Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Мәселен, осы бағыттағы соны да сауапты бағыттың бірі – 2016 жылы іске қосылған Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік. Оның міндеті бала асырап алуға ниеттенгендерді әке-шеше болуға кәсіби түрде даярлау, бала асырап алған отбасыларға бағдар берумен қатар, бала асырап алу мәдениетін дамыту еді.
Ұлттық агенттік жетімдік мәселесін толық шешпесе де, тек өткен жылы 128 баланы қамқор болады-ау деген 104 отбасына орналастырғанын еске сала кетейік. Әлбетте бала асырап алудан ниетті үміткерлермен психологтер жұмыс істейді. Бұған қоса әр өңірде бала асырап алғысы келетіндерге оның заңдық мәселелері бойынша кеңес беріліп отырады. Өкінішке қарай, осының бәріне қарамастан, асырауға алынған балалардың кейбірі жетімдер үйіне қайта оралып жатады. Бұл қалыпты жағдай болғандықтан, қазіргі таңда Асырап алушы ата-аналар мектебі құрылып, осындай отбасыларға бағыт-бағдар көрсетіліп отырғаны аян.
Бұрын балалар үйіне қайта оралатындар шамамен 5% болса, биыл бұл көрсеткіш 1%-ға өскен. Ақиқатына келгенде, қаншама сәбидің көңіліне қаяу салатын, адамдарға деген сенімін азайтқан 1% деген де аз сан, аз тағдыр емес. Бұл баланың жанына жазылмайтын жара салатын оқиға болғандықтан, барлық отбасымен үш жыл бойы жұмыс жүргізіледі. Оларға құқықтық мәселелер бойынша психологиялық кеңес беріледі, қолдау көрсетіледі.
Бір кісі бала асырап аламын деп ойласқанда, болмысына қарап ішкі түйсігімізбен әбден қарсы болғанымыз есімде және неге қарсы екенімізді әбден дәлелдеп, түсіндірдік. Бала асырап алу – аштан өлтірмей бағып-қағу емес, тамақ пен төсек жетімдер үйінде де бар. Шындығында сіздің ішіңізден шықпаған баланы бақай есепсіз мейірімге бөлеп, қиындығына көніп, өміріңіздің соңына дейін адамгершілік танытуға шыдамыңыз жете ме?
Дегенмен жоғарыдағы кейіпкеріміз жүгіріп жүріп құжаттарын түгендеп, асырап алды, үдесінен шықпады. Баланы ары-бері сүйрелеп, ақыры балалар үйіне қайтарып берді. Ұзақ әңгіме. Содан кейін тұрмысқа шықпаған бір апамыз да сандалып жүріп бір бала асырап алған. Балалар үйінен сау бала табу қиын. Дені сау болғанымен, психологиялық тұрғыда тумай жатып сатқындық көрген кішкентай адамның жүйкесінде кінәрат болмай қоймайды. Ол бала да кері қайтқан сыңайлы. Бұлар балаға тамақ, киім тауып берді. Бірақ аналық махаббаты мен мейірімін оята алмады. Ең сұмдығы да сол. Бір емес, қайта-қайта тағдыр тәлкегіне түсудің қасіретін басынан өткен жетім жүрек қана біледі. Қысқасы, жетімдер үйінен бала асырап алу үшін, жүрегіңіз бен иманыңыз өзгеше жаратылуға тиіс.
Бүгінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарды тәрбиелеуге бейімделген ұйымдарда балалар санының азаюын байқауға болады. Статистикаға сүйенсек, жыл басында бір ғана Алматы қаласы бойынша 3 366 бала асырап алу тізімінде тұрған. Осы орайда Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік – «Ана үйі» қоғамдық қорының өкілдері қамқоршылық рәсім, асырап алушы ата-аналардың мектебі не үшін керек, бұл балалардың жаңа отбасыларына қалай сіңетіні туралы біраз мағлұмат берді.
«Психологиялық дайындықтан өту үшін бала асыраудан үміткерлер тікелей агенттікке немесе колл-орталықтың 1422 нөміріне жүгінеді. Кандидаттармен біздің психолог мамандар жұмыс жүргізеді. Диагностикалық сұхбат барысында әрбір үміткердің себептерін анықтаймыз. Мотивтер конструктивті де, деструктивті де болуы мүмкін. Мысалы, біреу өз қажеттіліктерін қанағаттандыру ниетімен келсе, ал біреулер шын мәнінде балаға бақытты балалық шақ сыйлағысы келеді. Сондықтан әр үміткердің ниетін тану аса маңызды. Осыған сүйене отырып, біз белгілі бір үміткерлермен әрі қарай жұмыс істейміз бе, жоқ па, соны шешеміз», дейді Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің басшысы Фарида Рахметова.
Агенттік өкілі үміткерлердің 20-30%-ы Асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен кезде іріктелінетінін айтты.
«Көп жағдайда үміткерлер асығыс шешіммен келеді, олар әрдайым баланың өмір сүріп жатқан ортасына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере бермейді. Кейбір ата-аналар оқу үдерісінде бұған дайын емес екенін, өздерінде ресурстардың жоқтығын түсінеді. Біз үшін бұл – жақсы нәтиже, өйткені үміткер әу бастан бала үшін жауапкершілікті алуға дайын екенін түсінуі керек. Егер бала кейін қайтарылса, бұл – сәби үшін өте үлкен соққы», дейді Ф.Рахметова.
Аталған мектепте оқу 3,5 ай бойы жүргізіледі және тақырыптық сабақтардан тұрады. Осы уақыт аралығында үміткерлер мамандармен жұмыс істейді, оларға кеңес береді, нәтижесінде, олар өздерінің мүмкіндіктері мен ресурстарын біледі. Мектепті бітіргеннен кейін үміткерлерге осы дайындықтан өткені туралы сертификат беріледі. Орталық мамандары бала асырап алушы отбасыларды тағы үш жыл бақылайды.
«Балалар үйінен шыққандар – ерекше бала. Әрбірінің өз тағдыры, басынан кешкен ауыр оқиғасы бар, ол соның бәрін өзін асырап алған отбасына ала барады. Оның асырап алған отбасына үйренісуі үшін жақсы дайындық қажет. Біздің мектептің атқаратын жұмысы – ата-аналарды баланы қабылдауға дайындау, қажетті ақпараттарды беру, ең маңызды сұрақтарға жауап алу», деді агенттіктің психологі Ләззат Серімбетова.
Осы арада Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік өткен жылы түрлі дерттері бар балаларды асырап алған отбасыларға оңалту және көмек көрсету бойынша қанатқақты жобаны іске қосқанына тоқтала кету керек. Агенттік өкілдерінің айтуынша, балалар үйіндегі ең көп таралған диагноз – бұл олардың дамуындағы кешеуілдеу. Бірақ мамандар ем-дом, оңалту жұмыстарын жүргізгеннен кейін, кей балалар кеселдерінен жазылып кететін жағдайлар да жиі кездесетінін айтады.
«Арнаулы мекемелерде 4 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатса, оның 80%-ы бауырлары бар балалар болғандықтан, заң жүзінде оларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Олар – жасөспірімдер мен ауруы бар балалар. Өкінішке қарай, кеселге шалдыққан балаларды қабылдауға ниетті немесе дайын адамдар көп емес. Сондықтан 2022 жылдың мамыр айынан бастап біз оңалту бойынша жаңа қанатқақты жобаны іске қостық. Жоба аясында отбасыларға үш түрлі көмек көрсетіледі. Егер операция қажет болса, бұл жағдайда қор қаржыландырумен айналысады. Егер одан әрі оңалту немесе түзету қажет болса, біз орталықтармен шартқа отырып, оның қаржысын біздің қор төлейді», дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының басшысы.
Көмектің үшінші түрі – жеке логопед, дефектолог, психологтің қызметтерін алу үшін төленетін атаулы көмек. Көмектің бұл түрі аталған мамандардың орталығы жоқ ауылдық жерлерде тұратын отбасыларға беріледі.
Жоғарыда атап өткендей, асырап алынған кішкентайлар балалар үйіне қайта оралатын жағдайлар жиі кездеседі. Себептері әртүрлі болуы мүмкін, көбінесе ересектердің даярлығы жоқ.
«Біздің қордың статистикасы бойынша, өз үйімді таптым дейтін балалардың 6%-ы қайтарылды. Бұған негізінен ересек адамның қолынан ата-ана болудың келмеуі, ресурсы, шыдамдылығы жетіспеуі себеп болады. Әрине, ескеретін жәйттер да бар. Мысалы, қамқоршысы қатты науқастан, яки қайтыс болған кездерде балалар кейін қайтады. Сондай-ақ туған балаларымен тіл табысуда қиындық туындайды және осы себепті асырап алынған балалар қайтадан балалар үйіне оралады», деді Ф.Рахметова.
АЛМАТЫ