Бүгін жазушының сондай лепте жазылған «Кітап қалашығындағы оқиға» атты әңгімесін сөз етсек дейміз. Бұл шығармада ауылдан қалаға арман қуып келген жас жігіттің жан-дүниесіндегі сезім арпалыстары, бұлқыныстары, басынан өткен оқиғалары шынайы бейнеленген. Туындыға арқау болған бас кейіпкер – Жапардың болмысынан ауылдан қалаға кәсіп іздеп келген көптеген қазақ жастарының жиынтық бейнесін көресіз. Соның бірі өзіміз екені де анық. Бірақ оның басқалардан айырмашылығы бар. Ол – білімділігі. Көп оқиды. Көп біледі. Бейнелеп айтқанда, кітапты «нанша» жейді. Бір жағынан, оның бұл қасиетін маңайында жүргендер түсінбейді. «Оқу өтіп кеткен» деп сыртынан келеке етеді. Қай қоғамда да білімді адамның ортаға сыйып жүруі қиын ғой. Осы жағдайды Жапар да басынан кешеді. Өйткені ол өмірге, қоғамға басқаша қарайды.
Жазушы кейіпкерінің осы мінезін, артық бояу қоспай дәл суреттейді. Бір қызығы, ол қайда барса да лақап аты артынан бірге еріп жүреді. Әскерге барғанда махаббат лирикасына елтіген «дедтер» алақандарына салып «Есенин» деп дәріптесе, өзімен бірге қалада жұмыс істеп жүрген көше сыпырушылар «Оқыған азамат» деп атайды. Көше сыпырушылардың бәрі де қазақтың қыз-жігіттері. Жаңалыққа жаны құштар Жапардың жасы отыздың бел ортасынан асып бара жатса да әлі шаңырақ көтермеген. Қанша білімді болғанымен қызға деген аузының салымы жоқ.
Бірде ол қалалық газеттен «Кітап қалашығы ашылды» деген хабарды оқып, қуанып қалды. Ол қазақ әдебиетін ғана емес, орыс әдебиетін де бір адамдай жақсы біледі. Шетел жазушыларының қазақшаға аударылған шығармаларын түгел оқыған. Драйзер, Камю, Акутагаваны ұнатады. «Америка трагедиясын» қайталап сан рет оқыды. Дегенмен оның ойынша: «Аударма – әдебиет емес. Сырт кейіпкерлердің жүріс-тұрысын жаттап алғанмен бөтенденіп, біртүрлі сырдаң тартып тұрады» дейді.
Бір күні әдейілеп «Книжный городок» деп орысша жазылған жаңа кітап дүкеніне келеді. Есік алдында омырауына аты-жөні ілінген қазақ жігіттер орысша сәлемдеседі. «Мен сияқты қара қазаққа қазақша сәлемдессе қайтеді? Қой, ұлтжандылық мәселесі кейінгі орында. Мен кітап көрейін» деп, ішке енеді. Байқаса, шетел әдебиеті түгел осы жерге көшіп келген секілді. Шекспир де, Фолкнер де, өзі сүйіп оқыған Драйзер де осында. Орыс әдебиетінің классиктері де самсап тұр. Енді қазақ жазушыларының кітаптарын көрейін десе... Осы жердегі үзіндіге зер салыңыз: «Жапар көзі мойылдай қап-қара қыздың қасына келді. Жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Отыздан асты, қыз атаулыға беріле қоймаушы еді, езу тартқан күлкісі де көкірегін тыз еткізді.
– Қарындас, қазақ кітаптары қай жерде? – деп тура қарады.
– Бізде қазақ кітаптары жоқ. Болашақта болмаса... – деп қыз да күлімсіреп жауап берді.
– Болашақ дегеніңіз қашан? 2030-ға дейін бе? – Жапар ежелгі мақамына көшті.
– Не?!
Қыз түсінбей қалды да:
– Оны меңгерушіден сұраңыз, біз кішкентай адамбыз, – деп бұрынғы кейпін сақтап селт тұрды».
Бір қарағанда, осы қысқаша диалогте басы артық ешнәрсе жоқ секілді көрінеді. Жапарға сатушы қыз: «Бізде қазақ кітаптары жоқ...Болашақта болмаса» деп күлімсіреп жауап берді. Бар болғаны – осы. Бірақ осы бір көріністен бүгінгі өмірдің шындығын көресіз. Рухани астанада әспеттеп ашылған кітап қалашығында Абай атамыздан бастап, Мұхтар Әуезовтің, Мағжан Жұмабаевтың және басқа да қазақ жазушылары кітаптарының болмауы, шынында да қасірет. Бұған қалай күйінбейсіз?! Сонда біздің елдігіміз қайда? Жазушы кейіпкері арқылы нені меңзеді? Біз не түсіндік? Қысқасы, бұл әңгіме Жапар туралы ғана емес, кітап қалашығы туралы да ғана емес, қазіргі қоғамда бай мен кедейдің арасы алшақтап, «үлкен адамдар», «кішкентай адамдар» секілді ұғымдардың пайда болуын емеурінмен, тұспалмен баяндауымен құнды екенін бағамдайсыз.