Құқық • 28 Қараша, 2023

Он алты күндік акция

145 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің бар­­лық түрін жою конвенциясына сәйкес 25 қа­ра­­­ша­дан 10 желтоқсанға дейін еліміз бойынша­ «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты республикалық акция жүріп жатыр. Акцияның басты мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Он алты күндік акция

Іс-шара аясында Ішкі істер министрлігі мүдделі мем­лекеттік органдардың, үкі­мет­тік емес және халық­ара­лық ұйымдардың өкілдерін, бар­ша халықты акция­ға бел­сен­ді қатысуға шақы­ра­ды. Әкім­ші­лік полиция коми­те­тінің Ерек­ше тапсырмалар жөнін­дегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Серік­баеваның айтуынша, акция барысында ішкі істер орган­­­да­рының қызметкерлері мүд­­делі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым­дар­мен бірлесіп, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Акция басталған күннен бас­тап барлық өңірде 50-ден астам баспасөз мәслихаты өткізілді.

«Ақпараттық түсіндіру жұ­мыс­­тары аясында әйелдерге қа­тыс­­ты барлық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу және болдырмау, халыққа осы салада істеліп жатқан шаралар мен заңнамалардағы өзгерістерді таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан іс-шаралар ауқымы халық көп жиналатын жерлерде өтіп жатыр. Қазір еліміз бойынша халық көп жиналатын қоғамдық жерлерде 3 күннің өзінде ғана 70-тен аса іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқу орындарында, еңбек ұжымдарында түрлі дәріс­ ұйымдастырылып, заң­дағы соңғы өзгерістер мен толық­ты­ру­лар, республика көлемінде жұмыс істеп тұрған сенім телефондары туралы ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатыр», дейді Ақмарал Абзалқызы.

Бүгінде елдегі тұр­мыс­­тық зорлық-зомбылық бойынш­а со­ғыл­ған қоңырау мен қозғалған істердің ста­тис­­­тикасы жаға ұста­тады. Мә­се­­лен, он айдың қоры­тын­ды­сы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 82 мыңға жуық әкімшілік шағым мен хабарлама түскен. Оның ішінде 60 мыңнан астамына әкімшілік іс қозғалды. Был­тыр­мен салыстырғанда әкімшілік іс қозғау 20 пайызға өскен. Оның себебі 1 шілдеден бастап әкімшілік іс қозғау арызданудан анықтау сипатына көшті. Заңнамадағы жаңа өзгерістер он айдағы отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстарының төрттен екі пайызға төмендеуіне де септігін тигізген.

Сондай-ақ А.Серік­баева­ның сөзінше, заң шығарушы орган үкіметтік емес ұйымдардың пети­­циясын негізге алып, заң­дар­ға өзгерту енгізсе, тиісті тап­­сырманы орындау заңға сәй­­кес­ құқық қорғау органдарына жүк­теледі.

«Бұрын құқық қорғау қыз­­­мет­кері жәбірленушінің арызын­сыз әкімшілік іс қозғай алмайтын. Мысалы, былтыр 115 мың­нан астам арыз-шағым келіп түсті. Оның 75 мыңнан астамы жәбі­р­ле­ну­шінің арызды кері қайтарып алуы себебінен жабулы күйінде қал­ды. Ол уақытта арыз бойынша істі қарамау секілді бірді-екілі факті болды. Қазір бізге ешкімнің арызы керек емес. Құқық бұзушылық фактісі болса, бірден әкімшілік іс қозғалады. Заңдағы бұл өзгеріске сай әрекет етпеген құқық қорғау қызметкері қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Ал қоғамдық резонанс тудырған Қызылорда қала­­сы­н­дағы қылмыстық оқиға бо­йынша ішкі істер орган­да­рының қыз­мет­керлерінің соты аяқталып, қылмыстық жауап­кершілікке тартылды», дейді ол.

Қоғамдағы құқық бұзушы­лық­қа нөлдік төзімділікті арттырып, халықтың отбасылық зор­лық-зомбылық туралы­ ақпараттануы маңызды. Сон­­­­дық­тан құзырлы орган имидждік іс-шаралардан бөлек отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адам­дарды, сондай-ақ жайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеруді де жоспарлап отыр.