Құқық • 14 Ақпан, 2024

«Сот кабинеті» ашық

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан 10 жыл бұрын Жоғарғы сот ресми сайтында онлайн сервистерге және сот органдарының қызмет көрсетулеріне қолжетім­діліктің жалғыз терезесі – «Сот кабинеті» электрондық жобасын іске қосты. Арнайы сіл­теме арқылы өтсеңіз, сот кабинетімен жұ­мыс жө­ніндегі анықтамада осы электронды сер­висті қалай пайдалануға болатыны ретімен көрсетілген.

«Сот кабинеті» ашық

Фото: qyzylqoga.kz

«Сот кабинеті» – сот органдарына арыз, өтініш, шағым мен өтініш хаттарды, сондай-ақ хаттарды жіберуге арналған сервис. Ол үшін сотқа жүгінуші алдымен ХҚО-дан электрондық цифрлық қолтаңба алуы қажет. Порталға өткеннен кейін арыз беруші электрондық қызмет көрсетудің ішінен өзіне керек бөлігін оңай таңдай алады. Қағазсыз электрондық құжат айналымы арқылы сот құжаттарын және істерді іздеуге, мемлекеттік бажды онлайн түрде төлеуге, істі қарау барысын қадағалауға болады.

«Сот кабинеті» сервисінің қағаз түрінен ерекшелігі талап қою үшін арыз беруші порталға тиісті деректерді қамтитын электрондық талап нысанын толтыра алады. Электрондық құжат нысанында талап және құжаттардың басқа да көшірмелері қоса тіркеледі. Арыздың атрибуттарын енгізгеннен кейін, қажет болған жағдайда талап беруші мемлекеттік баж салығын төлей алады. Осыдан кейін электрондық талап қоюға арыз берушінің электрондық сандық қолтаңбасымен қол қойылып, Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі орталығына жіберіледі.

«Сот кабинеті» электрондық жүйесі арқылы жолданған талап қоюлар бойынша істе тараптар сотқа келмей-ақ, осы жүйеге кіру арқылы іс құжаттары, материалдар, сот шығарған құжаттар, сот хаттамасын беру туралы арыз, хаттамаға ескерту-арызды беруге және сот актілерімен танысып, көшірмелерін алу құқығына ие болады.

Электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, электрондық қадағалау іс жүргізуіне қолже­тімділікті қамтамасыз ететін «Сот кабинеті» – қағаз құжат айналымынан біртіндеп бас тартып, соттарда электрондық сот ісін жүргізудің жаңа сатысына көшу дегенді аңғартады.

 

Аян АЛТЫНБАЕВ,

Жалағаш аудандық сотының әкімші басшысы

 

Қызылорда облысы