Көрме • 30 Қаңтар, 2024

Суретші Садығұлов қолтаңбасы

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығармашылық әлемі халық өмірінің айнасына­ айналған қаһарман сюжеттерден бастау алатын Рақымжан Садығұлов, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар шебер суретші. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде суретшінің «Бұл – менің әлемім» атты жеке көрмесі ашылды. Ондағы кескіндеме, графика және гобеленнен құралған 70-ке жуық туындының әрбірі шығармашылық иесінің бай танымынан хабар береді.

Суретші Садығұлов қолтаңбасы

Айтулы шебер шығар­ма­шылық өмірінде 150-ге жуық туындыны жарыққа шы­ғарды. Сәндік-қолданбалы өнерінің шебері, мазмұны терең, композициялық құры­лымы кең «Жаңа қала», «Менің бағым», «Томирис», «Шамандар», «Мәңгілік», «Аңырақай шайқасы» сынды ірі гобелендердің авторы. Көрмеде өнер иесінің «Ғасырлар жаңғырығы» (1995), «Домбыра» (1985), «Күз» (1985) атты гобелендері айрықша көзге түседі. Көрменің негізгі бөлігінен суретшінің кескіндемелік туын­дылары орын алған.

Автор өз шығарма­шы­лы­ғында халықтың дәстүрлі тұр­мысы мен көне дала өрке­ниетінің мифологиясына, тарихы мен мәдениетіне басты назар ауда­рады. Әсіресе «Ғасырлар тоғы­сында», «Абылайхан шай­қас алдында» (1998), «Томирис» (2011), «Ұлы дала жәді­гері» (2014), «Айшабибі» (2015), «Ару сезімі» (2016), «Түрік­ қағанаты» (2019), «Ұмай – ана» (2019) секілді кең тыныс­ты шығармалары өнер кеңіс­тігінде мойындалған іргелі ізде­ністер.

«Рақымжан Садығұлов – бейнелеу өнерінің бірнеше жанрын шебер меңгерген, әртүрлі техникада еркін жұмыс істей алатын талант иесі. Суретші шығармашылығын шабыттандыратын бастаулар қазақтың халық өнері мен тарихи тұлғалары. Автордың шығармашылығына тән ерекшеліктер – қанық колорит, түстік қатардың батыл контрасты. Оның кескіндемесі түстік жарықпен нұрланған стилистикасы сәнділікке жақын. Автордың ой-сана­сы мен рухын ғасырлық мәдени құндылықтармен сусындатқан дәстүрлі қазақ әлемінің бейнелері рухтандырады», дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Лаура Әбілдаева.

Өнертанушы атап өткен­дей, Р.Садығұлов теория мен тәжірибені, арнайы пәндерді оқыту әдісте­ме­сін жетік меңгерген кәсіби деңгейі жоғары маман. Ол «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми мақа­ла­лардың және бейнелеу өнері мамандандырылған терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша түсін­дір­ме сөздігінің, О.Таңсықбаев шығар­машылығына арналған кітаптың авторы.

Суретші 30 жылдан бері өз шығармашылығымен бірге ұстаздық қызметті де қатар алып жүр. Оның жан дүниесі, кәсібі, өмір тынысы өнерден өріс тапқан. Мазмұнды іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым Садығұлов қолтаңбасы хақында пайымды пікір айтты.Алматылықтар мен қала қонақтары экспозицияны 16 ақпанға дейін тамашалай алады.

 

АЛМАТЫ