Алматы • 21 Желтоқсан, 2023

Атақты Асы жайлауы қайтарылды

176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жеке тұлғалардың қолына ретсіз, заңсыз өтіп, мақсатсыз, пайдаланылмай жат­қан­ жерлерді мемлекет меншігіне қайтару Президент пәрменімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде биыл «Amanat» партиясының бастамасымен Алматы облы­сында 281 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өңірдегі көшпелі отырысында айтылды.

Атақты Асы жайлауы қайтарылды

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген партияның Атқару­шы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбек­шіқазақ ауданында болып, Қазтай Ұлтарақов (Масақ) ауылдық окру­гінің тұрғындарымен және шаруа қожалықтары иелерімен кездесті. Ашық әңгіме барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жер тапшылығы мәселесін ғана емес, құдық жетіспеушілігі, субсидиялардың аздығы, дизель отыны бағасының шарықтап кетуі сынды бірқатар өткір де өзекті мәселені көтерді.

Бұған дейін жергілікті тұрғындар мал жаятын жер қалмағанын айтып, партияға шағымданған болатын. Ал Іле Алатауы Бұғыты сілемінің аумағындағы үлкен жер учаскесі жеке қолға өтіп кеткен. Нәтижесінде, биыл қыркүйек ­айында «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен 2,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жалпы пайдалануға берілді. Сонымен қатар осы жылы қарашада Шелек ауылдық округі аумағында орна­ласқан 11,8 мың гектар жер де мемлекет меншігіне өтті.

«Ауылдың әрбір тұрғыны жайы­лым­­ға­ қол жеткізе алуы керек. Сон­дық­тан «Жер аманаты» комиссия­сы­ пайдаланыл­май жатқан ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлерді латифундистерден қайтарып алу бо­йынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Алматы облысында 213,5 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Еңбекшіқазақ ауданы­ның Қазтай Ұлта­рақов ауылының тұр­ғындары Іле-Алатау ұлттық паркінің аума­ғындағы Асы үстіртінің 3,5 мың гектар жерін қайтарып алуды тарихи әділдіктің орнауы деп санайды», деп атап өтті комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуды мақсат еткен адамдар саны артып келе жатқанын алға тартты.

«Бұрын біздің мұңымызға құлақ асқан адамды көрмейтін де, ештеңеге сенбейтін де едік. Ауылдың ахуалын жақсартумен ешкім айналысқан жоқ. Осы күні билік пен «Аmanat» партиясы­на деген сенім артып келеді. Оған заң­сыз бөлінген жерлердің халыққа қай­тарылуы дәлел. Ауыл өркендесе, халық­тың әл-ауқаты жақсарса қала тұрғын­да­рына да қолдау болары анық», дейді ауыл ақсақалы Рыскелді Жақабаев.

Кездесуде Дәулет Кәрібек облыс­ бо­йынша мемлекет меншігіне қайта­рыл­ған жайы­лымдық жерлер ауыл­дық округ­терге берілгенін айрықша атап өтті.

«Алатаудай биік тұлғалы алма­тылық ағайын үшін Асы жай­лауының қадірі мен қасиеті бөлек. Мұны біз жыл басында өңірге келгенде бірден аңғардық. Екі жарым мың метр биіктікте ен жайлаған қастерлі мекеннің жекеге­ өтіп кеткені жергілікті жұрттың қабыр­ғасына қатты батқан. Мәселен, Масақ ауылдық округі тұрғындарының Бұғыты аумағындағы көлемі 2,4 мың гектар жер учаскесі жекенің қолында екенін айтып шағымданған болатын. Біздер бұл мәселені бақылауда ұстап, жыл соңына дейін қайта келеміз деп уәде берген едік», деген комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек араға 5 ай салып, «Іле-Алатау Тур» ЖШС-нан №03-044-184-002 кадастрлық нөмірдегі аумағы 3500 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы атақты «Асы» жайлауының мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.

«Асы жайлауы мемлекет­ мен­­ші­гіне Еңбекшіқазақ аудан­ы әкімдігінің 2023 жылғы 1 мау­­­­сым­­дағы №907 қаулысымен қабыл­данды. Сондай-ақ Бұғыты қыстауында 2,4 мың гектар ауылшаруашылық мақ­са­тындағы жерлер қайтарылды. Облыс бойынша барлығы 213,5 мың га жайы­лымдық жерлер ауылдық округтерге берілді. Бұл игілікті істің басы ғана. Кезінде жерге қисынсыз иелік етіп, жайылым жердің тапшылығын қолдан жасаушылармен күрес әлі де жалғаса бермек», деді ол.

Алдын ала жүргізілген сарап­тама қорытындысы бойынша­ Еңбекшіқазақ ауданының өзінде нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмайтын 121,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анық­та­лып, биыл осы жер көле­мі­нің 43,4 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған. Нақтырақ айтсақ, Ават ауылдық округі (а/о) бойынша – 16, Ақши а/о – 457, Асы а/о – 10301,79, Бәйтерек а/о – 3, Балтабай а/о – 6, Бөлек а/о – 201,65, Есік қаласынан – 157, Қара­жота а/о – 4121,14, Қаратұрық а/о – 11621,4, Қырбалтабай а/о – 1942,9, Масақ а/о – 420, Рахат а/о – 25, Сөгеті а/о – 14068, Шелек ауылдық округінен – 38 гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базар­бек жайылымды жерлердің мәселесі Қазақ­­станның түкпір-түкпірінде өзекті екендігін атады.

«10 млн гектарға жуық жер қай­та­рылды. Бұл – бірінші кезекте «Жер амана­ты» комиссиясының жұмысы. Біз заңға «Қоғамдық жайылым» деген ұғымд­­ы енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайы­лым» ұғымының басымдығы, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкім­дердің қоғамдық жайылымды­ жер­лер­ді ығай-сығайларға беруге құқы­ғы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар нақты бір елді мекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», деді депутат.

Айта кету керек, «Аmanat» пар­тия­сының өңірлік сайлауалды бағ­дар­ламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұр. Қазір бұл жоспар 82 пайызға орындалды.

 

Алматы облысы