Қоғам • 05 Желтоқсан, 2023

Заманауи суретшілердің картиналары қанша тұрады?

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқылатын кітап, оқылмайтын кітап дегендей, салған суреттері сатылатын, өнері мойындалған, өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан небір қылқалам шеберлері бар. Ендеше олардың еңбегі қалай бағаланады, деген сауалдың жауабын Алматыда алғаш рет өткен «ALA ART FAIR 2023» заманауи өнер жәрмеңкесінен таптық.

Заманауи суретшілердің картиналары қанша тұрады?

Алдағы 10 желтоқсанға дейін созылатын, Jusan vibe кеңістігінде өтіп жатқан жәрмеңкеде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 10 галерея біріктіріліп, өз қабырғаларына 30-ға жуық заманауи суретшілердің жұмыстарын қойды.

Ақиқатына келгенде өнер иесіне өз жұмыстарын сату оңай емес, абзалы оның саудасын арт-галереяларға беру.

Сонымен Алматыда бірінші рет өткен суретшілер жәрмеңкесіне Pygmalion Gallery (Қазақстан), Hlmrdv Gallery (Өзбекстан), Occupy Steppe (Қазақстан), Artmeken Gallery (Қазақстан), BonArt (Қазақстан), Museum of Feminist Art (Қырғызстан), Алтын ғасыр (Қазақстан), Dump Gallery (Қазақстан), Zhaukhar Art Gallery (Қазақстан), Iligeri (Қырғызстан) галереялары өз суретшілерін шығарды.

Жергілікті арт-нарықта кәсіби жәрмеңкенің пайда болуықазіргі заманғы өнер нарығының қалыптасуы мен дамуының маңызды нышаны ғана емес, арт-туризм үшін де тартымды оқиға десек болады. Өйткені Орталық Азия өнері бүгінде әлемдегі жетекші институттарды, галереялар мен коллекционерлерді қызықтырып отыр. Тек 2023 жылы Қазақстанның коммерциялық галереялары VOLTA Basel (Швейцария), Art Dubai (БАӘ), Contemporary Istanbul (Түркия), Asia Now (Франция), Bazaar Berlin (Германия) сынды бірнеше ірі халықаралық жәрмеңкеге қатысты.

«Жәрмеңкемізді Орталық Азия деп атаған себебіміз, бұл біздің ортақ жетекшілік шешіміміз, өйткені өз елдерімізді өнер арқылы біріктіргіміз келеді. Біз үшін бұл классикалық мағынада кәсіби жәрмеңке болуы маңызды болды әрі оны іске асыра алдық. Алғаш рет Қазақстан мен Орталық Азия галереяларын жинауға қол жеткіздік. Бішкек пен Ташкенттегі галереяларды табу қиынырақ болғаны рас, дегенмен нарық пен арт-сахна Қазақстандағыдан сәл аз», дейді ALA ART FAIR 2023 жетекшісі Оля Веселова.

ALA ART FAIR аймақтық өнер сарапшылары мен коллекционерлерін ғана емес, халықаралық кураторларды, галереялар мен журналистерді де жинады. Жергілікті жәрмеңкенің ашылуы үнемі жаңа атаулар мен жаңа өнер тәжірибелерін іздейтін өнер дилерлерін қызықтырады.

«Бүгінгі іс-шара біз үшін өте маңызды оқиға. Қазіргі заманғы өнердің дамуы және туризм бұл бір-бірімен тығыз байланысты. Биыл суретшілерімізді әртүрлі халықаралық көрмелерге шығара алғанымызды үлкен жетістік деп санаймын. Бүгін ALA ART FAIR-де біз Сontemporary Istanbul және Asia Now жәрмеңкелерінде кездескен қонақтармен қауышсақ, олар да Қазақстанның өнері, мәдениетімен танысады»,  дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ креативті туризм департаментінің директоры Ирина Харитонова.

Қорыта айтқанда, 4 желтоқсанда халықаралық жәрмеңке Орталық Азияның арт-нарығы туралы кәсіби арт-конференцияға ұласты. Кәсіби мамандар «Орталық Азиядағы Арт-нарық: қазіргі жағдайы және даму келешегі», «Өсу келешегі: халықаралық өнер нарығына қалай шығуға болады», «Қазіргі заманғы өнер, туризмді дамыту факторы»тақырыптарында пікір алмасты.

Ал заманауи талантты суретшілердің картиналары 70$ бастап 7000-8000$ дейін бағаланды. Талай жұмыс әлеуетті сурет жинаушылардың қызығушылығын туғызды.