Сонымен Алматыда былтырмен салыстырғанда діңгегі шіріген ағаштардың құлауы 4 есе азайды. Мәселен, өткен жылы 200-ден аса ағаш пен бұтақтың құлағаны тіркелсе, биыл жыл басынан бері 54 келеңсіз оқиға болған. Дегенмен Алматыда жасыл желектерді инвентаризациялау ісі әлі де 84 мыңнан аса қураған ағаш бар екенін көрсетіп отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі қаусаған ағаштарды кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл ретте бір ағаш кесілсе, орнына ондаған жас көшет отырғызылады.
Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы биылға жоспарланған 16 мың ағаштың орнына 13 мыңнан аса ағашты кесіп тастады. Кесілген ағаштардың орнына 170 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Ағаштарды кесер алдында алдымен бұл іске Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен экобелсенділер араласады. Оның үстіне биылғы күздің күн райы осы шаруаны тиімді атқаруға біраз септесті.
«Көшеттерді күзде отырғызу тиімді, оларды күйзелістен сақтайды. Қыстан шыққан өсімдіктер бірден тамыр жайып, бүр жара бастайды. Осы кезеңде көшеттерді қайта отырғызу айтарлықтай қолайсыз. Әсіресе қалада көшеттерді жаппай отырғызу барысында күздің қолайлы күндерін пайдаланып қалмаса, көпшілігі көктемей қалуы да мүмкін», дейді Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы (АОК) кеңесінің хатшысы, Almaty Garden Show бас дизайнері Бибігүл Датқабаева.
Ландшафтық дизайнер Алматыда ағаштардың көптеген түрі күзгі отырғызуға жарамды екенін атаса, көгалдандырушылар да Алматының климаттық жағдайына ыңғайлы көшеттерді егіп жатыр.
«Қазір көгалдандырушылар қарағаш, емен, үйеңкі, шаған, терек, катальпа, қайың, акация, шырша мен жеміс ағаштарынан алма, шие, алмұрт, өрік отырғызып жатыр. Бұлар қалалық ортаға, қысқа төзімді, күй талғамайды. Шаһардың тарихи жасыл желегін жайқалтқан осы ағаштар оңтүстік астананы көгалдандыруда бұрыннан қолданылып келеді. Сондықтан меніңше, жаңа көшеттер жасыл қорды толықтырумен қатар, қаланың қалыптасқан көгалдандыру стилін өзгертпей, үйлесімді етеді», дейді Б.Датқабаева.
Жалпы, 2023 жылы Алматыда 320 мың жасыл желек отырғызылады, оның 22 мыңы көктемде егіледі деп жоспарланса, жыл соңына дейін барлығы 298 мың ағаш егілді.
Тағы бір тоқтала кететін мәселе, ағаштар жайқалып өсуі үшін тиісті күтім мен су қажет, әйтпесе, талай адамның еңбегі мен орасан бюджет қаражаты зая кететіні белгілі. Сондықтан бүгінде көшет егілетін орындарға автоматты суару жүйесі орнатылған. Бұған қоса 2023 жылы қабылданған жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидасына сәйкес жеткізушілер 3 жылға дейінгі ағаштарды күтіп-баптауға міндетті.
«Көгалдандырушылар жасыл қорды қалпына келтіруге барын салып жатыр. Маусымнан бастап қазан айына дейін қураған және апатты жағдайдағы ағаштарды кесу жұмыстары жақсы ұйымдастырылды. Биыл біз өте көп қураған ағашты кесіп үлгердік», дейді Алматы қаласының Алмалы аудандық жасыл комиссия басшысы Омар Нұрхайдаров.
Сарапшылар күзгі отырғызуға шаған ағашына артықшылық берілетінін айтады, өйткені ол салыстырмалы түрде күй талғамайды, сирек ауырады.
«Байқасаңыз, емен, талшын мен қарағаш көбінесе зиянкестерден зардап шегеді. Шаған ағашында әзірге мұндай зиянкес жоқ, бұл ағаштар тамырланып, жақсы өседі. Мамығы шашылатындықтан қала тұрғындары терек егуге қарсы, бірақ биыл біз мамық бермейтін аталық терек отырғыздық. Олар қала климатына тез бейімделіп, жайқала келе, ауаны тазартатын сүзгі қызметін атқарады», дейді мамандар.
АЛМАТЫ