Өнер • 18 Қаңтар, 2024

Хореографтың ғасыр тойы

149 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері әлемдік театр қауымдастығы біртуар хорео­граф Ролан Петидің 100 жылдығын тойлауды бастап кетті. Атаулы мерейтойға орай әлемнің барлық театры өз сахналарында классиктің қойылымдарын ұсынуда. «Астана Опера» театры да бұл мәдени оқиғадан қалыс қалмай, 18-19 қаңтарда Ролан Петидің хореографиясындағы француз композиторы Л.Делибтің «Коппелия» комедиялық балетін қойып, ұлы тұлғаның есіміне құрмет көрсетеді.

Хореографтың ғасыр тойы

«Коппелия» балеті «Астана Операда» театрдың балет труп­па­сының көркемдік жетек­ші­сі Ресейдің Халық әртісі Ал­ты­най Асылмұратованың бастамасымен 2019 жылы көрер­ме­­німен қауышқан болатын. Ролан Петидің балеттерін әлем­нің көптеген сахнасына шы­ғарып жүрген танымал балет­мейстер Луиджи Бонино Ал­ты­най Асылмұратованың ша­қы­руымен әлемдік жауһарды елор­далық театрда қойды. Декора­ция­лар мен костюмдерді әйгілі Эцио Фриджерио Франка Скуар­чапиномен бірлесіп жасады. Елор­далық театрда кос­тюмдерді жаңғырту бойынша суретші ретінде Анна Верде, жарық бойынша суретші әрі техникалық үйлестіруші ретін­де Жан-Ми­шель Дезире тер төкті.

Ролан Пети 1924 жылы 13 қаң­­тарда Парижде дүниеге келген. Бала кезінен сан алуан өнер­ге қызығушылық білдірген 9 жасар Роланды әкесі Париж Опе­ра­ның балет мектебіне бере­ді. 40-шы жылдары кордебалет әртісі болып жүрген кезін­де ол жеке нөмірлер жасай бас­тайды, ал 1945 жылы «Ко­ме­дианттар» балеті оған зор же­тіс­­тік әкеледі. Сол кезде ол өзі­нің алғашқы жеке труппасын құрды. Шексіз дарыны мен мен­шікті танымал мәнері маэстро­ны өз заманының жетекші хорео­графтарының бірі етеді. Клас­сикалық хореографияға адал бола отырып, ол оны заманауи би және театр өнерінің элементтерімен байытуға тырысты.

вчпр

«Ролан Пети – біртуар хореограф, ХХ ғасырдың атақты классигі. 90-шы жылдардың ортасында маған онымен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Ол маған зор ықпалын тигізді және де онымен бірге Марсель театрында жұмыс істеген кезеңім өмірімнің маңызды белесі, әлдебір кәсіби баспалдақ іспетті. Өнер иесі керемет адам еді, күш-қайраты тасып тұрса да, мінезін ешкімге көрсеткен емес, оның қиялында шек жоқ еді. Кей күндері ол бір нәрсенің жайсыз екенін сезінсе, ал шабыты келгенде жұмысқа кірісіп, тың дүниелер жасайтын. Ал біз оған үлгеріп, барлығын лезде жаттап алуға және есте сақтауға тиіс едік. Сол кезде дүниеге келген тамаша спектакльдер қазір де өмір сүруде және олар бүгінгі таңда да өзекті.  Ролан Пети салмақты дүниелерді сахналағанымен, әзіл-қалжыңға да шебер-тін, сондықтан ол жеңіл, әзіл-сықақ балеттерді де жасады, мұның жарқын дәлелі – «Коппелия», деді Алтынай Асылмұратова.

Алғаш рет «Коппелия» 1870 жылы Париж операсында қойы­лып, оның премьерасын На­полеон III Бонапарт әйелімен бірге тамашалаған. Содан бері, міне, 154 жыл бойы қойылым әлемдік театр сахналарында зор табыспен ұсынылып, хореограф­тардың жаңа буынын шабыттандырып келеді.

Лео Делибтің туындысы Ролан Петидің хореографиясында әлемнің әрбір қиырында зор танымалдылық пен сұранысқа ие. Драмасыз, күлдіргі оқиға желісі мен әсем хореография балетті жеңіл әрі мерекедегідей етіп көрсетеді.  Әсем әуендер, түрлі сипаттағы билер, шытыр­ман оқиғалар мен керемет кос­тюмдер арқылы баяндалатын бозбала мен жан біткен қуыр­шақтың ғажайып махаббат хикаясы ешкімді бейжай қал­дыр­майды. Аз ғана үзілістен кейін «Астана опера» сахнасына оралған спектакль тек екі кеш қана көрсетіледі.