– Біздің оқу орнынан 2001 жылдан бері 2 300-ден астам жоғары білікті маман түлеп ұшты. Сондықтан біз Қазақстан тарихы мен қазақ тілін оқып-үйрену мен оқыту әдістемесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлеміз. Қазақ тілін білу деңгейін арттыру мақсатында филиалда оны жетілдіру бағдарламасы әзірленді, – деді филиал директоры Александр Сидорович.
Қазақ тілін оқытуды жетілдіру үшін ҚазТест жүйесі негізінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін объективті бағалап, болашақ түлектерге одан әрі мемлекеттік қызметке орналасуы және еліміздегі жоғары оқу орындарындағы магистратура мен докторантурада білім алуына мүмкіндік туғызатын әдістемені енгізу мәселесі жолға қойылды. Талапқа сәйкес, олардың қазақ тілі бойынша біліміне ағымдағы бақылауды реттілікпен қадағалайтын ҚазТест жүйесі енгізіледі.
Бақылау тыңдалым, лексикалық және грамматикалық құрылым, оқылым, жазылым блоктары бойынша жүргізіледі. Бүгінде барлық оқу бағытында бірінші және екінші курс студенттері үшін бақылауды орындау жүйесін енгізудің алғашқы нәтижесі бар. Студенттердің дені мемлекеттік тілді меңгерудің негізгі және орта деңгейін көрсетті.
Ғылыми кеңесте оқу үдерісінің тәжірибелік бағытын күшейту мақсатында аралық бақылау емтиханымен бірдей деңгейдегі ҚазТест сертификаты болуын есепке алуды енгізу керек деген шешім қабылданды. Сонымен бірге филиалдың кітапхана қорын қазақ тіліндегі көркем және оқу әдебиеттерімен толықтыру, «Іскерлік қазақ тілі» және «Академиялық жазу» бағдарламасы бойынша факультативтік сабақ ұйымдастыру, сондай-ақ оқыту үдерісінде пайдалану үшін инновациялық электрондық оқулықты әзірлеу және дайындау қолға алынады.
Қазақ тілінің оқу-әдістемелік базасын қалыптастыру, жетілдіру және студенттердің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге ынтасын арттыру үшін республикалық, облыстық, қалалық қазақ тілін оқыту және қазақ тілі оқытушыларын қайта даярлау орталықтарымен, айталық, ҚазТест, Ұлттық тестілеу орталығы, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.