Солардың қатарында Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық сотты қайта қалпына келтіруді атап өткен жөн. Оның моделін анықтау кезінде екі жүз жылдан астам тарихы бар халықаралық тәжірибе ескерілді.
Азаматтарға бұл органға тікелей жүгіну құқығы беріліп, олар өз құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді даулауға мүмкіндік алды. Азаматтардың өз құқықтарын қорғаудың бұл құралын пайдалану тәртібі барынша жеңілдетілді, Қазақстанда көп елде қалыптасқан барлық сот инстанциясынан өту талабы жоқ. Сондай-ақ заңдардың конституциялығын тексеруге бастамашылық жасау құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді.
2023 жылдың басынан қызметіне кіріскен Конституциялық сотқа осы уақытқа дейін бес мыңнан астам адам өтінішін жолдап үлгерді. Оларды қарау нәтижелері бойынша бірқатар заңның нормалары Конституцияға қайшы деп танылды. Кейбір заңдардың даулы ережелеріне конституциялық тұрғыдан түсіндірмелер берілді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары мен ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында бірнеше заң жобасы әзірленіп, олардың алғашқылары қабылданып да үлгерді. Осылайша, азаматтық қоғам өкілдерінің тікелей қатысуымен Конституция қағидаттарының аясында ұлттық заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіру, оларды халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру қарқыны артты.
Мемлекет басшысының Конституциялық сотты қайта құру идеясының жүзеге асуы құқықтық жүйені эволюциялық жолмен дамытуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режімін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға зор ықпалын тигізіп отырғаны анық.
Бақыт НҰРМҰХАНОВ,
Конституциялық сот төрағасының орынбасары