Салтанатты жиынға Райхан Қалиолдина, Рахман Омаров, Марал Анарбек, Асылбек Боранбаев сынды белгілі өнер майталмандары және Т.Жүргенов атындағы колледж студенттері мен Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Талантты режиссер Шәкен Айманов өз халқымен өз Отанының өнер жолындағы Алатаудай ақиық мұрагері ретінде есімі тарихта қалған тұлға. Оның шығармашылық тұлғасының қалыптасуына қазақ өнерінің қара шаңырағы – Қазақ драма театрының сахнасында шыңдалған, толысқан жылдар терең із қалдырды.
«Аймановтың алғашқы ұстаздары, тәлімгерлері – аға буын әріптестер, атақты актерлер Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбековтер болды. Режиссерлік жұмыстарының жанрлық, тақырыптық аумағына үңілсек, оның кең ауқымды, алуан түрлі екенін байқаймыз. Атап айтқанда, «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Алдар Көсе» халықтық кинокомедиялары, өз дәуірінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, «Бір ауданда», «Біз осында тұрамыз» кинохикаяттары қалың көрермендерінің көз қуанышына айналған еді», деп еске алды кеш қонақтары.
Еске алу кешінде, Ш.Аймановтың ізін жалғап келе жатқан сахна саңлақтары айтулы тұлғаның болмысы жайында, ұлы режиссердің кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адами қасиеттері жөнінде, сонымен қатар, өздерінің өнер жолына келу жолын да кеңінен сөз етті.
Талантты актер Асылбек Боранбай Шәкен Кенжетайұлының өмірде ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт адам болғанын, жұртпен араласқанды, кез келген жиылыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін қасиеттерін баса айтты.
Кездесу соңында студенттер мен оқушылар тарапынан кеш қонақтарына сұрақтар қойылып, әдемі жауаптардың куәсі болдық.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Жанар Жайыққызы қонақтарға сыйлықтар табыстады.