XX ғасырда қазақ зиялылары көтерген әйел теңдігі мәселесі қоғамға өрт тастағандай талқы туғызды. Қараңғы сана мен дүмше молдалар кесірінен әйел-аналар дәрменсіз, дәрежесі төмен, бақырға айырбастар мүлік іспетті деңгейге түсіп, жеке құқықтары аяққа тапталды. Әдебиетіміздегі «Қалың мал», «Бақытсыз Жамал», «Шұғаның белгісі», «Ақбілек» сынды шығармаларда кеңінен жазылған қордалы мәселе сәулелі ұрпақтың ілгері жылжуына кері әсер етті. Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» – деп Алаш баласына жар салды.
Суретші Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» суреті көркемөнер саласындағы ең озық туындының қатарында. Кейбір деректерде 1503-1505 жылдары салынғаны туралы деректер айтылғанымен, еңбектің нақты туған жылы белгісіз. Суретте флоренциялық мата сатушы Франческо дель Джокондоның әйелі Лиза Герардинидің бейнесі салынған деген жорамал бар. Осы уақытқа дейін айтылған «Мона Лиза» туралы пікірлер мен тұспал-жорамалдар, сыни көзқарас пен таңданысты толғамдар жетерлік. «Мона Лизаның» жұмбақ бейнесі көрерменге ой салып, өнер иелерін шабыттандырып келеді. Романтик-жазушы Теофиль Готье туындының басты «архимедтік тетігі» суретшінің Джоконданың жұмбақ күлкісін ойлап табуында деп түсіндіреді. Вазари әйел күлкісін жай ғана сүйкімді деп атап өтсе, Готье суреттің басты құндылығын, жүректі шымшып, ғашық етпей қоймайтын артықшылығын сиқырлы күлкіден табады. Иә, жалғыз «Мона Лиза» емес, Ян Вермеердің «Жауһар сырғалы қызы», Франсуа Бушенің «Мадам де Помпадур» сынды туындылар әлемдік өнер сахнасында жоғары маңызға ие.
Егер әйел психологиясын зерттеу жобасы құрылып, жүз том еңбек жазылса да, әйел жанының коллажын толық жасай алмас еді. «Барлық өнердің бастауы – әйел». Кез келген ұлы тұлғаның соңында қажырлы әйел тұрғанын көреміз. Орыс әдебиетінің классигі Федор Достоевский философиялық иірімге бай «Ағайынды Карамазовтарын» сүйікті әйеліне арнағаны мәлім. Әдебиет зерттеушілері Анна Григорьевна Достоевскийдің бұл туындыны жазуына аса көп ықпал еткенін айтады. Лев Толстой Анна ханыммен бір-екі рет жолығып, аз-маз сөйлескеннен соң: «Көп орыс жазушыларының Достоевскийдің әйелі секілді әйелі болса, олар өздерін одан да мықты сезінер еді», деген екен. Ал Анна Григорьевна Лев Толстойдың әйелі Софья Андреевнаға 1910 жылдың 7 қарашасында жолдаған хатында: «Егер сіздің қадірлі еріңізге 83 жасқа дейін өмір сүру бұйырса, онда бұл үшін күллі Ресей сізге қарыздар... Сіздің оған деген қалтқысыз қамқорлығыңыз бен ыстық махаббатыңыз үшін» деп жазады.
Поэзияда арулар, әйелдер орны орасан. Махаббат, іңкәрлік, сүйіспеншілік негізінде тұрған әйелдер қауымы хақында қалам тартпаған ақын жоқ.
«Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай».
Мұқағали Мақатаевтың өлеңінде әйел бейнесінің шұңғыма қырлары ашылады. Назды еркелігі, ақкербез қылығы, бұлғындай бұлқынған ажары көңілге енеді.
Әйгілі Бетховеннің «Элизаға» атты туындысы қанша уақыттан бері музыка өнерінің алтын жауһары болып келеді. Жаһандық музыкалық мектептердің әрбірінің кестесіне енген сирек еңбектің тууына пианист, Бетховеннің өз шәкірті Терезе Малфатти фон Роренбах цу Децца себеп болған деседі. Композитор шәкіртіне көңілі құлап сөз салғанымен, қыздың қарсылығына тап болады. Сәтсіз махаббат салдарынан аталған туынды дүниеге келген. Ал 2009 жылы жасалған берлиндік музыка зерттеушілерінің жорамалы бойынша композитордың бұл еңбегі жақын досының қарындасы Элизабет Рекельге арналған. Сонымен қатар канадалық музыкатанушы Рита Стеблиннің пікірінше, «Элизаға» туындысы Элиза Баренсфельдке тарту етілген. Қалай десек те, данышпан Бетховеннің өлмес туындысы сезімтал жүректердің нәзік ұлпасын оятып, кеудеге ізгілік пен мейірім тасқынын құйып келеді.
Әйел бейнесі – өнердің қайнар бұлағы, қозғаушы тетігі. Бұған дейін туған іргелі еңбектер легі әр ғасырда өмірге келген жаңа ұрпақтың бағасын алып, сан түрлі көзқарас жиынымен түрлене бермек.