Өнер • 05 Ақпан, 2024

«Қобыздың үні толқытты...»

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінде Ма­жарстаннан келген қо­­­бызшы қыз Богларка Фехер білім алады. Қазір ол қо­­быз­дан бөлек, домбыраны да үйреніп жүр.

«Қобыздың үні толқытты...»

Дәстүрлі музыка маман­дығының студенті Б.Фехер алты тілде еркін сөйлейді. Бір сөзбен оны полиглот деп айтуға болады. Ол Түркістанға қобыз үй­ренуге келіпті. Елімізге келгеннен кейін қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріп алған. Оның қобызға қызығушылығы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің Ма­жар­станда болған концертінен кейін оянған.

«2014 жылы біздің елге «Тұ­ран» ансамблі гастрольдік сапармен келді. Керемет концерт қойды. Сол концертті көріп, қазақ өнеріне ғашық болдым. Әсіресе мені қобыздың үні ерек­ше толқытты. Содан бас­тап осы аспапты үйренуге ден қойдым. Үйрену үшін аталған ансамбльдің қобызшысы Мақсат Медеубектен онлайн сабақ алдым. Сөйтіп, қобызды әжептәуір меңгердім. Қазір еркін ойнаймын. Енді ұстазым Ерасыл Қауымбаевтан домбыра үйреніп жүрмін», деді ол.

Айта кетейік, Богларка Фехер­дің композиторлық қабілеті де бар. Қобызға арнап «Дала сыры» атты күй шығарған. Бұдан бөлек мажар тілінде жазған туындылары да жетеді.

 

Дидар АСЫЛХАН,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті