Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әдетте, «Әдебиет – ардың ісі» деген қабдоловтық қағидаға қол қойсақ, Секең қазақтың хас өнері, ұлттық болмысының ұраншысы қара өлеңді «анам» деп қадірлеп, жүрек жайнамазына салып, ақиқат сәждесіне маңдайын тигізеді. Өлеңге тән ырғақ пен мазмұнның аражігінде ойдың тереңіне ұмтылғанда қара өлеңнен ақ өлеңге өтіп кететін жерлері болғандықтан, оқырманға сазында селкеулік бардай көрініп қалуы да мүмкін, бірақ осы жерде парасатты пассионар, пікірі жүрдек әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың: «Асылы ақынды жақсы түсіну үшін, ең алдымен, ақын жанын толғантқан, тебіренткен жайлар сенің де жаныңа жақын болуы керек пе дейміз. Онсыз жерде ақын шығармашылығының пафосын тап басу, өлеңдеріндегі идеялардың мән-маңызын терең түсіну оңайға соға қоймас…Ол – ақын өлеңдеріндегі азаматтық позиция айқындығы дер едік. Автор қандай тақырыпта қай тұрғыдан ой айтуға тырыссын, соның бәрінен ақынның азаматтық айқын позициясын, адамгершілік кредосын көрмеу, сезбеу мүмкін емес» деп Секеңнің серт сөзінің астар-тысын айқара жайып салыпты. Тегінде, адамгершілік ұстаным қай-қайсы ақынның да темірқазық тұғыры ғой, бұл тұрғыдан келгенде ақын ағамыздың алғаусыз сыры мен аршын мұңы үзеңгі қағысып, адамгершілік пайым алғы шепке шығып отырады.
«Адал тапқан табысқа,
Сөздің сұғы тимесін.
Тисе өзі алысқа,
Апара алмас күймесін.
Ажары асқан сұлуға,
Көздің сұғы тимесін.
Ем табылмас бұл уға,
Мәңгі сұғар инесін.
Оймауыт ой шешенге,
Көздің сұғы тимесін.
Соңы айналар кеселге,
Жаны босқа күйгесін.
Жайсаң жанды адалға,
Сөздің сұғы тимесін.
Басқан құтты қадамға,
Бәлекетті үймесін», деп жырлаған ақын өмір мен көңілдің өрімін жымдастырып, адалдық пен арамдықтың таразысы басындағы тағдырын пейіл парасатына жетелейді. Өлеңге ой керек, образ астасуы қажет деген теориялық байламдардың қарапайым қағидасы қарапайым көрінетін осынау шымыр шумақтарда шуақ шашып, ақындық алғаусыз ниеттің оң қабағын ашып, сол қабағын басып тұрады. Осы ретте ақынның: «Мен – халықпын, халық – Тәңір, білемін» деуінде қазақ поэзиясында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі арналар мен көркемдік сабақтастықтың тіні тамыр тартады. Бала болып ойнаған, болашағын ойлаған кейіпкердің монологі былайша өріліп келсе, бұл да ақынның халық алдындағы өз жауапкершілігі мен шымылдығын ашқан шындықтың ақын жүрегінде шымырлап бойға, шығандап ойға жайылуы болар:
«Үлкенге ғажап таңғалам,
Байлықтар көзін арбаған,
Жауыздық істеп танбаған,
Баянды іске бармаған,
Өзін де құртып жалмаған,
Дананың алдын болжаған,
Қайғысын тартып болмаған,
Көзіне көлгір дұшпанға,
Байланып елім сорлаған,
Жағымпазданып, жалбақтап,
Тілінде жаттың сайраған,
Қалайша мен де алданам,
Дініңді жойып арбаған,
Санаңды жайлап сарнаған,
Сілкінген жанды тентек деп,
Қарасын құртпай қоймаған,
Өзімнің байлық, бағыма,
Өзімді жегіп жалдаған,
Тозаққа қалай төзгенмін,
Албастыларға арбаған».
Бұл өлеңнің жазылу уақытын білмеймін, бірақ осы бір ақиқаттың ащы даусы қалың оқырманның назарын аударып, азат жылдардың арзуы секілді болып жаныңа ұялайды. Оқып отырсаң, бәрі рас, өзіміз де осынау отыз жылдық кезеңде көзіміз көріп, құлағымыз естіген, көңіл тезінде көкіректі ашытқан, көңіліңді жасытқан, ашуыңды тасытқан жағдайлар емес пе? Өз байлығымыз өзгенің қалтасында, өз бейнетіміз халқымыздың арқасында, қомағай мен қанағатсыздың қалқасында болып келген, әлі де дүдамәлі көп, шүбәлары жетерлік жағдайдың жағымсыз жарнамасы жон арқаңды мұздатады, жаныңды сыздатады.
Ақынның: «Қайран, менің қазағым» деген өлеңінің тұжырымы: «Бойға сіңіп, ойды алған, тауқымет қой бұл жалған, ештеңе де өнбейді, жалған айтқан сырғақтан, біткен кезде қазынаң, бірге бітер тілің де, содан кейін базынаң тайып түсер ырғақтан» деп ақиқатқа базына айтқан өлең жолын оқып отырғанда еліміздің алып өнеркәсіп орындарында болып жатқан неше түрлі қайғылы оқиға мен адам тағдыры арзандаған жағдайлар көңіліңе қаз-қатар келе қалып, осыны оқитын, төрде отырған оқырманның арасында жұртымызға жанашыр жан бар ма екен деп сарыуайымға салынып, сарсаң боласың. Әрине, ақынның үш томдық құнарлы жинағының ішінен мұң мен қайғының пернесін басқан жырларын теріп алып отырған жоқпыз, біз тек қазіргі уақыт жағдайындағы түйткіл мен түйінді елдің есіне салып отырмыз. Шахта жарылып, шыңырауда шаңды газ жұтқан бауырларымыздың құнын кімнен сұраймыз деп жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қараймыз.
«Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан Сейфолла Оспановтың үш томдығын парақтап қарап, адақтап оқығанда, негізінен ақынның өлеңдеріне барынша тоқталдық. Әйтпесе, осы жинақтардағы дастандар мен толғаулар, төрттағандар мен топтама термелер, жұмбақтар, балаларға арналған жанрлық бояуы сан алуан өлеңдер, аудармалар мен сүлейлік сүрлеуді жалғаған қайырымдар мен тәлімгерлік айырымдар, 599 ой бүршіктері, қанатты сөздердің қара өлеңге айналған қағидалары, әсіресе мыңдаған оқырманның көңіл зердесінде, жадының жазбасында қалған «Мың бір түннен» және шығыс шайырларынан аударған он екі мың (12 000) ғазалдар мен бәйіттер оның қаламгерлік қазынасынан мол хабар береді.
«Мың бір түн» атты мыңжылдық тарихы бар ұлық шығарманы қазақ қадым заманнан бері қазынадай малданып, түн баласы алданып, сыр айтқанда қамданып оқып келе жатыр. Бірақ соның ішіндегі ғазалдар мен бәйіттерді ана тілімізге кім жеткізді және қалай жеткізді деген оқырман сұрағы қойылған емес. Кезінде жазушы Қалмақан Әбдіқадыров аударған «Мың бір түн» мен қазақ сөзінің қара жорғасы Қалтай Мұқамеджанов аударған сегіз томдықтың ішіндегі, өлеңдер деп ала берейік, аударған ақынның жанкешті еңбегін біреу білер, біреу білмес, бірақ осы аудармаларға дендеп қарап, жөндеп көз салсақ, Шахаризада айтқан шырғалаң шындықтың өлең түріндегі демеуі мен кенеуі уақыт тынысына сай жаңа көркемдік деңгейден сөйлейді десек, артық айтқандық болмайды.
Ақынның осынау оқырман үшін қызықты да қажетті аудармаларын оқып отырып, оның қаламгер ретіндегі жан-жақтылығына назар аударамыз. Сейфолла Оспан – ақын, драматург, киноаудармашы, публицист, фельетоншы, очеркист, аудармашы, әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы, сарапшы, мұрағатшы, ең бастысы, адам баласына болсын деген ақ ниетті аға, ақылға жүгінген азамат. Сыр бойының сүлейлерінен келе жатқан ұлттық үрдісті азамат ретінде ұстап, ұстаз ретінде кейінгі толқынға жалғастыруда ағалық мінберден сөз ұзатып, қара сөзбен де жырлап, өлең сөзбен өріп келе жатқан ақындық ұстанымы және құрметке лайық. «Мың бір түннің» мақамын қазақы қағидаға сала отырып аударған туындылары өз алдына әңгіме жасауға сұранып тұр. Ақынның шығармаларын оқырман көзімен қарағанда оның поэтикасы алыс жолдан коңырауы күмбір қағып, асықпай келе жатқан күймелі керуеннің жүгі бар жолаушысының жүрісінен де хабар береді.
Ақынның үш томдық жыр жинағын оқу барысында оның туындылары туралы жазған көрнекті ақындардың пікірлері мен әдеби пайымдары назар аудартады. Оның бәрінің сөз ләмі ақынның азаматтық лирикасының уақыт тынысына сай түзілуі мен заман болмыс-бітімін бедерлеудегі ақындық табысынан хабардар етеді. Жалпы, қалыптасқан бір қағида бар, қай ақынды да өз замандастарының мойындай қабылдауы. Бұл тұрғыдан келгенде ақындар ағасы атанған Әбділдә Тәжібаевтың, қыңыр тартпаса көңілі көншімейтін, тұлпар талант Өтежан Нұрғалиевтің, аз жазса да саз жазатын, көңіл күй лирикасының көкмойнақ шебері Қуандық Шаңғытбаевтың Сейфолла Оспанның ақындық қолтаңбасы туралы жазғандарын әдеби сараптамалық көзбен қарағанда, Секеңнің ақындық болмысының ракурстарын дәл анықтап, деректеп баяндайды.
Ақын қайраткерлігі деп айтып қалдық, бұл жай ғана қошемет сөз емес, Секең сексенінші жылдардың басынан бастап күні бүгінге дейін уақыт, заман, қоғам тынысының әлеуметтік, руханияттық, сындарлық, сыншылдық бағыттары мен қоғам дамуының қым-қуыт кезеңдері туралы, өз тұстастары мен жас толқынның әдеби-мәдени қолтаңбалары, мәдениет майданындағы мазасыз мәселелер, жастар бойындағы жағымсыз әрекеттер мен жан дүние құбылысындағы жарқын жақсылықтар жайында үзбестен жазып, үлгі көрсетумен келеді.
Сейфолла ағамыздың бірнеше көкейкесті мақалаларын кезінде өзіміз де жастар газеті – «Лениншіл жаста» жариялап, оларда айтылған ойлар мен пікірлерді, ұсыныс-тілектерді жадымызда тоқып, ойға батып оқып, қаламгерлік белсенділігі мен ұлттық ұстанымдағы көзқарасына әбден тәнті болғанбыз. Өтпелі кезеңдерде, тарихтың толқынды тоғыстары мен алқынды ағыстарында қаламгердің өз жұртының алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, ұлт тағдырының ұрымтал тұстарын тереңнен толғап сөз еткен, таныммен талдап өзектес еткен, бірде қара сөзбен толғаған, бірде қара өлеңмен қозғаған жазбалары қашанда уақытқа қызмет етеді. Осы тұрғыдан келгенде ақындық әлемі азаматтық әлеммен қабысқан, ойлары мен пікірлері жұрт көкейімен табысқан, сыни сөзбен қағысқан, кейде фельетон болып ащы сөзге барысқан жағдайларында Секең қаламы суымайтын қаламгерлер қатарында қалғымастан келе жатты. Ақындықтың қуаты әр жанрда танылған, әр тақырыпта жазылған бұл кезең Сейфолла Оспанның туындыгерлік тағдырында қазақ жүрегіне жол тартқан қара жол болып сайрап жатты.
«Ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым», дейді телегей Төлеген. Бұдан асырып айтамын деп дауыс көтермесек те, ерте сөнген, аққан жұлдыздай Айбергеновтің ақындық кредосы барлық ақынға берілген ұлттық құжат сияқты қабылданады. Сексен бес жылдық ғұмырында қиындық көрмеді, қағанағы қарық, сағанағы сарық болды деп Секең туралы айта алмаймыз. Әр ақынның тағдырындағы қиыншылықтар мен күрделі кезеңдер оның жан жүрегінен жыр болып жарып шығады, сыр болып ағып шығады. Бұған ақын Сейфолла Оспанның үш томдық жыр жинағын оқып отырғанда анық көзіңіз жетіп, көңіліңіз құбылады. Бірақ оның өлеңдерінің ішкі қуатындағы шуақ пен жігер ақынды мұңшыл емес, сыршыл етіп, шыншыл етіп көрсетеді.
Ақындар ағасы атанған, «ашулы Грозный патшадайын» деп мұзбалақ Мұқағалидың жан дүниесін тебіренткен, Сыр елінің топырағында туып, Секеңе жерлес аға, жүректес пейіл болған Әбділдә Тәжібаевтың ақын туралы тұжырымды түйінін сөз қайырмасына салып, назарға берсек: «Өзі де, өлеңі де қарапайым, «түрім осы, қарапайым тұлғам бар, әдетім жоқ өп-өтірік қылмаңдар, кейде бірақ өз-өзіме сыймаймын, өтінемін, жамандыққа бұрмаңдар», дейді. Жазарыңыз таусылмасын, жақсы аға, жырларыңыз халқыңыздың жүрегін тербей берсін.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты