Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Электронды темекінің сатылымына тыйым салу туралы ұсынысты қоғам белсенділері, ата-аналар айтуындай-ақ айтты. Кейін Мәжіліс депутаттары да халықтың талап-өтінішін қуаттап, мәселені мінберде көтерді. Депутаттық сауалда елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салып, жарнамасын шектеп, жауапкершілікті күшейту жағы да қамтылған-ды. Әзірге электронды темекінің сатылымына заң жүзінде тыйым салынған жоқ. Егер тыйым салынса, бірнеше жыл елдің көкейінде жүрген мәселе толық шешіле ме? Балаларды электронды темекіден қорғай аламыз ба? Мысалы, «Байтақ» жасылдар партиясының жетекшілері бұл пікірмен келіспейді. Электронды темекіні жеткізуге, сатуға тыйым салу арқылы іс бітпейді, оның айналымын қатаң бақылау қажет деп санайды.
Бір сөзбен айтқанда, «Байтақ» жасылдар партиясы вейптің сатылымына тыйым салуға қарсы екенін білдіре отырып, мұндай құралдарды табак және алкогольді заттармен бірдей қатаң бақылауға алу керек деген ұстанымда екенін аңғартты. Бұл ұсынысты «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың өзі былай түсіндірді:
– Аңғарсаңыздар, тыйым салу арқылы қандай да бір мәселе толық шешімін таппаған. Қазір электронды темекілердің түр-түрі шығып жатыр. Әрине, біз халықтың, соның ішінде жастар, жасөспірімдердің темекі өнімдеріне жуымағанын қалаймыз. Қазір депутаттардың электронды темекі өнімдеріне қарсылық білдіріп жатқанын көріп-біліп отырмыз. Бірақ бұл қадам бұрыннан темекі шығаратын компаниялардың көбірек табыс табуына жол ашады. Тағы бір жай, электронды темекіге тыйым салынатын болса, бірден заңсыз тауар айналымы көбейеді. Ашықтық сақталмайды. Содан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салыққа төлейтін түсімі шектеледі. Заңсыз келген тауарды жастардың қалай пайдаланып жатқанын да зерделей алмаймыз. Айтпағым, тыйым салумен шектелу – мәселенің шешімі емес, – дейді партия төрағасы.
«Байтақ» партиясы Жасылдар саясаты департаментінің директоры Азамат Аяйбергеновтің те пікірі осыған саяды.
– «Байтақ» жасылдар партиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сүйене отырып, биліктің жүргізіп отырған реформаларын қуаттайды. Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнама да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне қауіп төндіру үстінде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы – бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес», деген еді. Біз қазір елде кальян ұсынатын кафе-барларға шектеу қойылғанын білеміз. Бірақ қалада мұндай орындарды табу қиын емес. Кез келгенімізге есігі ашық. Сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіретін басқа да заттарға шектеу қойылғанымен, қатаң бақылауға алынбаған. Сол үшін де электронды темекінің сатылымын қатаң бақылау қажет. Шектеу қойылса, көлеңкелі бизнес пайда болады. Ал ересектер қандай өнім пайдаланса да өзінің еркінде болуы керек деп ойлаймын, – деді ол.
Темекі заттары нарығы қауымдастығының төрағасы Малика Бақытжанова электронды темекілерді сатып алу екінің біріне, яғни жасөспірімдерге қолжетімді болмауы керек деп санайды. Сонымен қатар вейптердің қаптамасы мен дәміне де өзгеріс енгізу қажет.
– Қазір электронды темекіні кез келген адам оңай сатып ала алады. Жастар мен жасөспірімдерге де олжалау қиындық туғыза қоймайды. Статистикаға үңілсек, былтыр тамыз айынан биылғы 22 қазанға дейін ел аумағына электронды темекілердің 3 млн данасы кіргізілген. Яғни бұл тасымал заңды, кәсіпкерлер барлық нормативтік актілерді сақтаған. Ал заңсыз кірген тауарларды ешкім болжап біле алмайды. Электронды темекілерге тыйым салу мәселесі 3 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Бірақ әлі заң қабылданбады. Жақын беріде осындай өнімдерді таңбалауға қатысты талаптар қойылды. Бұл талап – нарықтағы электронды шылымдарды таңба арқылы реттеуге жол ашты. Кәсіпкерлердің жұмысы да біршама жеңілдеді. Біз осы заңды кәсіпкерлерге үнемі түсіндіріп отырамыз. Кәсіпкерлер электронды шылымдардың қаптамасын көз қызықтыратындай емес, қарапайым әзірлеуге келісіп отыр. Сосын тәтті дәмін де өзгертуге дайын. Жасөспірімдер мен балалардың темекі заттарына әуес болуына түбегейлі қарсымыз. Бірақ ересектер шылымның қай түрін қолданатынын өзі таңдағаны дұрыс секілді. Біз вейптердің утилизациясын да өз құзырымызға алуға дайынбыз. Яғни пайдаланылған құралды тиімді жою керек. Иә, электронды темекілерге үзілді-кесілді тыйым салу дегеніңіз темекі өндіретін компанияларға тиімді. Өйткені олар электронды темекі сатылымға шыққалы шамамен 30 пайыз табысынан қағылып отыр. Вейптердің сатылымы бақылауға алынса, 2024-2030 жылдар аралығында шамамен 60 млрд теңге ел экономикасына түсуі мүмкін деген болжам бар. Біздің ұсынысымыз – электронды темекілерді жасөспірімдерге сатуға қатаң шектеу қойып, тек арнайы дүкендерде ғана саудалауға рұқсат беру керек. Бұл ретте вейптерді онлайн сататындардың да барын ескеру қажет, – дейді М.Бақытжанова.
Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігінің ықпалымен еліміздің бірнеше аймағында электронды темекілерді елге заңсыз кіргізгендер анықтап жатыр. Сәйкесінше, заңсыз тауар тасымалдағандар жауапкершіліктен құтылмайтыны белгілі. Бұл да болса, құрамы күдік тудыратын тауарларды елге заңсыз кіргізуді көздегендерге дабыл.