Әлеуметтік бастамалар түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Бұл ретте әрбір отбасының табысын арттыру басымдыққа ие. Президенттің тапсырмасымен Үкімет жұмыс орындарын құру және азаматтардың жалақысын көбейту жолында қыруар жұмыс атқарды. Бұған қоса түрлі мемлекеттік әлеуметтік көмек бағдарламалары іске асырылып, тиісті инфрақұрылымды жаңғыртуға қаражат бөлініп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы жұмыстың маңызын қашанда назарында ұстап отыр.
«Әлеуметтік кепілдіктердің көлемі қысқармауы керек. Бұл шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуге тиіс. Мемлекет әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсетеді. Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік саясатқа негізделуі керек. Бұл «Жалпыға бірдей жұмыспен қамту» қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді», деді Президент биыл көктемде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте.
Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, республикада әлеуметтік міндеттемелердің барлығы мүлтіксіз орындалып жатыр. Сондай-ақ бюджеттің мүмкіндігіне қарай зейнетақы, жәрдемақы және басқа да қолдау шаралары ұлғайып келеді. Осы ретте primeminister.kz порталы ұсынған деректерді келтіруге болады.
Халық табысын арттыруға бастаған қадамдар
- 11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде:
– 257,1 мыңы – ұлттық жобаларды іске асыру барысында;
– 294,3 мыңы – бос жұмыс орындарына;
– 357,1 мыңы Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа тұрды.
- Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға бизнес ашу үшін 400 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге) көлемінде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді. Осының нәтижесінде жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт өндіру және басқа да кәсіпорындар жұмыс істей бастады.
- Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына биыл 196,3 мың адам жұмысқа тұрды. Оның ішінде:
– әлеуметтік жұмыс орындарына – 17,3 мың;
– жастар практикасына – 33,1 мың;
– қоғамдық жұмыстарға – 120,7 мың;
– «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 9,6 мың;
– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 488;
– «Күміс жас» жобасы бойынша 15,1 мың адам жұмысқа тартылды.
- Наурызда 21 жастан 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар үшін 2,5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 25,4 млрд теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды.
Жәрдемақы жайы
- Биыл Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Енді Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық баланың арасында үлестіріледі. Осылайша, жиналған қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады.
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңмен көтеру үрдісі жалғасын тапты. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін олардың жалақысы 2 есеге артады. Салалық мемлекеттік органдар да осындай жұмыс жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары педагогтерінің, ішкі істер және қорғаныс органдары жүйесінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің, біліктілігі жоғары медицина мамандарының жалақысы көтерілді.
Құтқарушыларға (лауазымдық жалақының 70%-ы), сондай-ақ мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне, табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларына, жануарларды қорғауға мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына және т.б. (лауазымдық жалақының 100%-ы) денсаулыққа және адам өміріне зиян келтіруі мүмкін жұмыс үшін қосымша төлем белгіленді.
Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:
– 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды;
– 1 шілдеден бастап «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;
– 1 шілдеден бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 15,7 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
- 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақының мөлшері 8,5%-ға көбейді. Бұл шамамен 2 млн адамға әсер етті.
Сонымен қатар 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мөлшері тағы 14,5%-ға ұлғайтылды. Бұл жәрдемақының жылдық мәнде 23%-ға өсуін қамтамасыз етті.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жәрдемақы алушылардың саны шамамен 2 млн адамды құрайды. Төлемдерді жасауға 1 қаңтардан бастап барлығы 1,1 трлн теңгеден аса қаражат жұмсалды.
- 1 қаңтардан бастап елімізде ынтымақты зейнетақы 10,5%-ға өсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 60%-ына дейін, ал ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңге болды.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 млн зейнеткер бар. Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлеуге барлығы 3 трлн теңгеден аса қаражат жұмсалды.
- Отбасының цифрлық картасы аясында табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға проактивті түрде әлеуметтік қолдау тағайындау енгізілді. Төлем тағайындалатын адамға SMS-хабарлама жіберіледі, ол жауап ретінде өз келісімін беруі қажет. Өтінішті ресімдеу және жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі. Содан кейін қаражат төлем алушының банк шотына аударылады.
- 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 113,6 мың отбасынан 595,7 мың адамға тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді. АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару көзделген.