(фотосуретті ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынды)
– Босану блогымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, біз жаңа туған нәрестелерде нейрохирургиялық ақаулар анықталған кезде дереу операция жасауға тырысамыз. Мысалы, патологияның әртүрлі деңгейлері бар. Әсіресе, омыртқаның туабіткен жарығы жиі кездеседі. Егер бұрын гидроцефалия диагнозы үкім сияқты естілсе, қазір бұл аурумен Ана мен бала орталығының нейрохирургтері сәтті күресіп жүр, – дейді ШҚО Ана мен бала орталығының нейрохирург дәрігері Олжас Азанқұлов.
Аймақтағы Ана мен бала орталығында Самар ауданының Шұбарқайың ауылынан келген 11 жастағы Камила Байзақова сәби кезінен бастап гидроцефалия диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Нәрестеге алғашқы шунт екі айында қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, кейін Камиланың аяғында әлсіздік пайда болған. Тексере келе МРТ нәтижесі жұлын жарығын көрсеткен. Сөйтіп, 2013 жылы сәби кезінде оған Астана қаласындағы нейрохирургия орталығында жұлын ісігіне операция жасалды. Жалпы, бүгінге дейін бес операцияны басынан өткізіпті.
Жыл сайын Камила анасымен бірге ШҚО-дағы Ана мен бала орталығына келіп, вентрикуло-перитонеальді шунтты тексертеді, оңалту курсынан өтеді, абзал жандардың қадағалауында болады. Күні кеше ғана жеткіншекке хирургтер тағы бір операция жасады. Қазір пациент өзін жақсы сезінеді. Үйге шығуға дайындалып жүр. Ана мен бала орталығы дәрігерлерінің айтуынша, ол ауруханада бос қарап жатпайды. Моншақтардан әртүрлі суреттер кестелейді, телефондарға арналған білезіктер жасайды. Жасаған зергерлік бұйымдарын нейрохирургия бөлімінде емделіп жатқан балаларға сыйлап жүр. Кішкентай пациент бөлімде жатқан құрдастарына ғана емес, ересектерге де өміршеңдіктің, төзімділіктің және ақыл-ойдың үлгісін көрсетті.
– Гидроцефалия болған жағдайда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауруды кәсіби емдеу және сауатты оңалту асқынулар мен мүгедектік дәрежесін 60%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Шала туған шараналар мен жұлын жарығы бар балалар тәуекел тобына кіреді. Гидроцефалия көбінесе үш айға дейін анықталады. Егер осыдан 20 жыл бұрын гидроцефалия диагнозынан айығып шығу мүмкін болмаса, бүгінде ерте көмек пациенттердің 95%-ын құтқаруға мүмкіндік береді, – дейді «он саусағынан өнер тамған» дәрігер Олжас Азанқұлов.
Айта кетейік, елімізде жоғарыда аталғандай, диагноз қойылған науқастарды емдеу тегін. Барлық шығын МӘМС қаражаты есебінен жабылады.
Шығыс Қазақстан облысы