Ақтөбе облысының табиғаты таза, мал өсіріп, бидай, қара бидай, тары, арпа егіп, бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан ауданның еңбекқор тұрғындары бұл жаңалыққа ерекше қуанды. Өйткені іргесі сөгілмеген бұл ауыл қазаннан мамырға дейін күл шығарып, көмір жағудың бейнетін жақсы біледі. Ауылды ұстап тұрған ірі шаруашылықтар болмағанда, жұрты баяғыда көшіп кетер ме еді?..
Құмқұдықтың шетіндегі үйлерге газ құбыры кірді, енді біртіндеп барлық көшеге тартыла бастады. Осы жұмыстың ұзаңқырап кетуіне Әйтеке би ауданы елді мекендерінің бір-бірінен қашықтығы да себеп болды. Құмқұдыққа газ тарту жұмыстарына екі жыл бұрын бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлінген. Енді, міне осы қаражатқа 89,6 шақырым газ құбыры жүргізілді. Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев ауылдастарының қуанышына ортақтасып, көгілдір отын кірген үйлерге арнайы соғып шықты. «Бүгін ауыл тұрғындары күл шығарып, көмір кіргізудің бейнетінен құтылып жатыр. Біздің жақта қыс ұзақ, алты ай көмір жағамыз. Оның үстіне, бір үйді жылытуға кемі алты тонна көмір керек. Жыл сайын көмір бағасының көтеріліп жатқаны өз алдына. Қалай болғанда да табиғи газбен жылыту әрі арзан, әрі ауылдастарыма қолайлы», дейді Дәулетияр Тоғызбаев.
Қазіргі кезде Әйтеке би ауданындағы 27 елді мекеннің 13-і газдандырылды. Биыл ауданда құны 2,3 млрд теңге болатын жоба жоспарға енді. Осы арқылы Сұлукөл, Ақтасты, Толыбай, Әйке, Тереңсай ауылдарына көгілдір отын кіргізіледі. Мұнымен бір кезде Қияқты, Ұлғайсын елді мекендеріне де газ жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды.
Ақтөбе облысы