Саясат • 29 Ақпан, 2024

Ықпалдастық нығаяды

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты делегациясының мүшелері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінде әріптестерімен жұмыс бабындағы кездесу өткізді.

Ықпалдастық нығаяды

Парламент Сенаты аппаратының басшысы Максим Споткай мен Федерация Кеңесі аппаратының басшысы Геннадий Головтың кездесуі барысында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Тараптар сондай-ақ ынтымақтастық туралы тиісті меморандумды әзірлеу және оған қол қою мүмкіндігін талқылады.

Максим Споткай басқосуда елдері­міз екі жақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша барлық деңгейде өзара тиімді және нәтижелі іс-қимылды өрістетіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан мен Ресей басшылары кездесулер мен консультацияларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Парламенттер арасында да тиімді жұмыс қатынасы қалыптасты. Сенат төраға­сы Мәулен Әшімбаев пен Федера­ция Кеңесінің төрағасы Валенти­на Матвиенконың бастамасымен парла­ментаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс жүзіндегі шаралар жоспарына қол қойылып, табысты жүзеге асып келеді. Біздің кездесу, шын мәнінде, сол жұмыстың жалғасы», деді М.Споткай.

Геннадий Голов өз кезегінде парла­мент­тер палаталарының аппарат­тары ара­сындағы өзара іс-қимылдың жоғары дең­­гейін атап өтті. Ол сондай-ақ тәжірибе ал­масу жұмысына қарқын беру үшін ап­­па­раттардың тиісті құрылымдық бөлім­шелері қызметкерлерінің өзара тағы­лымдамасын ұйымдастыруды ұсынды.

Кездесуге қатысушылар сонымен қатар электрондық құжат айналымында, ақпараттық жүйелерде, заңнама­лық үдерістерді ұйымдастыруда және аппарат қызметінің өзге де салаларында жаңа тәсілдерді қолдану мәселелерін талқылады.