Президент • 20 Ақпан, 2024

«Ер адамдар ренжімесін»: Президент қызметтегі әйелдердің үлесін жоғары бағалады

1155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты. Жиын барысында Президент мемлекеттік қызметтегі әйелдердің рөлі жайында сөз қозғады, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ер адамдар ренжімесін»: Президент қызметтегі әйелдердің үлесін жоғары бағалады

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың мәні зор екенін алға тартты.

Бұл ретте Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

«Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді», деп қосты ел Президенті.

 

Соңғы жаңалықтар

Президент Минск қаласына барды

Президент • 26 Маусым, 2025

БҚО тілшілері тапанша атып жарысты

Аймақтар • 26 Маусым, 2025

Ұрпақ жадына көшкен ерлік

Тарих • 26 Маусым, 2025

Сурет пен дыбыс симфониясы

Мәдениет • 26 Маусым, 2025

Қызылорданың газ әлеуеті артып келеді

Энергетика • 26 Маусым, 2025

Қырғызстанда жер сілкінді

Әлем • 26 Маусым, 2025