Үкімет • 07 Ақпан, 2024

Үкімет Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қайта қарайды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Үкімет Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қайта қарайды

фото: primeminister.kz

«Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз», деді Президент. 

Мемлекет басшысы инфрақұрылым жоспарының негізгі басымдықтарын айқындап, аталған жоспарды қайта қарауды тапсырды. 

«Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн», деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзіне айналуға тиіс.

«Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан едім. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда, өзге де құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын.

Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді», деп түйіндеді ел Президенті.