Алматы • 14 Желтоқсан, 2023

Алматыдағы ақын кеші

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы­ның орынбасары, көрнекті ақын, белгілі ғалым Бауыржан Жақып­тың «Күлімсіреп аспан тұр» атты әдеби сазды кеші өтті. Жырға құмар жүректерді М.Әуезов атындағы «әкемтеатрға» жинаған жып-жылы жүздесуде сыршыл ақынның поэзия әлеміне саяхат жасадық.

Алматыдағы ақын кеші

Бауыржан Жақыптың есімі өлең өлкесінде өзіне тән өрнегі бар ақын, ғылым жолында іргелі ізденістерге барған ғалым, жур­на­листердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ре­тін­де көпшілікке жақсы таныс. Асқаралы алпыс жасқа үлкен шы­ғармашылық табыспен жеткен оның отты жыры оқырманның сырласына айналғанын мазмұнды іс-шараға жиналған зиялы қауым тебірене жеткізді.

Кеш шымылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтау хатымен ашылып, Президенттің ізгі лебізін рухани іс-шараны тізгіндеген Мамай Ахе­тов оқып берді. Онда «Оқырман қауым өзіңізді қазақ поэзиясын дамытуға елеулі үлес қосқан көр­некті ақын, қарымды қаламгер ретінде құрметтейді. Сіз ұзақ жыл бойы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде ең­бек етіп, көптеген шәкірт тәр­бие­ледіңіз. «Қазақ энцикло­пе­диясын» басқарып, төл шежі­ре­мізді таңбалау ісіне зор еңбек сіңір­діңіз. Сіздің көркемдік қуа­­ты мол шығармаларыңыз жұрт­­шылықтың жүрегіне жол та­уып­, лайықты бағасын алды. Туын­­дыларыңыз өзге тілдерге ауда­ры­лып, қазақ әдебиетін дәріп­теуге үлес қосып келесіз. Төл мә­де­ниетімізді өркендету жо­лын­дағы еселі еңбегіңіз үшін шы­найы ризашылығымды біл­ді­ремін. Алдағы уақытта да оқыр­ман­дарыңызды жауһар жырла­ры­ңызбен қуанта бересіз деп сене­мін», делінген хатта.

Кеш қонақтары шығарма­шы­лық галереясы нәзік сезімдер­мен иірім тапқан Бауыржан ақын­ның лирикалық орамдарына тебірене толқып, шайырдың сөзіне жазылған сұлу саздармен бірге тербелді. Туған өлке мұ­ңын суреттеген «Жан дауасы» поэ­масы негізінде әзірленген қо­йы­лым Семей полигонының қазақ баласы мен қазақ даласына тигізген қасіретін шерлене жеткізді. Ал ақын­ның «Домбыра» және «Ұр­шық» өлеңдеріне құрылған лири­калық композиция ұлттық құнды­лық­тарымыздың кие-құтын кө­ңілге құйып берді.

Қаламдас інілерінің әдебиет пен публицистикадағы айбынды адымы туралы ақтарыла айт­қан Мемлекеттік сыйлықтың иегер­лері Темірхан Медетбек пен Иран­бек Оразбаев жырдан ша­шу шашса, Ұлықбек Есдәулет ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының бас хатшысы Сұлтан Раев­тың кеш иесіне жолдаған құт­тықтау хатын жеткізді. Ханбибі Есен­қара, Қатира Жаленова, Абзал Бөкен, Болат Шарақымбай, Наға­шыбек Қапалбекұлы қатарлы ақын-жазушылар кеш иесінің шы­ғармашылығы хақында жақсы сөз айтып, азаматтық келбетін жырмен кестеледі.

– Бауыржан қазақ әдебиетіне ерте бастан етене араласқан, талантымен жастай танылған дарынды ақындардың санатында. Сонау 80-жылдарда жарық көріп, жұртты елең еткізген «Ұршық» деген тырнақалды өлеңінен бастап, ұлттық рухқа суарылған кесек-кесек жырлары Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Төлеужандай ұлылар мен классиктер туған топырақ­тан ­поэ­зияға маңдайы жарқыра­ған ­ұр­пақ келгенін айғақтады. Бауыржан ақын үнемі жырдан-жырға, кітап­тан-кітапқа өсумен болғанын ­ба­ғамдаймыз, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Рухани кеште Шәміл Әбіл­тай, Баян Сағымбаева, Сәуле Жан­­пейісова, Қадырғали Көбен­тай, Әділет Мұса, «Серілер» то­бы, Гүлмира Сарина сынды өнер саңлақтары ақын шығарма­шы­лығынан сыр шертті. Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы бо­луы­мен өткен кеште Бауыржан Жақып­қа Халықаралық «Жамбыл қорының» алтын медалі табыс­талды.

 

АЛМАТЫ