтып жатады. Біз болашақ аналарға, аяғы ауыр әйелдерге бірінші кезекте күйзелістен неғұрлым аулақ жүру, екінші жүктілікті тыңғылықты жоспарлау маңызды екенін ескерткіміз келеді, – дейді дәрігер Ш.Атыбарқызы.
Оның айтуынша, жүктілікті жоспарлау, бала көтермей тұрып медициналық тексерістен өту, емделу және жүктіліктің аралық жиілігін сақтау ерте босанудың алдын алады. Елімізде босанғаннан бірнеше айдан кейін тағы бала көтеретін әйелдер көп. Ал әйелдің ағзасы келесі баланы көтеруге толық дайын болу үшін кемінде 3 жыл уақыт керек. Бұл уақыт алдыңғы туған баласына жеткілікті көңіл бөліп, күтім көрсетуіне де қажет болады.
Негізі шала туған бала деп жүктіліктің 37-аптасына жетпей дүниеге келіп қойған нәрестені айтады. Шала тууына ең жиі кездесетін себептің бірі күйзеліс екені айтылды. Дегенмен баласын уақытына жеткізбей босанып қойған бірнеше әйелдің сөзіне қарағанда, басқа да жағдайлар себеп болады. Мәселен, астаналық Қазына Тоқтасын үшінші баласын ерте босануына күйзеліс емес, керісінше аса белсенділік әсер еткенін жеткізді.
– Жүктіліктің 36-аптасында босандым. Босанатын уақыт жақындаған сайын жанығып, жан-жағымызды жиғыштап кететініміз бар емес пе? Көп әйелге тән сондай әдетпен әрі босанғаннан кейін мұршам болмайтынын білгендіктен, сәби таза, жайлы жерге келгенін қалап, одан құттықтап келетіндерді ойлап, жуылған пердемді таққым келді. Соны кешке жолдасым келгенше күтуге болады ғой, жоқ, жанықтым. Орындыққа мініп ілдім, түсерде аяғым тайып кеткен де жоқ, әйтеуір болмашы ыңғайсыздықпен, орындықтан сәл оқыс түстім. Өзімді сонша жайсыз сезінген де жоқпын. Бірақ содан кейін көп ұзамай перзентханадан бір-ақ шықтым, – деп еске алды.
Ал түркістандық Есенкүл Кемелбек 7 айлық баласын 1,5 кг салмақта, жасанды толғақпен өзі босанған. Оның ерте босануына қан қысымының жоғарылап, соның кесірінен денесінің ісіп кетуі себеп болған. Қазір шала туған тұңғышы 9-сыныпта оқып жүр. Екі жаста жүріп, бәрін түсінсе де үш жаста толық сөйлеуі кейінгі дамуына еш кері кедергі келтірмепті.
Қызылордалық Айгерім Күнтуған өзі медициналық білімі бар маман болса да бір емес, екі баласын ерте босанып қойған. Ол отбасында кикілжің болмағанын, тек өзінде бүйректің себебінен қан қысымы жоғары болғанын, соның кесірінен ерте босанып қалғанын айтты. Бірінші баласы шауып жүр, бірақ шала туған екінші баласынан айырылып қалған екен.
– Бірінші баламда 6,5 айлық кезінде бүйрегімнің себебінен қан қысымым көтеріліп, жедел жәрдеммен перзентханаға жеткізілдім. Іштегі баламның өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, ерте босандырып алудың қамын жасады. Толғақ шақыратын дәрі екті, бірақ оған толғақ келмеді. Сол себепті кесір тілігімен баламды алып, инкубаторға жатқызды. Бөпем сол аппаратта бір айдан аса уақыт жатты. 1 кг 45 гр болып туды, бір айдан аса уақытта 400 гр салмақ қосып шықтық. Жүктіліктен қорғайтын спираль салдырдым, алайда бұл әдіс маған жақпады, денсаулығыма кері әсер берді. Қан кеткендіктен алдырып тастадым, салдарынан біріншімді емізіп жүріп, екінші баламды көтеріп қойдым. Әрине, жоспарсыз болды. Өйткені әлі бірінші баламды жеткізіп үлгермеген едім, оның үстіне алғашқы босану кесір тілігі арқылы болғандықтан, тіпті тігісім толық бітіп үлгермеген еді. Сөйтіп, екінші бөпемді де уақытына жеткізбей, жатырдағы тігіс жыртыла бастағандықтан, 28-аптасында тағы кесір тілігімен алуға мәжбүрлікпен келісім бердім. Екіншім 2 кг болып туды, аяққа тұрып, тезірек оңалып кетуіне болатын-ақ еді. Бірақ қыз бала болғандықтан нәзік болды ма, әйтеуір туғанына 39 күн толғанда шетінеп кетті, – деді А.Күнтуған.
Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, жүктілікті жоспарлау да, одан сақтану да әйелдердің жауапкершілігіне түбегейлі артылып қалған. Ал бәрін бірдей бір адамға реттеп жүру қиындық туғызады. Бұл жағдайда ерлердің де қолдауы айрықша рөл ойнайды. Айталық, өмірде бар тәжірибе, ерлі-зайыпты балалы болуды уақытша жоспарламаса, тек әйелдер ғана жатырішілік спираль салдырады, болмаса әйел қауымы ғана химиялық дәрілер ішеді. Шын мәнінде, ерлерге арналған жүктіліктен сақтайтын спираль да, дәріханаларда қолжетімді дәрілер де бар. Әріп танитын әрбір ересек адам оқып танысуына болатын жүктіліктен сақтанудың ерлерге арналған жолдары жөнінде жазылған ақпарат та баршылық. Оқып, өзіне ыңғайлысын таңдауына болады. Бірақ біздің жағдайда, біздің қоғамда қалыптасқан көзқарастарға байланысты тек жас босанған әйелдер құндақтаулы шақалағын көтеріп, спираль салдыруға кезекте тұрады. Жоспарсыз жүктіліктен сақтану, жүктілікаралық жиіліктің ұзақтығын сақтау ерте босанудан қорғайды. Ал уақытында дені сау баланы өмірге әкелу – ерлі-зайыптыға бірдей жауапкершілік.
Дегенмен жоғарыда дәрігер айтқандай, ерте босанған әйелдер арасында жүктілікті тыңғылықты жоспарлағанымен, күйзелістің, физикалық тұрғыда шаршаудың, уайымның кесірінен уақытынан бұрын босанғандар да бар. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Ақмолалық Айжамал Шәмілбаева отбасында қолдаудың жетіспегенін жеткізді.
– Мен бірінші баламды уақытынан ерте, анығы 32-аптасында босанып қойдым. Жолдасыммен екі ай ғана танысып, бір-бірімізді 30 жыл іздеп тапқандай, ақыл тоқтатып, 35-36 жасымызда отбасын құрдық. Бәрін алдын ала жоспарлап, күйеуім негізгі анализдерді тапсырып, әсіресе, өзім жіті тексеріліп барып бала көтердім. Жүктіліктің алғашқы және екінші триместрі сәтті өтті. Бәрі декреттік демалысқа шыққаннан кейін басталды. Жеке кәсібім бар, декреттік демалыста өзіме және босануыма жауапкершілікпен қарайын деп жұмысымды қызметкерлеріме толық тапсырдым. Таңнан кешке дейін үй шаруасына көңіл бөліп, босануға дайындала бастадым. Үйде жалғыз болғандықтан, күйеуімнің келуін асыға күтемін. Ал оның есіл-дерті смартфонда, маған мойын да, көңіл де бұрмады, менімен жарытып сөйлеспейтін, телефонға өте тәуелді адам болды. Ондайын жұмыспен жүріп байқамаппын. Үйде отырғанда маған өзіме қарамай кеткенімді, толысқанымды айтып қалатын. Сөйтсем смартфонның ішінде менен жас, әдемі қыздары көп екен, тіпті кейбірімен көңіл қосып үлгеріпті. Соны оқып қойған күні кешқұрым жылап қалдым. Содан соң қан кетті. Көкшетауда менің де, жолдасымның да жақын туыстары жоқ, сол себепті күйеуім босануға өзі серік болатынын бала көтерген кезде айтқан, бірақ жеме-жемге келгенде жалғыз қалдырып кетті, – деді қос тостағанын жуып алған ана А.Шәмілбаева.
Оның айтуынша, ерте босанып қалғандықтан, өзінің жақындары басқа қаладан жетіп үлгермеген. Оның үстіне кейіпкеріміздің анасы да студент кезінде қайтыс болып кетіпті. Ал оған 3 баласы бар, бала күннен бірге өскен жан құрбысы қатты көмектескен екен. Ол болмағанда тастап кеткен күйеуінің, босанғаннан кейінгі күйзеліс пен қиындықтың шырмауынан шыға алуы екіталай еді.
Иә, бүгін – Халықаралық шала туған балалар күні. Денсаулық сақтау министрлігінің қолда бар ресми дерегі бойынша 2022 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанда 300 мың сәби дүниеге келген. Оның 16 мыңнан көбі мерзімінен бұрын туған. Орташа есеппен алғанда, елімізде жыл сайын 22 мыңға жуық шала шақалақтар дүние есігін ашады, бұл барлық жаңа туған нәрестенің 4,9-5%-ын құрайды. Ал дүние жүзінде жылына барлығы 15 миллион нәресте шала туады. Өкінішке қарай, үштен бірі ғана 3 жасқа дейін өмір сүреді. Себебі баланың ақыл-ой, физиологиялық дамуы үшін жатырдағы әр мезет ауадай қажет.
P.S. Перзентханадан шығуға беттедік. Дәрігерлердің ойын, уақытынан ерте босанған әйелдердің әңгімесін тыңдап, ізденіс барысында қаншалықты көп ақпаратқа қанықсақ та, санада сайрап, құлақтан, көз алдыңнан кетпей қалғаны – салмағы әлі бір килоға жетпей жатса да «Мен тірімін!», «Менің өмір сүргім келеді!» деп әлсіз іңгәлап, ақырын жыбырлап қоятын шала шақалақтың бейнесі ғана.