Денсаулық • 27 Қараша, 2023

Шалабайларға шарапатын төккендер

181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ілгері замандарда киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақ ішін­дегі шала туған нәресте жарық дүние үшін өзі күрессе, бүгінгідей меди­цина да­мыған кезең­де кувезде жатқан шарана­лар­дың өмірі үшін білікті дәрігерлер арпалысады. Қазақстанда жыл са­йын 22 мыңнан аса сәби мерзімінен ерте туатынын ескерсек, шала туған сәби­­лердің дүниеге келуі, адам қатарына қосылуы дәрі­герлердің араласуынсыз мүмкін емес.

Шалабайларға шарапатын төккендер

Өткен аптада Халықаралық шала туған балалар күнінде Ал­ма­тыдағы екі бірдей іргелі мекеме – Перинатология және ба­лалар кардиохирургиясы ор­та­лығы мен Педиатрия және ба­лалар хирургиясы ғылыми орта­лығында қос мереке қатар өтті. Ғылыми орталыққа сый-сия­патымен келген «Мен сені­мен біргемін» қорының өкіл­дері сал­танатты іс-шараның сәнін келтірді.

Педиатрия орталығындағы Нео­на­тология және жаңа ту­ған нәрес­телердің хирургия бө­­­лі­мінің 64 жылдық тә­жіри­­­­­­бесі бар. Мұнда еліміз­дің түкпір-түкпірінен келген, туа­­­бітті кеселдері мен хи­рур­гиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл ме­­ди­­циналық көмек көрсе­ті­леді. Торғайдай болып туған нәрес­телерге өңеш атрезиясы, диа­фраг­малық грыжа, ішек өтім­сіз­дігі, аноректальды кеміс­тік, гастрошизис, омфалоцеле, сакрококцигеальды ай­мақтың тератомасы сынды көп­теген күрделі рекон­струк­тив­тік пластикалық операциялар жасалады.

«Жыл сайын бөлімде әртүрлі пато­логиямен республиканың әр өңі­рінен жеткізілген 400-ге жуық нәресте емделеді. Олар­дың 80%-ы – 700 грамнан бас­тап 2 500 грамға дейінгі экстремалды төмен салмақтағы 25-35 апталық нәрестелер. Бөлім 2022 жылы түрлі патологиямен дү­ниеге келген 300-ден аса сә­биді ажал аузынан аман алып қалса, биыл 350-ге жуық шақалақты күтіп-баптады. 20 төсегі бар бөлім 2003 жылдан бастап туабітті хирургиялық патологиясы бар нәрестелерді қабылдай бастаса, 2012 жылдан бері шала туған нәрестелердің ретинопатиясына көз торының лазерлік коагуляциясын сәтті жасап келеді. Дене салмағы 1 000 грамм ғана болатын шала туған нәрестелердің адам қата­ры­на қосылуы айтарлықтай өсіп, өлім-жітімі 3-4 есеге төмен­деді. Біздің орталықта бір жыл ішінде емделіп шыққан сәби­лердің 80%-ға жуығы – шала туған нәрес­те­лер», дейді Неона­тология және жаңа туған нәрес­телердің хирургия бөлі­мі­нің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.

Әр сәбидің өмірі үшін бө­лім­де 20-дан аса маман кү­ре­сіп, кішкентай періш­те­лер­дің өміріне араша түсіп жатады. Мұндай жағдай­да дәрігерлер ата-ананың психологиялық да­йын­дығы да үлкен рөл атқа­ра­тынын айтады.

Ал Перинатология және ба­ла­лар кардиохирургиясы ор­та­лығында Pampers бренді Қа­зақ­стандағы «Қызыл жарты ай» қоға­мымен бірге өткізген мереке «Ең кішілерге – үлкен қам­қорлық» бастамасын мәреге жеткізді.

«Бүгін біз дүниеге келуге асыққан кішкентай батырлармен біргеміз. Сондықтан осы атаулы күнді туа салып өмірін күреспен бастаған және осы жолды батылдықпен жеңе білген балдырғандар атап өтіп жатыр. Ерекше мерекеге сәбилердің әке-шешелерімен бірге, осы қиындықтарды қосыла еңсерген Перинатальды орталықтың дәрі­герлері де қосылды. Біз мұн­дай бастаманы Қазақстанда бірінші рет қолға алып отырмыз. Өмірге шыр етіп келген сәтінен бастап қиындықтарға тап болған және оны жеңе білген шараналар салтанатты жағдайда қандай құр­метке болса да лайықты. «Ең кішілерге – үлкен қамқорлық» кам­паниясының аясында Pam­pers бренді Қазақстандағы ең ірі алты перинатальды орта­лығы мен еліміздегі балалар ауруха­наларындағы шала туған шараналарға тегін түрде 650 мыңнан аса арнайы жөргек тарата отырып, сәбилерді оңал­ту­ды қаржыландыруға кө­мек­теседі. Ал шала туған сәби­лерге арналған жөргектерді біз Қа­зақстанға тегін жеткізіп, пери­натальды орта­лық­тар мен перзентхаларға таратып береміз, саты­лымда жоқ. Мұндай жөр­гек­тер аса жұмсақ, қауіпсіз ма­те­риалдардан және салмағы бір килоға да жетпей туған ша­қалақтардың салмағына, тері­лерінің нәзіктігіне есептелініп жасалғандықтан, бұл ата-аналарына да айтарлықтай көмек пен қолдау», дейді Орталық Азия­дағы Procter & Gamble басшысы Руслан Гамзаев.

Қазақстандағы «Қызыл жарты ай» қоғамының бас дирек­торы Марат Мелдеханов бе­дел­ді брендпен серіктесе жұ­мыс істеп отырғандарын мәр­тебе тұ­та­тынын айта келе: «Біз­­дің бірінші міндетіміз – жоба ин­фра­­құрылымын ұйым­дас­­тыру, сапалы қолдау мен қайы­рым­ды жобаның тиімділігін ба­рын­ша қамтамасыз ету», деді.

«Шала туған балалар жал­пы санының төрттен бір бө­лі­гі, өте экстремальды дене сал­мағымен – бір килограмнан да төмен болып дүниеге келеді. Алайда жыл өткен са­йын медицинаның бұл саласы дамып келе жат­қан­дықтан, дү­ниеге келуге асық­қан бала­ларға қамқорлық көрсету біз үшін жеңілдеп жатыр», дейді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орта­лы­ғының неонатологиядағы меди­ци­­на­лық қызметтер сапасын бақы­лау бөлімінің басшысы Ләззат Оңалбаева.

Мереке кезінде екі орталықта да дәрігерлер өздері кіндігін кес­кен, дені сау әрі өсіп қалған балалармен кездескенде жан тол­қытарлық әсерлі сәттері көп болды. Ал «Бұрын және бүгін» фотосуреттер көрмесіне ша­ра­­налардың енді туған және өсіп келе жатқан кездеріндегі сурет­те­рі қойылды.

 

АЛМАТЫ