Қоғам • 14 Ақпан, 2024

Мұғалімдер шалғайда тұрса да, ауыл коэффициентін ала алмай жүр – депутат

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қарақат Әбден  Премьер-министр Олжас Бектеновке «ауыл», «қала» мәртебесі бар елдімекендердегі мектеп мұғалімдері үшін ауылдық коэффициент енгізу туралы сауалын жолдады,  деп жазады Egemen.kz төменгі Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұғалімдер шалғайда тұрса да,  ауыл коэффициентін ала алмай жүр – депутат

Фото: abdenkarakat

«Бүгінгі қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда 25 пайызға көтерілді.  Аталған заңның нәтижесінде  ауыл мұғалімінің жағдайы түзелді. Бұл ауылдағы  оқушыларға қала мектептерімен тең дәрежеде білім беру үшін қабылданған дұрыс шешім  еді.  Өкінішке қарай мұнда бір мәселе бар. Тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да мәртебесі қала немесе кент статусына ие болған елдімекен  мұғалімдерінің жағдайы осындай. Барлық  талап  бойынша  ауылдық елдімекендерге жатататын кенттер мен шағын қаладағы мұғалімдер заңда бекітілген 25 пайыздық қосымша төлем алатын ауылдық коэффициентке қол жеткізе алмай отыр. Яғни олар тұратын елдімекеннің қала, кент деген әкімшілік мәртебесі тек қағаз жүзінде ғана. Қала немесе кент болғанымен шынтуайтында кәдімгі ауыл. Мысалы Ұлытау облысы Қаражал қаласы мен  Жәйрем кенті. Қаражалда  8 мың адам, Жәйремде 9 мың  тұрғын бар. Осы жерден 20 шақырым жердегі Жеңіс ауылының мұғалімдері ауылдық коэффициентті алады. Ал облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым, Қарағандыдан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Қаражал мен Жәйремнің мұғалімдері  аталған үстемақылардан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді мүмкіндіктерді ала алмайды. Сол себепті де Жәйрем кентінің мұғалімдері көрші ауылдарға барып жұмыс істеуге мәжбүр.

«Ауыл» партиясы халық саны 10 мың адамға жетпейтін  кенттер мен ауылдық маңызы бар шағын қалалар бойынша мәселені мұқият зерттеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша халық саны 10 мыңға жетпейтін  қала, кент статусына ие 36 елдімекен бар.  Мұнда 70-тен астам жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп бар. Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалалардың мұғалімдерін қолдау қажет. Шалғайдағы мектептердің барлық  ауылдық белгілері бар концепцияға  толықтай сәйкес келетін елдімекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қолжетімді болуы тиіс», деді Қ.Әбден.

Депутат Үкімет басшысынан әкімшілік мәртебесі қала не кент болғанына қарамастан кәдімгі ауыл тірлігін кешіп отырған шалғайдағы елдімекен мұғалімдері үшін ауылдық коэффициентті  енгізуді сұрады.