Алматыдағы шетелдік және отандық әріптестеріміздің дидарласуы Медеу мен Шымбұлақтан басталды. Бір жағынан «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ туризмді насихаттауға да ұмтылып жүргенін атап өткен жөн.
Қазақстанның барлық облыс, ауданымен бірге, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Белгия, Ұлыбритания, Нидерландтан түркітілдес БАҚ басшылары мен өкілдері бас қосқан форумда «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы: «Медиа форумының атауын «Turktime: Түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» деп атауымыздың себебі бар. 2023 жылы Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Қазақстан ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «Түркі дәуірі!», яғни «Turktime!» ұранымен өтеді», деп мәлімдеді. Осы орайда «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілді. Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуға тиіс. Себебі кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері», деді.
Үш күнге ұласқан форумда соғыстар, пандемия сарқыншақтары, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақпараттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы талқыға түсті.
– Медиа форумда түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдерді шешудің жолдарын қарастыра отырып, ортақ жобалар жасау жөнінде кеңестік. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау. Өкінішке қарай, 70 жылға жуық үстемдік құрған кеңес одағы бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз, – дейді Назия Жоямергенқызы.
Форумда Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.
Ал «Кәсіби этика. Құқық және ақпараттық қауіпсіздік» отырысының тізгінін «Alatau-aqparat» медиа холдингінің бас директоры Ержан Төлек қолға алып, түркиялық журналист Ахмет Түзүн «Журналистикадағы этикалық қағидалар және тәжірибедегі кедергілер», «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы «Медиа этика», Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи»-«Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Османов «Журналистік әдеп және әлеуметтік жауапкершілік» тақырыптарында ой қозғады.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директордың орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш модераторлық еткен «Контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар» отырысы да оқшау ойларды ортаға салды.
Белгиялық журналист, brukseltruk.be сайтының иесі Юсуф Джинал журналистика шекараға бағынбайтындығын айта келе: «Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар – ақпарат тасымалдаушылар да еді. Біз журналистер – ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етемін. Мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі түркі мемлекеттері үшін түрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте, ол үшін күш біріктіруіміз қажет», дейді.
Белгиялық әріптесіміз Түркі мемлекеттері БАҚ-тарында жұмыла жұмыс істеуге мүмкіндік мол деп есептейді.
«Бүкіл әлемдегі жақұт нарығын дамытқан елдің бірін Белгия құрып отыр. Жақұтты өңдеу өте қиын, жауапкершілікті талап етеді. Сол үшін мамандарды Үндістанда оқытып, тәжірибе жинатты. Бүгінде ең мықты мамандар сол елде. Журналистер үшін біз де солай жасай аламыз. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай аламыз. Алдағы уақытта «Түркітілдес журналистер қорымен» бірлесіп, Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек – Қазақстанда», деді Юсуф Джинал.
«Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» атты семинар-тренингте еліміздің әр түкпірінен келген БАҚ өкілдері белгілі психолог Жания Бейсенованың «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбындағы пайымдарымен танысты.
АЛМАТЫ