Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау және осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы былтыр сәуір айында «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа өзгерістер енгізген болатын. Онда әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, мүгедектігі бар адамдардың мүддесін ескеру, қылмыстық сот төрелігі саласында жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу мәселелері назарға алынды.
Палата төрағасы Парламент тарапынан қолданыстағы құқық қорғау тетіктерін күшейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Кейінгі жылдары осы салада бірқатар заң қабылданды. Оның ішінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметін реттейтін және қылмыстық процесті ізгілендіруді көздейтін құқықтық актілер бар.
«Адам құқықтарын қорғау мәселесі қашанда Парламент Сенатының назарында. Конституциялық реформаның нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының Жарлыққа қол қоюы және 9 басым бағытты құрайтын Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының бекітілуі бұл саладағы келесі маңызды қадам болғаны анық. Алдағы уақытта Парламент Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін күшейтуге, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық заңнаманы қатаңдатуға, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнамалық талаптарды арттыруға бағытталған заңдар қабылдайды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы Кеңес мүшелерінің осы саладағы кәсіби және өмірлік тәжірибелері мол екеніне назар аударып, осындай отырыста адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғау жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылаудың маңызды екенін айтты.
Отырыс барысында Сенаторлар кеңесінің мүшелері – Палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай, мемлекет қайраткері Сергей Громов, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зауреш Батталова, тағы басқа қатысушылар сөз сөйледі.