«Біздің екі елді ондаған жыл бойы қалыптасқан шығармашылық пен жақын мемлекеттік қарым-қатынас байланыстырады. Қос халықты шынайы достық пен тату көршілік біріктіреді. Театрымыздың Қазақстанға гастрольдік сапары – екі мемлекеттің өзара шығармашылық байланысын нығайтып, мәдениетін байытатыны анық. Ұйымдастыру тұрғысынан мұндай үлкен тур ауқымды халықаралық жоба саналады. Мұнда 110 адамнан құралған шығармашылық ұжымды көрсетуіміз қажет. Осы топқа халық әртістері, өнер қайраткерлері, еңбек сіңірген әртістер, сондай-ақ көптеген халықаралық байқауда, соның ішінде жуырда Өзбекстанда өткен «Competition dell’оpera» додасының лауреаты атанған дарынды жастар енді. Ә.Науаи атындағы МАҮТ симфониялық оркестрі де өнер көрсетеді. Бұл еліміздің опера және балет өнерін жан-жақты таныстыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың директоры, Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усманов.
Елордалық көрермендер тамаша кеште өзбектің төл опера және балет шығармаларымен жақын танысып, жылы әсерге бөленді. Дәлірек айтқанда, Ә.Науаи атындағы Үлкен театр солистері Дж.Вердидің «Дон Карлос», П.Чайковскийдің «Иоланта» операларынан нөмірлер ұсынып, Дж.Пуччинидің «Богема», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Ф.Чилеаның «Адриана Лекуврёр» операларынан арияларды нақышына келтіріп орындады. Өзбек композиторы, КСРО халық әртісі М.Ашрафийдің «Кашмирида» романсы, сондай-ақ Өзбек КСР халық әртісі, композитор С.Юдаковтың «Майсараның айласы» операсынан қойылған увертюра мен көріністер бағдарламаның ажарын одан әрі аша түсті.
Ғажайып гала-концертте бірегей балеттік қойылымдар да ұсынылды. Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель» спектакльдерінен нөмірлер, Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де көрсетілді. Әсіресе Ж.Бизе-Р.Щедриннің «Кармен сюита» балетінен вариациялар мен адажио, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің балкондағы көріністеріндегі әртістердің шеберлігі көрерменді сүйсіндірді. Сонымен бірге маэстро Денис Власенконың жетекшілігімен Үлкен театрдың симфониялық оркестрі бірқатар классикалық туындыны тыңдарманға тарту етті.