Фото: baq.kz
Қазақстан дипломаттары мен Вашингтондағы халықаралық фортепиано өнері кеңесінің қолдауымен АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінде «Көктем шуағы» классикалық музыка кеші болып өтті.
Іс-шараға АҚШ Мемлекеттік департаментінің, Вашингтонның дипломатиялық корпусы мен америкалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Классикалық шығармаларды маэстро, Вашингтон классикалық музыка қоғамының негізін қалаушы, виртуоз пианист Наталья Казарян орындады.
Концерт барысында қонақтарға белгілі композитор Нағым Меңдіғалиевтің «Дала» композициясы орындалды. Келген қонақтарды тәнті еткен еліміздің жарқын туындысымен қатар Иоганн Себастьян Бах, Лили Буланжер және Морис Равелдің классикалық музыкасы ұсынылды.
Концерттік бағдарлама алдында сөз алған Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев өнер мен музыканың шекара таңдамайтынын әрі берік қарым-қатынастарды нығайтуға көмектесетінін ерекше атап өтті. Музыка әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдерін біріктіре алатын әмбебап тіл екенін де сөз етті.
– Қазақстанды жақсы көремін. Менің ойымша, қазақ халқы – ерекше, кеңпейілді, ақкөңіл, адал, шыншыл, ғажап, еңбекке бейім халық. «Қазақ халқын ерекше құрметтеймін және өзімді қазақпын деп есептеймін, – деді Вашингтондағы дипломатиялық қоғамдық қарым-қатынастар ұйымының өкілі Рода Септиличи.
Аталған іс-шара тек музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызды қадам екені сөзсіз.