Зерде • 29 Ақпан, 2024

Міржақыптың беймәлім суреті

766 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына жұмыр жер бетінде қаншама халық өмір сүрсе, соншама тарих алтын әріптермен жазылды. Маңыздысы, кімнің тарихы қалай жазылды, уақыт кемесі оны асау ағыстар мен бұла бұлқыныстардан қалай аман-есен алып өтті деген ұлы сауалға келіп тіреледі. Қа­лай десек те, өз тарихы мен мәдениеті үшін көкірегін мақ­та­ныш кернейтін халықтың бірі қазақ екені рас. Қадау-қа­дау ғасырлардан өз еншісін алып, даласының байлығын, мә­дениеті пен дәстүрінің өзге­ше­лігін, өлеңі мен жырының өміршеңдігін мұрат тұтты. Әне, со­ның нәтижесінде артында ұшан-теңіз мұралар қалды.

Міржақыптың беймәлім суреті

Бүгін біз Алаш қайрат­кер­лерінің бірі, аса талантты ақын Міржақып Дулатұлының бей­мәлім суреті хақында сөй­ле­мекпіз. Бұл сурет 1967 жылы Нью-Йорк, Лондон қала­ларында қатар басылған «Ор­та­лық Азия Ресей отарында» атты зерттеу еңбегінде жа­рық көрген. Америка тарихшысы Эдвард Алворздің редакциясымен оқырманға ұсы­нылған бұл ғылыми жи­нақ­та Орталық Азиядағы халық­тар­дың жалпы жағдайы, тілі, әдебиеті, әлеуметтік және қоғамдық түйткілдер, отар­лық дәуір жағдайы сияқты ма­ңызды мәселелерді сөз етеді.  Осы жинақтың бел орта­сындағы «Құбылмалы зият­керлік және әдеби сауат­ты­лық» атты мақалада мынадай сөйлемдер бар. «Қазақ ұлт­шылдарынан құралған «Алаш­орда» партиясының не­гі­зін қалаушылардың бірі, қазақ оқу-ағарту комиссары міндетін атқарған Ахмет Бай­тұрсынұлы шын мәнінде ма­ңыз­ды саяси қайраткер бола білді, ал Міржақып Дулатұлы оны көптеген іс-әрекетте өзіне үлгі тұтты». Қазақ зия­лы­ла­рының ауызбіршілігі мен таланты туралы осылай баға берудің өзі әділетті көзқарас десек, артық болмас. Автор осы тұста Міржақып Дулатұлының бұрын жарияланбаған бір суретін қосады. Сурет астына «Міржақып Дулатұлы (сол жақта) қазақ реформаторы, жақын досы Ахмет Вали Иб­рахимоғлының қолын қы­­сып тұр, Петропавл, 1906 жыл» деген түсініктеме беріп, «Азамат Алтайдың мұрағатынан алынды» деген сілтеме береді.

Қазақы оюы бар текемет үс­тінде отырған қос зиялының бұл құнды суреті өткен ғасырдағы Орталық Азиядағы зиялылардың шынайы бейнесін көрсетіп тұр. Туған елінің тағдыры үшін қо­лы­нан келгеннің бәрін істеуге пейіл ақынның жиырма бір жас­тағы келбеті мұраты айқын, үміті бекем, көзқарасы анық екенін айшықтағандай. Батыс ғалымдары, әсіресе Америка зерттеушілері әлемдегі алуан түр­лі өркениеттің түп-тамырын, халықтардың, тайпалардың тегін зерттегенді жаны қалай­ты­ны шындық. Сол үшін де олар­дың көбі ежелгі халықтар туралы том-том кітаптар жазып, іргелі зерттеулер жасады. Біз сөз етіп отырған ғылыми еңбекте ав­торлар Ресей құрсауындағы түркі халықтарының мәдениеті мен қоғамдық жағдайының сан қырын жіті зерттеуі – осы сөзіміздің бір дәлелі. Қолы­мыздағы еңбектің келесі бет­терінде Әлихан Бөкей­хан­ұлы, «Дала уәлаятының газеті», Шор­тан­бай Қанайұлы туралы ақпараттарды кірістіреді. Әсіресе Міржақып Дулат­ұлы­ның «Қазақ жері» поэмасына тоқталып, оның ағылшынша аударма нұсқасын береді.

Қалай десек те, аталған ғы­лыми жинақта Орталық Азия­дағы өзге халықтармен бірге қазақ халқының да Ресей ота­рын­­дағы жай-күйі баяндала­ды. Біз үшін маңыздысы, ұлты үшін жанын берген Міржақып Дулат­ұлының жастық шағын бейне­лей­тін өзгеше суретінің алпауыт елдің баспасынан шыққан кітапта жарық көруі болмақ. Осын­дайда ағылшын жазу­шысы Джон Рускиннің «ұлы халық­тар өз тарихын ісі­мен, сөзімен және өнерімен жазады» дегені ойымызға оралады. Отар­лық жүйе жанып тұрған шы­рақты өшірдік деп ойлады,  бірақ ол өшкен жоқ. Сансыз санада, жылы жүректерде мәңгі лаулап жана берді. Кешегі озбыр саясат алға шыққан азаматтың атының басын іріккісі келді,  кері­сінше, талантты ойдың, тал­ғам­ды тұлғалардың рухы мен ділі өз халқының ендігі бағыт-бағ­дары болды. Мұхиттың ар жа­ғындағы елде Міржақып сынды ашық ойлы азаматтардың та­рихи да құнды жәдігерлері та­былып жатқаны – көңілге қуа­ныш, жүрекке жебеу. Ал тарих қашанда көзімен көргенін өз естелігіне жазады, уақыт соны екшейді, қалғаны заман ен­ші­сін­де.

 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Болашақ» бағдарламасы George Washington университетінің зерттеушісі, Америкадағы «Абай орталығының» үйлестірушісі

 

АҚШ