Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жүйрік уақыт тұсауға көне ме, әне-міне дегенше 32 жыл дегеніңіз 32 шақырымдай артта қалыпты. Өркениетті елдердің көшіне ілесіп, өкше басып келеміз. Ғылым-білім, технология, цифрландырумен қатар медицина саласының өркендеуіне көбірек көңіл бөлінді. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген балалар бүгінде сан салада абыройлы еңбек етіп жүр. Буын алмасу жүріп жатыр. Кейінгі 5 жылда елде бала туу көрсеткіші жоғарылағаны байқалады. Мысалы, 2020 жылы 426 мың сәби дүниеге келсе, 2021 жылы 446 мың бала, былтыр 403, 9 мың нәресте өмір есігін ашқан. Иә, елді әбігерге салған коронавирус пандемиясын да ұмыта қойған жоқпыз. Ал енді статистикаға назар аударсақ, карантин тұсында дүниеге келген бала көп екен.
Бүгінде неонаталдық хирургияның даму нәтижесінде туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құраған. Бұл дегеніңіз – жыл сайын туа біткен ақаулары бар 1 500 нәресте хирургиялық ем алады деген сөз. Тағы бір айта кететін жайт, Орталық Азияда сәби туғаннан бастап кардиохирургиялық операция жүргізетін бірден-бір ел екенбіз. Ресми деректерге көз жүгіртсек, 2022 жылы туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1 800-ден аса ашық операция жасалса, оның 75%-ы – жасқа толмаған сәбилер. Елде ана мен баланың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Тіпті Президент тапсырмасымен ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ана өлімі 11,4%-ға төмендесе, 1 айға дейінгі сәбилердің шетінеуі 11,9%-ға кеміген. 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі 2%-ға дейін азайыпты. Сондай-ақ түрлі аурулар мен жарақаттан болатын өлім-жітім едәуір қысқарып, нәтижесінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асқан. Ана мен бала денсаулығы – Денсаулық сақтау министрлігі аса көңіл бөліп отырған бағыт. Содан болар, салада бағдарламалар қабылданып, көптен салынбаған перинаталдық орталықтар бой көтеріп жатыр. Мамандарды оқыту, даярлау жағы пысықталып, скрининг, емшара, дәрі-дәрмектің небір түрі енгізіліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен екі жылдан бері іске асып келе жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасынан хабардар боларсыздар. Бұл бағдарлама көптеген шаңыраққа бала сүю бақытын сыйлады. Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 есе (7 мыңға) ұлғайған. Негізі ЭКҰ әдісі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. Осыған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 квота бөлініп келгенін ескерсек, 7 жылға татитын квотаға көптеген отбасы бір-ақ жылда жетіп отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен жылына 6 млрд теңгеден аса қаржы бөлінетінін де атап өткеніміз жөн шығар. 2021-2023 жылдары «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 20 мыңнан аса пациентке ЭКҰ жасалған. Бұл қатарда 8 мыңнан аса жүкті әйел есепке алынса, 6 мыңнан аса бала дүниеге келген. Бұл шақалақтардың арасында егіз, үшемдер бар. Сонымен аталған бағдарламаның көмегімен елімізде ұзын-саны 6 мыңдай отбасы сәбилі болыпты.
Саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғалидың айтуынша, ел аумағында демографиялық өзгерістер кеңес өкіметі тұсында құбылған. Оған, әрине, әлеуметтік жағдайдан бұрын, саяси реформалар әсер еткен секілді.
«1960 жылдардың бас кезінде қазақ қайта бас көтере бастағандай болды. Ал бұрындары қазақ отбасында үйдегі нәресте арғы дүниеге аттанғанда, шешесі ғана ыңырсып жылайды екен. Сұмдық қой, бала өлімі жиі тіркелген. 1959-1961 жылдары ел аумағында медицина өркендеп, нәрестелердің шетінеуі азайды. Қазақ әйелдері 6-7 баладан туған. Бұған аштық, репрессия, соғыс көрген ұлттың санасындағы «санымыз азайып барады» деген түпсанадағы күдік те әсер етсе керек. Көпшілігіңіз білмейтін шығарсыздар, сол бір жылдары қазақтар бала туу көрсеткіші бойынша әлемдік рекордқа таяған. Одан кейінгі жылдары туу көрсеткіші азайды. Биыл халық саны 20 миллионнан асты. Жылдық табиғи өсім 268 мыңға жетті. Халықтың шамамен 60%-ы қалада тұрады екен. Оның ішінде 71%-ы, яғни 14 миллионы – қазақтар. Жұртшылықтың 73%-ы қазақша түсінеді. 1991-2018 жылдар аралығында 300 мың қазақ отбасы елге қоныс аударып, 1 млн 39 мың адам қандас мәртебесін алған. Олардың 61%-ы Өзбекстаннан келсе, Қытай, Моңғолиядан атмекенге оралған қандастардың саны да аз болмады. Бір қызығы, Ресейден келгендер аз. Егемендікке дейін де ел аумағына қоныс аударған қазақтар болды. Сол тұстан орыс халқы Ресейге көшіп жатты. Мұның барлығы бірден бола қойған емес, уақыт сәтімен келген демографиялық өзгерістер», дейді Ә.Ғали.
1991 жылдан биылғы қарашаға дейінгі аралықты есепке алғанда, елде 10 824 655 сәби дүниеге келген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі туу көрсеткіші мен қазіргі өзгерістерді салыстыруға келмейтін сияқты. Мысалы, 2000 жылдан бастап 2006 жылға дейінгі аралықта елімізде орта есеппен жыл сайын 200 мыңнан 300 мыңға дейін бала дүниеге келген. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 400 мыңға шамалайды. Тағы бірнеше жылда 500 мыңды бағындырсақ, қанеки? Әрине, елдегі туу көрсеткішіне, демографиялық өсімге мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалы да айтарлықтай әсер етеді. Мұны жоғарыдағы статистикалардан аңғару қиын емес. Келер жылы да сан салада ана мен балаға қорған боларлық жобалар күтіп тұр. Игі бастамалардың сәтті іске асарына біз де тілекшіміз.