Технология • 11 Ақпан, 2024

Жасанды интеллект мүмкіндігі

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жасақталған Үкімет жұмысының басымдықтарының контуры ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айқындалған еді.

Жасанды интеллект мүмкіндігі

Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазақстанның экономикалық дамуы­ның жаңа парадигмасы еліміздің бәсе­келік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, техноло­гия сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді». Сон­дық­тан Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған он міндет кешенді жұмыстың арқасында жыл сайынғы экономика көлемінің өсімін кемінде 6 пайыздан төмендетпеуге тиіс.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық өсімнің маңызды фак­торларының бірі – Үкіметтің кеңейтілген шығындары. Кейінгі 40 жыл ішінде дүние жүзінің көптеген елі мемлекет көлемі мен экономикалық өсім қарқыны арасындағы теріс қатынаспен сипатталды. Сол себепті мемлекеттің үлкен көлемі – ІЖӨ-дегі мемлекеттік шығындардың жоғары үлесі, оның ішінде экономиканың құрылымына байланысты, экономикалық өсуді тежейді. Сәйкесінше Үкіметтің бас­ты басымдығы мемлеткеттік шы­ғындарды оңтайландырып, кіріс бөлі­гін жүйелі арттырудың тетіктерін қарастыру болмақ. Оны жүзеге асыру үшін қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерді «кіші жеңістер» стратегиясы арқылы еңсеріп, экономиканың ұзақмерзімді сапалы дамуын қамтамасыз ету жоспарын ойлас­тыру қажет. Экономиканың тиімділігі мен қаржылық тұрақтылықтың тағы бір маңызды көрсеткіші – ұлттық валюта бағамы. Халықтың жыл бойы көңіл күйіне тікелей әсер ететін көр­сет­кіш. Үлкен мәселелерді шешу жолында жаңа Үкімет мұндай сезімтал нәрселерді де ойдан шығармауы керек.

Әлемде мемлекеттің қаржы мөл­шері деп елдің аумағы мен халық саны емес, мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің үлес салмағы, мемлекет меншігіндегі активтердің үлес салмағы, мемлекеттік кәсіпорындарда өндірілген өнімнің үлес салмағы (мемлекеттік кәсіпкерлік), ІЖӨ-дегі мемлекеттік шығындардың үлес салмағы есептеледі. Ал мемлекеттің қаржы мөлшерін тез арада арттыру үшін алға жылжуды қамтамасыз ететін экономиканы құрылымдаушы са­лалар қажет. Ал әлемдегі жаңа төң­керіс алып келетін сала – жасанды интеллект. Оның жуық арада қам­тымаған секторы қалмайды. Сон­дықтан мұндай тенденциялардан қалыс қалу артта қалған мемлекетпен пара-пар. Қазақстанда жасанды интеллект құ­ралдарын дамытудың іргетасы қа­лыптасып келеді, бастысы жігер де бар. Пайдалана алмаған мүмкіндіктер ретінде емес, әлеуетімізді нақты нәти­же­мен көрсету маңызды.

 

Риззат ТАСЫМ,

Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы