Форум • 23 Қаңтар, 2024

Форумға дайындық басталды

169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпан айының алғашқы күндерінде Алматыда дәстүрлі «Digital Almaty-2024» форумы өтеді. Биылғы форумның тақырыбы – «Х индустриясы – болашақтың цифрлық эволюциясы».

Форумға дайындық басталды

ФОТО: @digitalalmaty

Биыл алтыншы форумға ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мем­лекет қайраткерлері, әлем­нің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпа­раттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ермановтың айтуынша, биылғы форум жаңа­шылдықтарға толы болмақ. Мә­селен, іскерлік бағдарлама мен көрме шеңберінде инновациялар мен цифрландырудың көпжақты бағыттарына назар аударылады.

– Форум GovTech, 4.0 ин­дус­триясы, ESG, Smart City және басқа да салалардағы өнер­кәсіптегі цифрлық трансформация және инновациялық ше­шімдер тақырыптарын аша­тын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынбақ. Панельдік пікір­та­ластар шеңберінде халық­ара­лық сарапшылар, сала көш­бас­шылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден ас­а спикер қатысады. Олар эко­номика мен инновация секторларында жаңа технологияларды қолдану жайында табысты кейстерімен бөліседі, – деді Е.Ерманов.

Сондай-ақ форумда цифр­лық салаға жауапты вице-министр­лердің бірінші отырысы ұйымдастырылады. Әр министр­лік өзінің іске асырып жат­қан ақпараттық жүйелерін көрсетеді.

Сонымен қатар биыл Gov tech саласындағы бастамаларды іске асыру мен экономиканың нақты секторындағы, атап айт­қанда, өндіруші өнеркәсіпті цифр­ландыру саласына ба­сымдық берілмек.

Digital Almaty 2024 ұйым­дастыру комитетінің жетекшісі Адия Ахметованың хабарлауынша, көрмеге іскерлік бағдарлама аясында 200-ден аса компания қатысады. Биыл көрменің негізгі нысандары – Цифрлық даму, Энергетика, сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министр­ліктерінің көрмелері. Қазақ­стан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Армения елде­рінен 126 технологиялық стартап қатысады. Халықаралық көр­мелер өтеді. Олардың арасында Иран, Татарстан, Қытай көрмелері бар.

– Көрменің тағы бір тұсы – инновациялық жобалармен таныстыратын жер қойнауын пайдаланушылар аллеялары. Оған қатысатын отандық және шетелдік компаниялардың түр­лі инновациялық шешім­дері ұсынылады. Tech gar­den резиденттері арасынан өнер­кәсіп үшін шешімдер әзір­лей­тін еліміздің үздік ІТ-компа­нияларының көрмесі де өтеді, – деді Адия Ахметова.

Форум аясында Орталық Азия­дағы ең үздік стартап атағы үшін алғашқы ірі сайы­с ұйымдастырылады. Жалпы, жүлде қоры 150 мың долларды құрайтын «Industry 4.0 Startup Battle» үздік өнеркәсіптік стартапты анықтайтын ауқымды сайыс болып саналады. Оның мақсаты – өнеркәсіпті цифр­ландыру саласындағы инно­вациялық стартаптарды қол­дау. «Industry 4.0 Startup Battle» ұтымды идеялар мен ше­шім­дердің, технологиялық инно­ва­циялардың шыңы болмақ.

Әлемдік сарапшылар мойын­даған Digital Almaty форумы былтыр цифрлық тау-кен, мем­лекет басқаруын, криптобиржа, киберқауіпсіздік, білім беру және корпоративті инновацияларды талқылауда 150-ден аса спикердің басын қос­қан болатын. Сонымен қатар форум мектеп оқушыларына ар­налған Digital Ministry Cup атты роботтехника және ин­женерлік жобалар бойынша алғашқы халықаралық чемпионатын өткізді. Қазақстан, Ресей және Әзербайжаннан келген қатысушылар арасында төрт аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Былтыр форум ала­ңында алғаш рет Tech Garden Awards марапаттау рәсімі өтіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс жұмыстарына инновациялық жобаларды ен­гізгені үшін өнеркәсіп орында­ры мен индустриялық кәсіп­орындар марапатталды.