2020 жылы «Ардагерлер туралы» алғашқы заң қабылданғанда бөркімізді аспанға атып қуанып едік. Маңызды құжаттың 7-бабының 4-тармағында 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдардың еңбек ардагеріне жататыны көрсетілген. Заңның 12, 15-баптарында ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары, қолдауды қаржыландыру туралы айтылғаны қуантып еді.
Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойынша жеңілдіктерді белгілей алады дегенінен көп үміт күтіп едік. Бірақ соның жүзеге асуы қиын болып тұр.
Жоғарыда жазғанымдай, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген жылдары біз беліміз қатпай жатып еңбекке араластық. Арнаулы заң қабылданған соң әлеуметтік қолдаудан дәмеленіп, жан-жаққа сұрау салдым. Осыдан 5 жыл бұрын Қазалыдан Қызылордаға қоныс аударғандықтан Қазалыға хабар салып, құжаттарымды түгелдедім. Тиісті орындардың бәріне барып шықтым, аяғым жетпейтін қашықтағыларына хат жаздым. Сондағы білгенім, біздің мәселемізді қала әкімі жанындағы арнайы комиссия қарайды екен. Оларға қалалық Ардагерлер ұйымы ұсыныс жасайтын көрінеді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, ұйымға да бардым. Бірақ қаланың бір шетінен табаным таусылып, неше барғанда төрағасын орнынан таба алмай қатты қиналдым. Бір қалада жүріп, алты ай табылмаған төраға үстінен облыстық ардагерлер ұйымына шағымдануға мәжбүр болдым. Жарты жыл жүгірген шаруамды жарты сағатта шешкен облыстық ұйымдағылардың ұсынысымен қалалық ардагерлер ұйымы төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев мені ақыры қабылдады. Қабылдағаны бар болсын, менің көзімше мамандарға хабарласып, «бұл мәселе мүлдем шешілмейді» деп арызымды өзіме лақтырғаны жаныма батты. Арызыма жазбаша жауап қайтару жөніндегі талабымды құлағына да қыстырған жоқ. Содан бері неше барсам да төраға таптырмай жүр. Осылайша, бір адамның кердеңдігінің кесірінен әлеуметтік қолдау іздеген талпынысым тұйыққа тіреліп тұр.
Кәрім БАЙМҰРАТ,
зейнеткер
Қызылорда