Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зерттеу университеттерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жүйе Батыс елдерінде жемісті жұмыс істеп тұрғанын айтқан еді. «Тәжірибе көрсеткендей, отандық ғылыми зерттеулердің көпшілігі біздің ірі жоғары оқу орындарында жүргізіледі. Сондықтан зерттеу университеттері шеңберінде мемлекеттік ғылыми зерттеу институттарды шоғырландыру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары іске қосылады. Оның қызметі өңірлерді қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге, заманауи оқу және ғылыми зертханалар құруға бағытталған. Алайда, тұтастай алғанда, сұранысқа ие технологияларды ала отырып, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін инфрақұрылымды дамыту жағдайы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Батыс елдеріндегі университеттерде әртүрлі инновациялық стартаптар мен технологиялық компаниялары бар технопарктер жұмыс істейді. Білім беру жүйесін жекелеген ғылыми орталықтармен және технопарктермен олардың әлеуетіне қарай шоғырландыру күшті зерттеу университеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деген болатын Президент.
Ғылымның осы мақсат-міндеті көп ұзамай еліміздегі көшбасшысы жоғары оқу орындарына зерттеу университеті мәртебесін беруге ұласты. Бұл ретте біз жоғары білім саласының басшысынан докторантына дейінгі сарапшылардан пікір сұраған едік.
– «Зерттеу университеті» ұғымның мән-мағынасы неде?
Қанат ТІРЕУОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу
университетінің басқарма төрағасы-ректоры, ҰҒА академигі:
– Баршамызға белгілі, әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде зерттеу университеттерін құру тәжірибесі ежелден бар. Зерттеу университеті дегеніміз – оқу ордасында білім мен ғылымды біріктіру, біздің жағдайда «зертхана-аудитория-егістік» қағидатымен жұмыс істеу, сапалы білімді өндіріспен ұштастыру, осы арқылы университет әлеуетін көтеру.
Азат СЕЙІТХАН,
PhD, қауымдастырылған профессор,
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті инженерлік бейінді зертхана жетекшісі:
– Зерттеу университеті – іргелі ғылымнан қолданбалы ғылымға, өндіріске дейін ғалымдар мен жалпы кадрларды даярлайтын, зерттеу технологияларын жасап шығаратын үлкен орталық. Жоғары оқу орындарында зерттеу жұмыстарының жүйелі жүргізілуі жастарды ғылымға тартуға мүмкіндік береді. Магистранттар, докторанттар бос уақытында ғылыми зерттеу орталықтарында жұмыс істеп, өздерінің ойын іске асырып, өндіріске енгізіп, инвесторларға таныстырып, стартап компаниялар құра алады. Сондықтан зерттеу университетін ғылыми идеяларды жүзеге асыратын ауқымды кешен деп атауға болады.
Ләззат МЫРЗАШҚЫЗЫ,
Түркияның Кайсери қаласындағы Erciyes зерттеу университетінің
докторанты:
– Менің ұғымымда зерттеу университеті дегеніміз – тәжірибе алаңы, ғылыми идеяларды жүзеге асыру орталығы. Мәселен, мен оқитын университетте әлемдік зерттеу жұмыстар, жаңадан шыққан кітаптар бірден түрік тіліне аударылып, жас ғалымдарға ұсынылады. Біздің елде мұндай кітаптар кеш жетеді. Зерттеу университеті дегеніміз – ізденушілерге барлық жағдай туғызу және зерттейтін әлем ғылымымен ұштастыру.
Аманжол ДОСЖАНҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің
докторанты:
– Зерттеу университеті – жоғары оқу орнындағы студенттер мен оқытушылық құрамның елге, адамзатқа маңызды ғылыми жобалармен айналысуы, өзекті тақырыптарды зерттеуі. Ал ол – ғылым, білім интеграциясы көрініс тапқан, соның нәтижесінде университеттердің өндіріспен, ғылыми орталықпен бірлесе әр салаға ғылым мамандарын даярлау арқылы жүзеге асады.
– Университеттеріңіздің ғылым деңгейі туралы айтсаңыздар?
Қанат ТІРЕУОВ:
– С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында кейінгі үш жылда 12 ғылыми-техникалық бағдарлама мен 68 ғылыми-техникалық жобаны табысты жүзеге асырды. Қаржыландыру көлемі 15 млн долларға жетті. Бұл сандар біраз жайттан хабар береді.
Азат СЕЙІТХАН:
– Университет ғалымдары магистратура мен докторантурадағы жас зерттеушілерді өз қатарына қосып, шетелдік университеттермен, ғылыми зерттеу институттарымен белсенді жұмыстар атқарады. Біраз жаңалық ашып, тіпті кейбірі шетелдік жобаларға қатысып, оны коммерцияландырып, өндіріске енгізіп жатыр. Осының нәтижесінде шетелдік Scopus, Web of science секілді базаларда ғылыми мақалалардың рейтингі өсті.
Ләззат МЫРЗАШҚЫЗЫ:
– Мен оқып жатқан университетте қағазбастылық жоқ. Біздің елде университет оқытушылары есеп тапсырумен күні өтеді. Уақытын, ақшасын шығын етіп оқып жүрген студенттерге обал-ақ. Түркиядағы ғылым нәтиже мен шынайылыққа бағытталған.
Аманжол ДОСЖАНҰЛЫ:
– Ғылым жолында оқытушылар сөзсіз зерттеу жүргізеді, ғылыми жобаларға қатысады. Себебі Scopus базасындағы ғылыми журналдар өн бойында тақырыптың өзектілігі, жаңалығы, зерттеу нәтижелері көрсетілмеген мақаланы баспайды. Болашақ ғалымдарға, яғни магистранттар мен докторанттарға сабақ беріп жүрген маманға ғылым жөнінде қойылатын талап та жоғары.
– Сіздің университетте ғылымның қай саласы жақсы дамыған? Қандай ғылыми жаңалықтарды айрықша атар едіңіз?
Қанат ТІРЕУОВ:
– С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті еншілес ұйымдарымен бірге өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап, оларды өңдеу, технологиялық үдерістерді механикаландыру мен автоматтандыруға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың барлық маңызды бағыты бойынша ауқымды ғылыми зерттеулерді қолға алып отыр. Бұл зерттеулер цифрландырудың, геоақпараттық жүйелер мен технологиялардың заманауи тәсілдері арқылы жүргізіледі. «Ақылды ауыл шаруашылығы» бағыты қарқынды дамып жатыр. Дәнді дақылдар селекциясы саласында кейінгі үш жыл ішінде астықтың 23 жаңа сұрпы әзірленді.
Азат СЕЙІТХАН:
– Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі инженерлік бейінді зертханада 30-ға жуық жас ғалым жұмыс істейді. Олардың арасында докторлық диссертациясын енді ғана қорғағандар да, докторанттар да, магистранттар мен бакалаврлар да бар. Гранттық, коммерцияландырған гранттармен бірге Horizon Europe бағдарламасы бойынша биыл бір жобаны ұттық. Бәрінен бұрын университеттегі ғылыми орта құрудың жүйесін қалыптастыруға күш салып жүрміз.
Ләззат МЫРЗАШҚЫЗЫ:
– Мен оқып жүрген университетте дін психологиясы, дін социологиясы, тіл психологиясы сынды бағыттар жақсы дамыған. Өйткені ұстаздарымыз Ұлыбритания, АҚШ-та білім алса да, өз елінің діни психологиялық, әлеуметтік жағдайларын жақсы зерттеген. Сондықтан шығар, Түркияда 80 млн халық бола тұра діни, әлеуметтік, психологиялық жағдай тұрақты. Өйткені олар алдын ала қоғамдық, әлеуметтік зерттеу жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, қорытынды шығарып отырады. Қазір ғылыми жаңалық ашудан бұрын осыған дейінгі бар ғылымды халыққа тең үлестіру, елдің бірлігін сақтап, берекесін арттыру тұрғысынан Түркияның өнегесі ерекше.
Аманжол ДОСЖАНҰЛЫ:
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінде ғылымның барлық саласында даму бар. Соның ішінде өз салама қатысты айтсам, философия кафедрасы шетелдік философтардың, ғалымдардың кітаптарын қазақ тіліне аударды. Бұл да – ғылыми жұмыс. Себебі мұнда ғылыми терминологиямен жұмыс істейді, ғылыми ұғымдарды, түсініктерді қалыптастырумен айналысады. Бұған дейін мен «Қазақ философиясының бес томдығын» шығаруға, Абайдың этикалық көзқарастарына байланысты зерттеу жұмысына қатыстым.
– Университеттегі оқытушылық жұмыстан тыс ғылыммен айналысуға уақыт табыла ма?
Қанат ТІРЕУОВ:
– Әрине, табылады. Бүгінде оқытушылардың жүктемелерін жоспарлау талабына сәйкес, жұмыс уақытының жартысынан көбін ғылыми зерттеу жұмыстарына арнайды. Сондықтан оқытушылардың ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуына мүмкіндік мол.
Азат СЕЙІТХАН:
– Жоғары оқу орнындағы оқытушылық жұмыспен, көп жүктемемен жүріп ғылымға көп уақыт табылады деу қиын. Десе де біздегі профессор, оқытушылар ғылыммен айналысады, гранттық қаржыландыруларға белсене қатысады, халықаралық базалардағы индекстелген ғылыми журналдарда көптеп мақала жариялап жүр. Ғылымға уақытты көбірек бөлудің бір жолын марокколық әріптестерден білдік. Мароккода 7 жыл бойы ғылымда, университетте жұмыс істеген адамды 1 жылға жалақысы сақталатын шығармашылық демалысқа жібереді. Осыны біз де ойластырсақ дейміз.
Ләззат МЫРЗАШҚЫЗЫ:
– Әрине, университеттің ішінде ғылымға уақыт табылады. Білім алушылар өте еркін. Оқу орны маңайында кітап ұстап білім қуған жастар көп жүреді. Әр факультеттің өз кітапханасы бар.
Аманжол ДОСЖАНҰЛЫ:
– Университет оқытушыларының сабақ жүктемесі, есебі көп екені рас. Сол себепті ғылыми ізденіске уақыт азырақ қалады. Соған қарамастан ғылыммен айналысады, өйткені алдында отырған студенттерге күнделікті жаңа дүние, жаңаша көзқарас айтып, тосын сұрақтарына дайын болу керек. Ізденуге, жаңа әдебиеттерді қарауға, көп оқуға тура келеді.
– Унииверситетте ғылымды дамытуға не кедергі? Сіз байқаған кедергілерді жоюдың жолдары қандай?
Қанат ТІРЕУОВ:
– Ең басты кедергі – ғылымға бөлінетін қаражаттың аздығы. Біздіңше, аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ішкі жалпы өнім көлемінің 1 пайызына жеткізілуге тиіс. Екінші мәселе – оқу орны қызметінің шығындарына қаражаттың қарастырылмауы. Ғылыми инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды, оның ішінде коммуналдық төлемдер, салықтар мен ғылыми қондырғылардың амортизациясы, алдыңғы қатарлы ғалымдардың және зертханалар мен орталықтарға қызмет көрсететін персоналдардың еңбекақысын жабатын мөлшерде университтерге арналған базалық қаржыландыруды енгізу – мәселенің шешімі болмақ. Тағы бір түйткіл, ғылыми техникалық бағдарламаларды бірлесіп орындаушылармен арада келісімшарттарды бекіту кезінде ғылыми-зерттеу мекемелеріне қосымша құн салығы салынады. Мұны жою үшін Салық кодексінің 394-бабына ғылыми ұйымдарды салықтан босататуды қарастыратын толықтыру енгізу қажет.
Азат СЕЙІТХАН:
– Жоғарыда айтқан жүктеменің көптігі біршама кедергісін келтіреді. Бұған қоса университеттердегі ғылыми зертханалардың базасы ескі. Зерттеулер нәтижелі болу үшін зертхананың заманауи жабдықтармен үнемі жаңартылып отыруы маңызды. Бұл мәселе жоғары оқу орындарына келетін екі қаржы көзі арқылы шешімін таба алады. Оның бірі – грант құнының артуы, екіншісі – ғылыми жобаларды қаржыландыруға бағытталған конкурстардың көбеюі.
Ләззат МЫРЗАШҚЫЗЫ:
– Өзім оқып жүрген университеттің көлемі – тұтас қалашық. Түркияның бай-бағландары үздіксіз ғылымды қаржыландырып, қолдау көрсетіп отырады. Мұндағы сапалы әрі ыңғайлы оқу жүйесіне кейінгі жылдары әлемнің әр қиырынан студенттер өте көп келіп жатыр.
Аманжол ДОСЖАНҰЛЫ:
– Университеттегі ғылыми зерттеу орталықтарының жұмысын күшейту маңызды. Тағы бір мәселе, университет ғалымдары ұлттық сипаттағы ғылыми жобаларды ұсынса, оны комиссиядағы шетелдік ғалымдар маңызын түсінбегендіктен өткізбей жатады. Біздің мемлекетке, ұлтқа, ішкі саясатымызға қажетті дүниелер шетелдік сарапшыларға түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан ұлттық жобаларға жанашырлық қажет, сарапшыларды ұлттық ерекшелігін ескеріп тағайындаған жөн. Докторлық қорғаған кезде және ғылыми атақ талаптарында Scopus-қа мақала жариялауды қайта қараған абзал.