Пікір • 09 Қаңтар, 2024

Антқа адалдықтың сын сағаты

276 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты бізді өткенге, әсіресе қоғамды әлі күнге дейін толғандырып келе жатқан, жаныңды сыздатар Қаңтар оқиғасына қайыра бір оралып, ой толғауға жетеледі.

Антқа адалдықтың сын сағаты

«Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әре­кет­терді ақтау үшін айтылды. Бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауап­кер­шіліктен жұрдай сыңар­­жақ пайымдар қылмыстық пси­хо­ло­гия­ның қоғам санасына сіңуі­не әкеп соқтырады», деді Мем­лекет басшысы.

Сұхбатта «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, Қасіретті қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеу­мет­тік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», деп жауап берген. Қаңтар оқиғасы туындауының басты себебін нақты анықтап берген Президенттің «Мен бұл туралы әлі де жиі ойланамын» деуі Мемлекет басшысы үшін сол күндері қатаң шара қолдануға баруы да оңай болмағандығын, Қаң­тар оқиғасы әлі де жанын ауыр­тып, жүрегін сыздатар жай екенін ұғындырады.

Тәуелсіздігіміздің тағдыры оққа байланып, өлім мен өмір бет­пе-бет арбасып тұрған сәтте, бұзақылар мен террористердің алдын ала терең әрі жан-жақты ойластырылған заңсыз әрекет­те­ріне тойтарыс беру үшін Пре­зиденттің батыл шешім жаса­уын антына адалдығы деп баға­лаймыз. Қаңтардың қасіретті де сындарлы кезеңінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданы апталап, күні-түні бір тастамай, елдегі жағдайды өз бақылауында ұстап, батыл шешімдер қабылдап жатты.

«Кеттің бе – қайырылмағын!» Бола­шақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс». Сұхбат­та­ғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі Қаңтар оқиғасының және әр кезең ұрпақтарының жадында жүрер басты сабағы болса етті.

Қазақ қоғамындағы наразы­лық­ты көріп отырған сол кездегі билік халқының көңіл күйін біліп отырса, неге соны ескермеді? Бұл өз халқының мұң-мұқтажын, көз жастарын ескермегені, сол отыз жылғы биліктің астамшылығы, мейманаларының әбден тасқан­дығы және қарапайым халықты әбден басынғандықтан болған жағдай еді.

Халық Қазақстанды отыз жыл бойы билеп-төстегендердің өзде­­ріне де, сөздеріне де сенуден қалған-ды. Бұл халықтың болашаққа деген сенімін жойды. Билік үшін өз халқының болашаққа деген сенімін жо­йып алуы – ешқандай заңда көр­се­тіл­ме­ген және жазасы да жоқ ауыр қылмыстың бір түрі.

Қолдағы мемлекеттің билі­гін тұтастай болмаса да, тек өз игі­ліктері үшін жарата біл­ген отыз жылғы биліктің айналасын жайлаған жемқорлық пен заңсыздық, сыбайластық пен таныс-тамырлық етек ал­ғандығын айтып, билікке деген ашу-ызалары, тіпті кектері кернеп, көше­ге шыққан халықты басу, сабасына түсіру қоғамдық тәртіп сақшылары үшін сол кездері ең ауыр жұмыс болды. Ескі биліктің халық наразы­лығы күшейе түссін, елдегі жағ­дай күн сайын ушыға түссін деген пиғылдары билік ауыс­қан алғашқы сәттен бас­тап болғандығын да енді ұғына түскендейміз.

Бұл ойымызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», деген сөздері қуаттай түседі.

Ескі билік пен жаңа биліктің арасында көзге көрінбейтін текетірес пен мылтықсыз майдан жүріп жатқанын қалың ел толық білмесе де, әйтеуір бір алакөздік бар екендігін сол кездің өзінде-ақ сезіп отырған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Респуб­ликасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Елде бейбіт митинг өткізуге рұқсат бері­летінін Президент бұл заң қабылданбай тұрып-ақ, 2019 жылы 2 қыркүйекте халыққа Жолдауында айтқан еді. Мемлекет басшысы халқын қолдаудың қолынан келген бар амалын, осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жасады.

Бұл да болса Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашу-ызадан өртенген жұртының жағдайына қана­тымен су сепкен қарлығаштай адам­шылығының амалы еді.

Осы арада ескі билік клан­дарының Тоқаев билігіне деген халықтың наразылығын күшей­ту­ге әрекет жасағандығы анық бола түседі. Себебі 2022 жылғы қасіретті Қаңтар бір күнде, бір сәтте ғана бұрқ ете түскен жоқ. Сұхбатта Президент осы оқи­ғаның жай-жапсарын және «халық көтерілісі болды» деген пікірлердің «ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өмі­ріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар өте қатерлі үрдіс» екенін те­рең ойланып барып, ешбір әсі­ре­леу­сіз айтқан.

Мемлекет басшысының пікі­рінше, аз ғана элиталық топ ық­па­лының артуы және халықтың басым бөлігі табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін деген ойының шет жағасы қоғамда Қаңтар оқиғасынан-ақ көрініс бергені  анық.

Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық – мемлекеттің бола­шағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қа­дам­дарын да жақтырмағандар болды. Осы бір аса қиын жағдайда дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей, батылдықпен шешім қабылдап, қиын да күрделі кезде тәуелсіздікті сақтап, елді төн­­­ген қауіптен аман алып қалу және осы бір мақсат үшін қатаң шараларға барғаны Қасым-Жомарт Тоқаевқа оңай тиме­ген­ді­гі айдан анық.

Арды ойлайтын кез келді. Ел болудың жаңа бір кезеңіне, жаңа да әділетті Қазақстан құ­руға кірісіп кеткен осы бір үмітті шағымызда әрқайсысымыз ақыл-парасатқа жүгіне отырып, бе­рекелі іс қылайық, елге және де желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға есті де жөн сөз айтайық. Берекелі, ынтымақшыл, еңбекқор ел болуды ойлайық!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы, қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі