Экономика • 21 Желтоқсан, 2023

Жаңа теміржол құрылысы басталды

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы бас­талды. Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты.

Жаңа теміржол құрылысы басталды

ФОТО: kaz.orda.kz

Жоба Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысын­да Қытай­мен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.

Жалпы, Бақты–Аягөз темір­жол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғай­туға, оңтүстіктегі өткізу бекеттерін­дегі кептелістерді жоюға және қосым­ша транзит көлемін тартуға мүм­кіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ауқымды жоба жеке инвес­тор­дың қатысуымен МЖӘ қағи­даты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станса, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 ба­қы­лау құрылысы салына­ды. Осы мақсатта отандық өндіру­ші­лер­ден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85%-ды құрайды деп күтіліп отыр.

Премьер-министр былтыр темір­жолдармен тәуелсіз Қазақ­станның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті. Мұндай жоғары қарқын гео­­саяси жағдайларға және ин­фра­­құ­рылымдық шектеулерге қа­ра­мастан биыл да сақталып отыр.

«Кейінгі бес жылда кон­тей­нерлік транзиттік тасымал көлемі 3,2 есе өсті. Қол­даныстағы транзиттік дә­ліз­­дер кеңейіп, жаңалары ашы­луда. Транскаспий халық­ара­лық көлік бағыты, Солтүс­тік-Оң­түстік және Оңтүстік дәліздері айрықша маңызға ие болып отыр»,  деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі таңда өткізу мүмкін­­дігі мен инфрақұ­рылым­­дық қуат өз шегіне жетті. Осы стра­тегиялық маңыз­ды мәсе­лені шешу үшін темір­жол саласында бірқатар инфра­құ­рылымдық жоба бар.

Олардың қатарында Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақта­арал және Алматы қаласын айна­лып өтетін теміржол желі­лерінің құры­лысы мен басқа да жобалар іске асырылуда. Алдағы үш жылда республикада барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

Премьер-министр магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орны­мен қамтамасыз ететінін атап өтті. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекет­терін ашу да жаңа жұмыс орын­дарын құруға мүмкіндік береді.

«Мұның барлығы Абай облы­сының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты – Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді», деді Әлихан Смайылов.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төр­аға­сының орынбасары Қанат Әлмағамбетов атап өткендей, жаңа желі ел экспортының көле­мін, сондай-ақ Ресейден Қытай­ға және кері бағыттағы жүк тран­­­зитін арттыруға мүмкін­дік береді.

«Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыс­тарынан және басқа өңір­лерден келетін тауарлар өтеді. Екі жолды желі құры­лысы бірден жеткілікті қуат­тылыққа ие болуға кепіл болып табылады. Жалпы, бұл тран­з­иттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға серпін болмақ», деді ол.

Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызмет­керлері мен ардагерлері қатысты.