Ауыл • 19 Қаңтар, 2024

Көр қуыстағы көрікті мекен

728 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Аласапыран жылдары шекара шебіндегі ел үдере көшкенде ішкі жақтағы ауылдардың да шеті сетіней бастаған. Қайта картадан өшіп кетпей, негізін сақтай алды. Ақсу, Барлық, Коробиха секілді ауылдар күре жолдан жырақтау, тау қуысындағы бытыса біткен тайганың жықпыл-жықпылында жатқанымен, қопарыла көшпеген. Әйтпегенде, Алтайдың бір пұшпағы жетімнің күйін кешер ме еді? Біз осылай көр қуыстағы көрікті мекен – Коробиха ауылына жол тартып бара жатпас па едік...

Көр қуыстағы көрікті мекен

Суреттерді түсірген – автор

Катонқарағайдың солтүстік-батысын, Бұқтырма бойын жағалай жайлаған ауыл­дарды жергілікті жұрт «ішкі жақ» дейді. Тау ішінде өз-өзімен тіршілігін күйттеп жатқан соң-дағы солай атаса керек. Кейде «кержақтың жері» дейміз. Кім не десе де, бабаларымыз бағзыдан бері мекен етіп келе жатқан атажұртымыз. Ал кержақ деп отырғанымыз, XVII-XVIII ғасырда бас сауғалап жүріп, Орал мен Сібір арасындағы апайтөс даланың қойын-қолатын, одан қала берді Алтай тауларының құйқалы жеріне тұрақтаған орыс ұлтының ескі дін ұстанушылары. Біздің жақтың үлкендері сәл сараңсыған адамға «кержақсың ба» деп, жақтырмай қалатын. Олай дейтіні, олардан қара су сұрап ала алмайды екенсің. Кім білсін, ырым-тыйымдары солай шығар, бәлкім. Мүмкін, мүлдем олай да емес...

Катонқарағай. Шыңылтыр аяз. Ауылға бара сала әкеме Коробиханың қысын көріп қайтайық деп қолқалағам. Жазына қарағанда күзі мен қысы ерекше деп естігеніміз болмаса, қар түссе, қамалып үйде жатамыз. Қыс мезгілі барып көрген емеспін. Содан бүгін ішкі жақ ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігін көріп қайтатын болып келіскенбіз. Әкем әуелі үйге гүрілдетіп от жақты. Шешем «сендерге ол жақта кім шай бере қояды» деп, сөмкемізге ішіп-жем салып берді. Коробиха тау іші дегенің болмаса, күре жолдан бәлендей алыс та емес сияқты. 45 шақырым. Тау жолы. Өрі бар, қиясы бар... Әйтеуір, білетін жұрт қысы қатты десетін. 

М.Қайнар.

Тас жолдан ішкі жаққа бұрыла сала Сөгір ауылын жанай өттік. Артыма бір қарасам, аспанмен астасқан Алтайдың етегіндегі жадау үйлерден шыққан түтін тіршіліктен белгі беріп тұрғандай. Басқа қыбыр еткен жан байқалмаған. Әдетте, ауылдың елі ерте оянар еді. Тұра сала қорадағы малын шығарып, шөбін салады. Үйге беттеп бара жатып, бір құшақ отын ала кіреді. Пеш алдындағы аласа орындыққа жайғасады да, қайың қабы­ғы­мен от тұтатады. Алдына түскен күл-қоқысты қаздың қанатымен сыпырып алады. Содан соң ғана таңғы шайға жайғасар еді. Үй ішіне жылу та­ра­ғанда барып, кішкентайлар оянады. Кішкентайлар... Шағын ауылдарда бұрын­ғы­дай шыбықтан ат мініп, көшенің шаңын аспанға шығарып жүрген бала жоқ. Бала жоқ ауылдың болашағы да бұлыңғыр.

Бұқтырманы жағалай бұралаң жолмен зулап келеміз. Алдымыздағы хат-хабар, газет-журнал арқалап бара жатқан «Қазпоштаның» көлігі де асығыстау. Ауылдағы ағайын газет келген сайын қуанады. Руханияттан алыстамаған нағыз оқырман солар. Көзіқарақты оқырманға ұсынатын тың тақырып іздеп, ақ қар, көк мұзда жүретін біздер...

М. Қайнар.

Қырқадан асқанда Барлық ауылы мұнартты. Бұқтырмадан шыққан түбіттей тұман ауылға бауырлай барып жайғасқан. Аялдаған жоқпыз.

М. Қайнар

Көк тұманды жарып өтіп, Коробихаға бір-ақ тарттық. Жаздың күнгі дала жолы қар астында қалған. Теп-тегіс. Аяз енді сезілді. Суды жағалай біткен ағаштарды ертегідегідей, күміс қырау қаптаған.

М.Қайнар

Өзен бетімен сең жүріп жатыр. Төменнен кептелсе, су арнасынан шығып кетуі бек мүмкін. Қысқы табиғатқа тамсанып отырып, көрікті мекен Көрбикеге қалай жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Көрбике дегенді көнекөздерден естігем. «Көр қуыс», «көр там» деген секілді қазақ тілінен туса керек-ті. 

М.Қайнар.

Коробиха. Қар қалың түсіпті. Ауыл іші мүлгіген тыныштық. Етек жағын көктеп, Бұқтырма ағады. Өр жағында көкке шаншылған көк шыршалы орман.

М.Қайнар.

Басына шығу бізге арман болып жүрген Бүркіт шыңы бұл ауылдан да жарқырап көрінді. Әуелі ауылдық әкімдікке соқтық. Әкімдіктегілер ауылдың әл-ауқатынан аз-маз хабар берді. Есеп-қисаптарын айтты. Ауылда 103 түтін бар екен. Мектептерінде 43 бала оқиды. Бір қуанарлығы, ауылда сатылатын үй жоқ. Көшу тоқтаған секілді. Көрікті ауылды кім қиып кеткісі келеді дейсіз? Кезіндегі қысқа жіп күрмеуге келмеген соң көшті де. Қазір тіршілік бар. Айтқандай, бұл ауылдың балы – бренд. Әр отбасының ара ұстауы жазылмаған заңдылық. Мұндағылар омарташылықтың қыр-сырын мектептен үйреніп шығады. Әкімдік қызметкерлерінен ауылдың тарихын суыртпақтап едім, кітапханаға, одан соң мектеп ішіндегі өлкетану музейіне қарай жол сілтеді.

М.Қайнар

Кітапхана – ауылдағы жалғыз рухани ошақ. Кішігірім концерт, мереке-мейрам осында өтеді. Оқырман үшін кітап қоры да жеткілікті. Жаңа шыққан кітаптар көп кешікпей-ақ түкпірдегі ауылға жетеді. Кітапханашы Любовь Шуляк кітап таратумен ғана шектелмей, оқушыларға  түрлі үйірмелер ұйымдастырып қойған. Ал мектеп ішіндегі өлкетану музейінің есігі ала жаздай бір жабылмайды екен. Келімді-кетімді турист көп. Ауылдың кешегі тарихы топтастырылған музейге ескі дін ұстанушылардың ұрпағы Евгения Кашкарова ие болып отыр.

– Әркімнің үйіндегі ескі заттарды жинақтап, музей іргесін қаладық, – деп бастаған әңгімесін.

М.Қайнар

Орыс ұлтының мәдениетін айшық­тай­тын тұрмыстық бұйымдарға толы музейді аралап жүрміз. Төрінде орыс пешінің фрагменті жасалыпты. Иығында шөгеңкелер мен құмыралар тізіліп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс пен тыл ардагерлерін де ұмыт қалдырмаған. Ауылдағы әр ардагердің суреті мен аты-жөндері тізімделген. Шыны астында XVIII ғасырдағы көне славян тілінде жазылған кітапты да көз шалды. Музей жетекшісі ежіктеп оқыды. Діни кітапқа ұқсас. Одан басқа, шоқ үтік, орақ, тегене, киім-кешек сынды жәдігерлер жинақталыпты. 

– Бұл – менің әкем Иван Мурзинцев, – деді беттері сарғайған ескілеу журналдағы қауға сақал  мұжықты көрсетіп. – Өмір бойы омарташы болған. Аналық араларды өсіріп, өзге кеңшарларға шығаратын. Коробихадағы «Миллионер» кең­ша­ры­ның негізгі бағыттарының бірі осы ара шаруашылығы еді. Балы бұлақ болып ағатын. Шетелдерге де жөнелтті. Омарташылардың оқуы да осында болды, – дейді Е.Кашкарова.

Тарихына терең үңілгім келіп еді, 1700 жылдан басталады екен. Одан арғы­сын архив атаулыдан сұрап, таппаған едім. Мүмкін Ресейдің мұрағаттарында қаттаулы жатқан шығар. Қолда бар деректерге зер салсақ, 1700 жылдары ескі дін ұстанушылар тыныштық іздеп, тау-тасқа бытырай қашқан. Себебі, орыс өкіметі дінді өзгертуге мәжбүрледі. Шіркеулерді шектеді, сақалдарын қырғызды, тағысын тағылар. Дінге берік отбасылар Сібір даласына шілдің тезегіндей шашырады. Алтайға ауғандары адам аяғы жетпейтін тау-тасты мекен қылды. Аң аулады, тұз өндірді, әйтеуір жабайылықпен жүріп, өлместің күнін кешті. Бірақ дәстүрге берік еді.  Кейін, 1792 жылы заман тынышталған соң ғана таудан түсіп, ауыл-ауыл болып өмір сүре бастаған. Сол кездері Бұқтырма бойындағы Ақсу, Барлық, Коробиха, Усть-Язевая, Быкова сынды ауылдардың іргетасы қалана бастаған. Жергілікті қазақтарға ескі дін ұстанушылар өз біл­гендерін үйретсе, бабаларымыздан жүген түю, қамшы өру секілді қолөнерді үйрен­ген. Алтайда ең алғаш ара ұстап, бұғыны қолға үйреткендер де кержақтар екені белгілі.

М.Қайнар

– Бұрын ауылдың бас-аяғына дейін екі жарым шақырым еді. 300-400 үйге дейін болған. Картоп екті, мал ұстады, ара бақты. Өнімді айырбас қылып күн көрді.  Қазір ауылымыз шағын. Шағын ауыл болған соң да шығар тұрғындар өте ұйымшыл, – деп ауылдың бүгінінен де әңгіме қозғады Е.Кашкарова.

«1927 жылдың жазында Н.Гринков бастаған экспедиция Коробихаға келіп, 152 кержақтың отбасы тұрады деп, есеп-қисап жүргізген екен. Қазір солардың ұрпағы қалды ма?» деймін ғой Е.Кашкароваға. Иә, бірі – өзі. Ескі дін ұстанушы екенін еш жасырмайды. Керісінше, дәстүрді сақтап келе жатқанын мақтан қылады. Тіпті, анасы көзі тірісінде ауылдың ортасына ескі дін ұстанушылардың шіркеуін де көтеріп қойыпты. Қызы Евгения Кашкарова шіркеудің кіреберісінен тағы бір шағын музей жасауды да ойға алған.

М.Қайнар

М.Қайнар

– Әрине, ескі дін ұстанушылардың ұрпақтары бар, – деп келесі көшедегі шағындау қарағай үйге жол бастады. Ауласы тап-тұйнақтай. Қарды қырлап отырып күреген, қора жаққа дейін аяқ жолы салынған. Сары иті шабалана үргенге үй иесі тысқа шығатын шығар дегенбіз, шықпады. Есікті қағып ішке ендік. Бағанағы музейде көрген орыс ұлтының үлкен пеші мұнда да тұр. Жетпіс-сексендер шамасындағы қария әлгі пешке нан салып жатыр. Ыстық нанның иісі танауды қытықтап, бала күнді еске салды... Аман-саулық сұрасып, өзімді таныстырдым. Төрге оздырды. Саңқылдап тұрған теледидардың дауысын сәл азайтты. Ескілеу үй, ескілеу дүние-мүлік... Ортаңғы үстелде безендірілген шырша тұр. Таудан қиып әкелмеген. Бұтақтарынан композиция­лап, шырша кейпіне келтіріпті.

М.Қайнар

– 1947 жылы осы жақта тудым, өстім. Еңбек еттім. Бала-шағам да Коробихада тұрады. Ара ұстаймыз, азын-аулақ мал бар. Зейнеткер болған соң балалардың тамағын істеймін, қол қалт етсе, кітап оқимын. Сөйтіп, таңды атырып, күнді батырамын, – дейді тау арасындағы ауыл тұрғыны Надежда Чанова.

Негізгі сұрағым келгені, ескі дін ұс­тану­шылардың салт-дәстүрі еді. Ол тақырыпқа тартып көргеніммен, сөз суыра алмадым. Кетіп бара жатқанымызда, «шай ішіңдер» деді. Демек, кержақтың үйінен су іше алмайсың деген түсінік жалған ғой. Әлде, кейін қазақыланып кетті ме? Әйтеуір, ұлт пен ұлысқа бөлініп жатқан ел жоқ мұнда. Айрандай ұйыған ауыл. Айрандай ұйыған ауылдың сайраны таусылмасын дедім.

М.Қайнар.

Күн арқан бойы көтеріле ауыл халқы тіршіліктеріне кірісіпті. Бірі төрт-бес ­сиы­рын алдына салып, Бұқтырмаға қарай бағыт алса, енді бірі шатырының қарын түсіріп жүр. Атқа мінген ұлттық парк қызметкерлері желе-жортып, орманға беттеген. Қаңырап тұрған бос үй жоқ сияқты. Әр үйдің мұржасынан будақтап түтін шығады. Әсіресе, желтоқсан, қаңтар айларында мұндағы күн тым қысқа. Түс ауа таудың иығына тығылады. Даладағы шаруаны ерте тындырып, қыстың ұзақ кешінде қара қазанға ет салып қойып, кітап оқып жататын ауыл. Солай да сияқты. Кітапханашы Любовь Шуляк ауыл­да интернет желісі жүріп тұрғанымен, оқырман азайған жоқ деді емес пе?

Бұл жолы ауылдың бүккен сырын аша алған жоқпын. Білемін, мұнда ерекше кейіпкерлер де, жазылмаған тарих та көп. Табиғатының өзі жұмбақ. Оның бәрін етене тану үшін Коробихада тұру керек шығар. Тұмса табиғатта туып өскеніммен, Коробихадай көрікті мекеннің қысына ғашық болып, ат басын кері бұрдым.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Коробиха ауылы