Аймақтар • 17 Қаңтар, 2024

«Қазпоштада» кінәрат көп...

236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі күннің бірден-бір байланыс саласы бол­ған пошта қызметіне бү­гінде көптің көңілі тола бермейді. Мұны біз бас­па­сөзге жазылу нау­қа­ны кезінде қаттырақ се­зін­­­дік. Өйткені еліміз­дің басқа өңірлері тәрізді емес, Ұлытау облысында «Қаз­пошта» әлі де байланыс саласындағы моно­по­лис­тік сипатын жоғалта қой­ған жоқ. Қаласақ та, қала­­масақ та «Қазпошта» қыз­­­метін пайдалануға мәж­­­бүр­міз.

«Қазпоштада» кінәрат көп...

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлытау облысы 2022 жылы құрылғанмен, облыстағы пошта қызметі өткен жылдың соңына дейін «Қазпошта» АҚ Қара­ған­ды облыстық филиа­лы­ның құрамында болып келді. 2023 жылдың қазан, қараша айларында Ұлытау облыстық филиалын құру туралы шешім қабыл­дан­ғаннан кейін ғана екі арада бөлу жұмыстары басталды. Бұл шара баспасөзге жазылу нау­қа­нына кәдімгідей кері әсерін тигізді. Өйткені бағдарламаның дұрыс орнатылмауы салдарынан газет-журналдардың баға­сы қате көрсетіліп, біраз түсін­беу­шілік тудырды. Сол күндері осы жағдайға дабыл қағып, біз­бен хабарласқан азаматтар да аз болған жоқ. Солардың бірі кәсіпкер Қиясбек Әділбаев пош­та қызметіне деген ренішін: «Жеке шаруашылығыма байланысты негізінен қаладан сыртта жүремін. Газет-журналдарға жазылу үшін әдейі келсем, поштаның бағдар­ла­масы жұмыс істемейді екен. «Ертең келіңіз» дейді. Ал ертең істеп кететініне кепілдік бар ма?», деп бас­тап, одан әрі пошта қыз­метін «еліміздегі цифрландыру бағ­дарламасынан шет қалған сала» ретінде бағалайтынын жет­кіз­ген еді.

«Поштаға барсаң тек қолма-қол ақша талап етеді. Қазір елдің көбі қалтасына ақша салып жүр­мейді. Поштаның мобильдік аударымдарды қабылдауға да­йын еместігі, қабілетсіздігі таңғал­дырады», деп тұрғын сөзін нақ­тылай түсті. Шынында солай. Бұған өзіміз де сан мәрте куә бол­ғанбыз. Бұл – қазіргі уақытта пошта қызметіндегі тез арада жөн­деуді қажет ететін ең басты кем­шіліктердің бірі.

«Бағдарлама дұрысталды-ау» деген кезде мәліметтер базасын анықтаудың қиындығы туындады. Тұрғындарға газетке қанша дана жазылғанын білу мүмкін болмады. Облыс ор­талығындағы мамандар «Бұрын мұндай іспен Қарағанды ай­налысқанын, өзде­рі­нің тә­жіри­бесіздігін» айтып ақ­талып бақты.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өйткені 2024 жылдың басынан өз алдына бөлек филиал болып құрылған Ұлытау поштасы сол бір бай­қалған кемшіліктерді еңсе­ріп, тез арада бойын тіктеп ала қояр ма екен? «Қазпошта» АҚ Ұлытау облыстық филиалы директорының міндетін атқа­ру­шы А.Болатбеков жағдай­дың күрделі екенін айтады. Ең басты мәселе – мамандардың же­тіс­пейтіндігі. Қазір филиалда, басқасын айтпағанда, бас есеп­шінің орны бос тұр. Әрине, жаңа­дан құрылып жатқан филиалдың ұйым­дастыру шаруалары шаш­етектен болатыны түсінікті. Бұрын бұл салада істемеген ма­ман­­дардың жұмысты игеріп кетуі оңай еместігі де белгілі. Қара­пайым ғана баспасөзге жазылу мәліметтерін алып бере алмау – осы сөзіміздің бір дәлелі. Демек, мамандарды қайта оқы­ту, үйрету керек.

Аяғынан нық тұрып кеткенше Ұлытау филиалына «Қаз­пош­таның» республикалық бас­шы­лы­ғы тарапынан қар­жылай көмек қажеттігі анық сезіліп отыр. Өйт­кені филиал орналасқан ғи­ма­ратқа күрделі жөндеу жасау қажет. Ғимарат­тың іші-сырты көз жауын алып, елді өзіне анадайдан тартып тұруы да, ішіндегі кабинеттері де қызметкерлердің жұмыс іс­теуіне барынша қолайлы болу керектігін айтып жатудың өзі артық. Ал қазіргі ғимарат талапқа мүлдем сай келмейді. Бір жақсысы, филиалдың ма­териалдық-тех­никалық базасын жаңалауға қазірдің өзінде қажетті көмек көрсетіле бас­таған. Бірақ соған қоса жаңа филиалды білікті мамандармен қамтамасыз ету жағын да респуб­лика өз ба­қы­лауында ұстап, жіті назарға ал­ғандары жөн. Бәлкім, басқа өңірлерден білікті мамандарды тарту керек шығар? Бірақ олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалай ше­шіледі? Мұны облыстық филиал өздігінен шеше алмайтыны тағы түсінікті.

Пошта қызметін көпшілік өздеріне хат-хабарды қалай жет­кізуіне қарап бағалайды. Әрине, қазір бұрынғыдай хат тасқыны жоқ. Қазіргі пошта­шы­лар­дың міндеті – газет-журналдарды уақтылы жеткізу. Күн сайын шығатын, апталық басылымдар бар. Бірақ күн сайын газет таситын пошташы жоқ. Олар газет-журналдарды аптасына бір рет қана жеткізеді. Қалалық жердің өзінде жағдай осындай болғанда, алыс ауылдарға күн сайын газет-журнал жеткізілмейтіні айтпаса да мәлім.

Облыстың барлық ауылында пошташы бар. Олар онсыз да жарытымсыз жалақының жарты­сына жұмыс істейді. Респуб­ликалық поштаның жаңа бас­шы­лығы кейінгі кезде оларды да сыйақыдан қалдырмайтын болыпты. Қаржылай қолдау қыз­мет­кердің жұмысқа деген ынтасын арттырары анық.

«Егер елді мекендегі халық саны 2 мыңнан асса, мұндай жерлерде пошта бөлімшесі ашылсын». Республикалық «Қазпошта» қазір осындай талап қоя бастады. Құптарлық қадам. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ортасында ор­на­лас­қан Кеңгір ауылы бұл та­лапқа сай келгенмен, ғима­рат табу, оны ұстап тұру шығын­дарына барғысы жоқ облыстық филиал бөлімше ашқысы кел­мей­тін сыңайлы. Мәселенің қалай шешімін табатынын алғы күндер көрсете жатар.

«Қазпошта» АҚ Ұлытау облыс­тық филиалы дирек­то­рының мін­детін атқарушы А.Болатбеков Жезқаз­ған, Сәт­баев қалаларында бұрын жабы­лып қалған екі бөлімнің қай­та­дан ашылатынын жеткізді. Бұл да әрине, қуанышты хабар. Әйтпесе, 70 мыңнан аса халқы бар Сәтбаев қаласында жалғыз ғана поштаның қызмет көрсетуін қалай бағалауға болады? Хат-хабар азайғанмен, қазіргі кезде поштадағы заттай сәлемдеме тасымалының ауқымы молайғаны байқалады. Өйт­кені поштаға қашан барсаң да ұзын-сонар кезекті көресің. Мұндайда сапалы қызмет көр­­сету туралы сөз қозғап та кере­гі шамалы. Бұрынғы пош­та бөлімдерін қайтадан ашу жұ­мыс­ты жақсарту, тұр­ғындарға қолайлылық тудыру мақсатынан туындағаны күмәнсіз.

Әрине, кінә арту оңай. Кемшіліксіз қызмет болмайтыны тағы рас. Бірақ түзетуге тиісті нәрсені қолға алмай болмайды. Және дер кезінде түзетуге ұмтылған жөн. «Қазпоштадан» күтеріміз сол ғана.

 

Ұлытау облысы