Қоғам • 31 Қаңтар, 2024

Берел жұртында ардақталған «Егемен»

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Берел ауылдық кітапха­насында «Оқуға құш­тармыз» апталық аясын­­­да ауылдың жас­та­­рынан бастап, зей­нет­­керлерге дейін «Ege­men Qazaqstan» респуб­ликалық газетін оқыды.

Берел жұртында ардақталған «Егемен»

Интернет желісі жүйткіп тұр­ғанымен, таңғы шайын­ газет оқи отырып ішетін оқыр­ман­дарымыз баршылық. Әсі­ресе ауылдық жерлерде газет-журналды күтіп жүріп оқиды.

Күні кеше Берел ауылдық кітапханасында өткен рухани шараға қатысқан ауыл­дықтар ақпаратты қалта телефоннан гөрі газеттен алған анағұрлым тиімді екенін айтқан. Акция мақсаты да телефонды бір сәтке ысыра тұрып, газет беттерінен танымдық, рухани дүниелерді оқуға шақыру еді. Кітапханашы Айнагүл Шаяхметтің айтуынша, ауылда интернет болғанымен, баспасөзге жазылу науқанында өздері сүйіп оқи­тын газеттеріне жазылып, жыл бойы үздіксіз алып отырады.

«Берелге интернет тартылғанымен, ауылдықтардың бұрынғыдай қалап оқитын газеттері бар, жылда жазылатын әдеттері бар. Кітапханаға жаңадан кітап түссе, оны да оқып тауысатын оқырмандарымыз жоқ емес. Соларға қарап, кітап, газет оқу мәдениетінің барына қуанамыз» дейді кітапханашы Айнагүл Шаяхмет.

Иә, интернет өркениеті келгені­мен, газет оқу мәдениетінен ажырап қалмауымыз керек. Газетке басылған ақпарат ертеңгі күні тарихта қалмай ма? Ақпараттан өзге құндылығын жоймайтын қаншама дүние бар. Ал экран бетіндегі жазбалардың сан ғасыр сақталатынына кім кепіл?

«Баспасөзге жазылу науқаны бас­тала сала «Егеменімізге» жазылып қоямын. Газетке жазылу әдетім. Әр нөмірі келген сайын көзілдірігімді іліп алып, парақтап отырып оқимын. Бірінші беттен проблемалық мақа­лаларға дейін беріледі» дейді Берел ауылының тұрғыны Оралбек Әбенов.

Айта кетерлігі, Катонқарағай өңірі газет оқуда алдарына жан салмайды. Оны жыл соңындағы статистикалық деректер көрсетіп отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Берел ауылы