Жәдігер • 17 Қараша, 2023

Кенесары ханға Марал ишан тарту еткен Құран кітап Ясауи кесенесіне қойылды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президент әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюды ұсынған еді. Осы орайда бүгін кітапты кесенеге тапсыру шарасы өтіп, оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары қатысты. Бұл туралы аталған облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп жазады Egemen.kz.

Кенесары ханға Марал ишан тарту еткен Құран кітап Ясауи кесенесіне қойылды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық. Қаламызға келуші туристер үшін Тайқазанмен қатар тағы бір сирек жәдігердің болуы өте қуанышты жағдай. Кітапты елімізге қайтару үшін үлестерін қосқан ұлттың жанашыр азаматтарына алғысымды айтамын», деді облыс әкімі.

Түркістан әкімдігі

Наурызбай қажы Тағанұлы бабамыздан жеткен құнды жәдігерді ҚМДБ осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын тілге тиек етті.

«Марал ишанның діндар ғана емес, қоғам қайраткері һәм ағартушы. Бабамыз елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды», деді Бас мүфти.

Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та аталған жәдігердің маңызына тоқталды.

Түркістан әкімдігі

Рухани шарада ғұлама-қарилар Құран-хатым түсірді.

Бас мүфти Құран кітапты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы жасалған сөреге орнатылды.

Екі ғасыр уақыттан бері қолдан қолға өтіп, тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар.