Сатира • 08 Ақпан, 2024

Шұлық

89 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шұлық

Ілдебайға кіреберістегі хатшы қыз:

– Сізге Пықып Асабас деген біреу кірмей кет­пеймін деп отыр, – дегенде, бүйрегі бүлк ете қалды. Пықып – аталас та тетелес інісі. Шәйпау, мінезі тік, тек төтесінен тартады. Мар­құм әкесі мұ­ның есейіп ер жетуі ғана емес, біле білсе, осы ла­уа­зымды қызметтің «қызыл кірпішін» қалап бер­ген кісі. Баласының жолы болмай жүнжіп жү­ре­тінін білетін. Не де болса, қолдан келсе көмек­­тескенді парыз санап, қабылдағанды жөн көрді.

Аман-есендікті келте қайырып, інісіне:

– Халің қалай? – деп ресми түрде төтесінен тартып еді:

– Тесік шұлық киіп жүрмін... – деп ол да төтесінен дүңк еткізді.

Ілдебай бірауыз сөзбен бедірейіп отырған інісіне сәл-пәл ақылын айтқан болып еді:

–  Берсе қолынан, бермесе жолынан... Ақ­ша мен биліктің заманы, қол жетсе, ұрыс­та тұрыс жоқ! – деп күжірейе күңк етіп көсем­сіген соң:

– Бір қызметке қояйын, байқарсың, – деп шығарып салды.

 Інісі келесі келгенде де:

–Халің қалай? – деп сұрағын келте қайырып еді:

– Шұлығым бүтінделді, ескі көлікпен те­пеңдеп жүріп жатқан жайым бар... – деп қана жауап қатты.

Оған байқау керектігін, пәле аяқасты екендігін ескертіп, онысына: «Заманына қарай – адамы», «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген мәндегі тіркестерді естіп: «Пәле қайда деме, аяқ астында», деген болып, тағы бір бүрі бар қызметті бұйыртты.

 Інісі келмей кетеді, келсе, тегін келмейтінін білетін басы, бұл жолғы бас сұғуында:

– Е, халің нешік? – деп сұрағындағы сөзді өзгерткен болды.

– Көлігіме көңілім толады. Тек тар үйден тынысым тарылып жүргені... – деп, бұрынғы бұқа мінез жоқ, айтарына сәл-пәл «қан жү­гіріп» жуасығандай.

Ілдекең іштей мұнысына шүкірлік етіп, көздеп жүрген белді қызметін белден басып берді де жіберді.

Жоғалып кетіп, келесі келгенінде:

– Қалайсың? – деп сынай қарады.

– Үйді үлкейткенмін, келініңіз риза! Тек пәлекеттің айтары біте ме, жер алып, ел сияқ­ты саяжайда тұрғанға не жетсін дейді, – деп күміл­жіген болды.

Қолдан келері қызмет, тағы да беделді салып, белден басуға тура келді.

Содан інісі ізім-қайым, бетін аулақ... енді-енді іздеу салайын деп жүргенінде, өзі емес, келін келіп отыр.

Бірден:

– Інім қалай? – деп еді, күмілжи бір парақ қағазды алдына қойды. Көз жүгіртіп еді: «Түрмедемін... шұлық тоқып жүрмін... тоқып бастап, жақында шұлық цехының шеберіне көтерілдім. Көке, көмектесіңіз, адал еңбектің не екенін ұқтым. Шыққан бойда бар кәсіпті тәрк етіп, тек шұлық тоқумен айналысамын», деп келте қайырыпты.

Берік САДЫР