Тәуелсіздік • 16 Желтоқсан, 2023

Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының ұлы ерлігі

1928 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында бодандық бұғауын бұзып, бостандық тілеп бұлқынған қазақ жастарының жүрегінде халқының арман-аңсары қайнап жатқан еді. «Желтоқсан көтерілісінің жаңа тарихымызда қандай орны бар?» деген сауалға жауап іздегенде, сол ақиқатты әділ таразылаған шығарма іздейтініміз анық. Осы жайында «Алматы. 1986 Желтоқсан», «Желтоқсан көтерілісі» айғақ-кітаптарының құрастырушы-авторы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлымен әңгімелескен едік.

Желтоқсан көтерілісі –  қазақ жастарының ұлы ерлігі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

– Талғат аға, Тәуелсіздік кү­нін қалай атап өтіп жүрсіз?

– Ашығын айтсам, ел секілді. Біз – екі жүйені көрген ұрпақпыз. Со­циалистік заманда кеңес өкіме­тінің құрылған күнін қалай той­лағанды көрдік, тамашаладық. Бү­гінгі жүйеде ол күнді 16 жел­тоқсан ал­мастырды. Бірақ бұл ше­шім мені әлі күнге дейін ойландырады. Олай деуіме себеп, 1986 жылғы қазақ жастарының КОКП Ор­талық комитетінің жо­ғарыдан жүр­гізген өктем, әкім­шіл-әмір­шіл саясатына қарсы қазақ жас­тарының қақтығысқа, соңы аяусыз басып-жаншуға ұласқан бейбіт наразылығы және осыған заңдық баға берілмеуі. Тәуелсіздік алған күн басқа мемлекеттерде қай дәрежеде аталып өтетінін кө­ріп, біліп жүрміз. Ал біз де күл­білтелемей ақиқатын айтар болсақ, емен-жарқын көшеге шығып мәз болатын, масайрап шаттық әнін шырқайтын айрықша атаулы күн болудан әлдеқашан қалды.

– Енді бүгінгі қоғамның саналы бір өкілі ретінде не істеу керек деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік – саяси мәні зор ерекше ұғым. Үш жүз жылдай Ресей патша өкіметінің боданы, одан кейін ұлтымызды өрге сүйреп, мемлекетіміздің туын жел­бірететін арыстарымыздың бәрін қынадай қырып тастап, тұқыртып ұстаған тоталитарлық жүйеден ірге бөліп шыққан қуа­нышымызды қастерлей бі­лу­ге тиіспіз. Сон­дықтан айтулы, атау­лы күнді қа­занның 25-іне – Республика күніне ауыстырған жөн-ақ. Сонда айрықша атап өтетін екі оқиғаны бірге үйлес­тірсек, кім бізге бірдеңе дейді?.. Оның үстіне мезгілі күннің қа­қаған суық кезі емес, күздің қо­ңыржай, шуақты шағына дөп келеді. Күлсек те, жөндеп күліп, жаздай жайнап жүреміз.

– Сіз аз таралыммен «Ал­ма­ты. 1986 Желтоқсан» айғақ-кітап­тарының 16 томын елге ұсын­дыңыз. Ол кітап­тардың ал­ғашқы төрт томы Мәдениет және ақпарат министр­­лігінің «Әде­биеттің әлеу­­меттік маңыз­ды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Жел­тоқсан көте­рілісі» деген атаумен жа­рық көрді. Білуімізше, айғақ-кі­тап­тарыңыз әрі қарай жал­ғаса беретін сыңайлы.

– Иә, дәл солай. 1991 жылы қолға алып, жұқа мұқабамен шы­ғара бастаған кезімізде, өзі де Желтоқсанның қуғын-сүргінін бастан кешіп, шетқақпай көріп жүрген Ақселеу Сейдімбек аға «Талғат, бұл 1916 жылдың қа­сіреті емес, күні кеше ғана болған тарихи оқиға. Сен ақыры қолға алған екенсің, жүз том болса да шығарсаңшы», деп еді. Расында, алаңда қазағымыз деп намыс туын желбіреткен, сол үшін қудалауға түсіп ұсталған, сотталған, жұмыс­тан аластатылып, тіпті тұрақ ме­кенінен де қуылған адам өте көп. Арасында ажал құш­қандары да бар. Өмір бойы мү­ге­дек болып қалғандары қан­шама. Солардың әрбірі батыр, Желтоқсан көтерілісінің қаһар­мандары емес пе? Олардың ер­лігі – ескерусіз қалмайтын ерлік. Менің айғақ-кітаптарым – өш­пес ерліктің өнегелі дүниесі, Жел­тоқсанның шерлі шежіресі. Осы кітаптар арқылы көтерілістің қал­тарыста қалған оқиғаларын қай­та тірілтемін, айтылмаған ақи­қатын ашуға ұмтыламын. Мә­селен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясының тұжы­рымдары бойынша то­лық ашылмаған жұмбақ қалтарыс­тарына Желтоқсан қаһармандары мен куәгерлерінің естелік материалдары арқылы ендеймін. Ешбір саяси оқиға алдын ала дайындықсыз жүзеге аспайды. Желтоқсан көте­рілісі де дәл солай. Әзірге қолмен қойған­дай ұстап көрсететін нақты ұйым­дастырушылары аталма­ғанымен, олар қылаң берді. Менің мақсат-мүддем – соларды айқындау. Сол үшін де қал-қадерімнің жет­кенінше айғақ-кітаптарды шығара беремін.

– Желтоқсан тақырыбының әдебиет пен ғылымда, кино мен сурет өнерінде қалай көрініс тап­­­қанын да тілге тиек ете ке­тейік, аға.

– Әдебиеттің көркемдік әле­міне еніп, роман-повесть, әң­гімелер жазып, бүгінгідей қиын-қыс­пақты жағдайда шығара алмай пұшайман күйде жүрген қаламгерлер ұшы­расар. Ал оқыр­мандарға ұсы­нылған нақты шығармалар ішінде Дүкенбай Досжановтың «Алаң», Жақсыбай Самраттың «Бітеу жара», Тұ­рысбек Сәукетайдың «Ай­қа­раңғы» романдары тіл ұшына оралады. Желтоқсанның таяғын жеп, азабын тартқан тұл­ғалар туралы Көлбай Адыр­бекұлы «Казахское дело» деген жо­бамен төрт кітап жазса, әзірге со­ның біреуі ғана қолға тиді. Қал­ған­дары­ның тағдыры не болады? Орайлы сәті келгенде бұл мәсе­лені Мәдениет және ақпарат министр­лігіндегі азаматтарға құ­лаққағыс ете кетейін: Сіздер өте құнды және оқылатын, әлеуметтік маңызы зор кітаптар екенін е­скер­сеңіздер екен.

Ал сахналық шығармалар іші­нен жазушы, драматург Серік Асылбектің «Желтоқсан түні ызғарлы» («Бір түнгі оқиға») пьесасын айрықша айтамын. Өйткені ол – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанып, көрермендерді ерекше тұшындырған қойылым. Сол секілді ақын Болат Шарахым­байдың «17-желтоқсан» поэмасы негізінде жасалып, Б.Римова атындағы Талдықорған театры көрермендерге ұсынған поэти­калық спектакльді де көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Тағы бір айтатын дүние – Көлбай Адырбекұлы мен Ертай Айғалиұлының өлім жазасына кесіліп, КСРО Сыртқы істер министрі Андрей Громыконың араласуымен түр­меден аман шыққан Жел­тоқ­сан қаһарманы Мырзағұл Әб­діқұлов туралы жазылған пьесасы. Қозғалатын мәселе, айтылатын ойлардың өте ащылығына байланысты республикалық та, облыстық та театрлардың ешбірі тәуекелі жетіп қолға алмады.

Желтоқсан тақырыбындағы ақындардың поэмалары мен өлеңдері баршылық. Солардың са­натында өзі де қудалауға ұшы­рап, оқудан қуылған ақын Аман­ғазы Кәріпжан әулеті үзбей жазып ке­ле­ді. Бірнеше кітабы жарық көрген.

Енді ән әлеміне байланысты айтарым: сазгер, әнші, актер Әбиір­бек Тінәлінің «Желтоқсан желі» әні өзінің мәңгілік орындалатын тағдырлы ән екенін көрсетті.

Киноға экрандалуға қатысты: Колбиннің кезінде кинорежиссер Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» көркем фильмі түсірілді. Биліктің тапсырмасымен түсірілгендіктен бе, көрермендер онша қабылдай қоймайды. Кинорежиссер Қал­дыбай Әбеновтің жартылай көр­кем, деректік көріністері де ба­сымдау «Аллажар» фильмін бөле-жара атар едім. Өкініштісі, ол ки­нотеатрларда, не телеарналарда көрсетілген жоқ. Қалды­бай­дың өзі осы фильмі туралы тұңғиық ойдың шырмауына шаты­лып, айықпас аурудың сал­дары­нан бірер жыл бұрын көз жұмды.

Желтоқсан – өте ауыр, би­лік­­тің назарынан тыс қалған тақырып. Солай болғандықтан кинорежиссер Әсия Байғожина да талай жылдан бері демеушілер іздеп, жанкештілікпен жұмысын үзбей жалғастырып келеді. Оның Одақ ыды­рамай тұрған кез­де Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясында түсір­ген «Жарияланбаған демонс­тра­цияның хроникасы» деректі фильмі өте құнды, дәйектік маңызы өте зор дүние. Г.Колбин жәдігөйлене сөйлеп, өзін барынша жанталасып ақтауға тырысса, Д.Қонаев Желтоқсан күнә­һар­ларының біре­гейі болған оның оңды-солды есіп сөйлеген сөзіне шамырқана жауап беріп, өтірігін шығарады. Әсияның «1986. Желтоқсан хроникалары. Шындықтың үзігі» топтама фильмдері шетелдік қорлардың қолдауымен экрандалып келеді.

Ғылымға келсек, ғалым­да­рымыз үшін Желтоқсан көте­рі­лісі жабық тақырып десем, асы­лық айтпаған болармын. Себебі елімізде арада өткен 37 жыл әле­тінде бір-ақ кандидаттық диссертация қорғалды. Ол – Әл-Фа­раби атындағы ұлттық универ­ситеттің журналистика фа­куль­тетінің оқытушысы, марқұм Нәр­­бин Кенжеғұлованың профессор Сағынбай Қозыбаевтың жетек­шілігімен жазылған «Жел­тоқсан оқиғасының баспасөзде көрінуі» деген тақырыптағы зерттеу еңбегі. Желтоқсаннан жетекші ғалымдардың үрейленіп үркетіні сондай, тіпті жоғары оқу орнын бітірушілерге дипломдық жұ­мысқа ұсынудан да жасқанады. Осылай бүкіл әлемдік тарихи мәні терең Желтоқсан көтерілісі ғылыми айналымнан қағажу көріп отыр.

– Енді бүгінгі ұрпаққа ора­лайық, оларға Желтоқсан көте­рілісінің маңызы мен мәнін дұрыс ұқтыра алдық па? Егер өз дең­гейінде ұқтыра алмасақ, алдағы уақытта оның қасіреті мен қасиетін қалай жеткіземіз?

– Ол үшін әрдайым жүйелі, ашық әңгіме қажет. Желтоқсаннан үрейленбеу керек. Өйткені көте­ріліс сол уақыттағы горбачевтік билік, саясаткерлер әдіптегендей орыс ұлты мен қазақ халқының арасын ашып, жауластыратын кереғар оқиға емес. Құдай халқымызды кең құшақ етіп жаратқан. Біз – бар мәселеге байып­пен, асқан төзім­ділікпен қа­райтын халықпыз. Қанша ауыр да азапты қыспаққа тап болсақ та, сабыр мен салиқалы пайым біздің серігіміз. Әйтпесе, қазақ нендей құқайды көрмеді? Адам айтқысыз қаншама қырғын, азаптарды бастан кешпеді? Ең ғажабы сол, кекшіл емеспіз. Жа­ман­шы­лықты санамыздан сызып тас­тайтын «ұмытшақ» ұлтпыз. Өте кешірімшілміз. Мұндай қасиет бойына ұялаған халық ешқашан өздігінен қантөгіс, қасіретке бармайды.

Желтоқсан көтерілісі – қазақ жас­тарының ұлы ерлігі. Біз сол уақытта нәзік жанды қыз­да­ры­мыздың өрлігін өз көзімізбен көрдік. Жығылып жатса да жан­таласып, алға ұмтылумен, жаға­ласып, қарсыласумен болды. Өлгелі жатса да өр мінезінен бір танбады. 1986 жылы ызғарлы Желтоқсан күндерінде қазақ үшін ер мінезімен көрінген жастардың бәрі сондай еді. Осылай болғанын барынша айтып, өскелең ұрпақ­тың санасына сыналап сіңіру үшін олармен жиі-жиі жүздесуге тиіс­піз. Сөйтіп, тәрбие, тағылым са­бақ­тастығына баса мән берсек, келешек ұрпағымыз бізден де биік, мәртебелі болып өсері сөзсіз.

– Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға көзқарас қа­лай? Оларды қолдау шараларына көңіліңіз тола ма?

– Бұл да әбден ойланатын мәнді мәселе. Кеше бәрі алаңға алаңсыз оймен, горбачевтік демократия, жариялылық үніне елтіп шыққан аңғал да бейкүнә қыз-жігіттер еді, қазір алпыстың асқарындағы қауымға айналды. Денсаулықтарын алаңда жоғалтты. Ерлік күрестері үшін құрмет, сый көрмеді. Тіпті жүрек жылытатын жақсы сөз, жылы қа­баққа да зәру. Ұйымдары көп-ақ. Бірақ береке-бірліктері қуан­т­пайды. Бастарын біріктірмей, араларына іріткі салатын беймәлім күш бар дейді. Бірақ солар 86-ның ызғарлы күндерінде «сен кімсің, қайдансың?» демей, Алматының көшелерінде шеруледі, алаңда жұмылған жұдырықтай тұтасып тұрды. «Менің Қазақстаным» мен «Атамекенді» әуелете шырқады. Бейбіт шерудің аяғы оңбай таяқ­талып, азапталуға алып барды. Оны жүзеге асырған биліктің өзі. Ең басты қозғаушы күші Мәскеуде болды.

Бүгінде тәуелсіз ел болдық дейміз. Тәуелсіз ел болайық деп ұран­датпаса да, бар ниеті, ойы осыған үйлесетін көтерілісші жас­тарымыз көрген қасірет пен тарт­қан тақсіреттің қайырымын көре алмай қамығып келеді. Оны көру үшін алаңда қолға түс­кенін, қорланып, зорланғанын дәлелдеу керек екен. Ұсталып тір­келгендер, сотталып істі бол­ғандар, партия, комсомолдан шы­­ға­рылғандар өздерін ақтап алар-ау. Ал ұсталмай аман құтыл­ғандар ше? Олар өздерінің Жел­тоқ­сан қаһармандары екенін қай­тіп дәлелдейді? Міне, олардың бәрін ашындыратын нәрсе – осы.

Бүгінде ақталғандар санау­лы. Биыл қаншаға жеткенін білмеймін, ал 35 жылдығы аталып өткен кезде күллі респуб­лика көлемінде ұзын саны бес жүздей ғана болатын. Енді ақ­талған Желтоқсан батырларына мемлекет атынан жасалатын жақсылыққа қатысты айтарым: Алматы қаласының әкімдігі өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында 150 мың теңгеден беріп еді. Биыл 250 мың теңгеге өсіріпті дегенді естідім. Жұмыс істеп жүр­ген желтоқсандықтардың айлық жа­­лақысына үш жарым мың теңге­ден қосылады.

– Тәуелсіздік мерекесінде көңіл көтеретін көп әңгіме айта ма деп дәмеленіп едім...

– Көңілсіздеу тұстары көбейіп кетсе, ащы ақиқатқа жуықтап сөз қозғағаным үшін кінәлі емес шығар­мын. Дегенмен «үмітсіз – шайтан». Бәрі бірте-бірте жақ­сарса, жабыққан, қамыққан жел­тоқсандықтардың қабарған қабақ­тары ашылар. Солай болады деп сенейік...

– Ашық әңгімеңізге алғыс­тан басқа айтарым жоқ.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ