Қоғам • 01 Наурыз, 2024

Әке аманаты

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностың бір-біріне деген мейрімділік, ынтымақтастық, татулық пен бірліктің мерекесіне айналды. Досым, Парламент депутаты болған, қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Ахмет Мұрадов бес жылдай бұрын осыдан өткен ғасырдың 40-жылдары жүк вагонына тиеліп, Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған чешен отбасының ұрпағы Могамед Эльжуркаевпен таныстырған еді.

Әке аманаты

Могамед Хамадович қазір бү­кіл әлемге белгілі «Волгоград­хим­маш» заводының бас директоры болып қызмет істейді. Таныс­ты­ғы­мыз достыққа ұласып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Могамед досым кездескен сайын атасы Әли мен әжесі Бесиртті 1944 жылғы ақпанның қақаған аязында шиеттей бес баласымен Семей стансасынан түсіріп кеткенде оларды қазақ ағайынның қамқорлығына алып, өздері де жоқшылықтың тауқыметін көріп жүрсе де барымен бөліскенін айтып отыратын. Қазақтың қуғын-сүргінге ұшыраған талай ұлт өкілінің тірі қалып, ұрпағының құрып кет­пеуіне жасаған жақсылығын тебі­рене әңгімелейтін еді. Чешен және ингуш халқы Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1957 жылы ақта­лып, автономиялық республика құрыл­ған­да Могамедттің әкесі Хамад пен анасы Кока 1958 жылы еліне оралады. Могамед Хамадұлы 1961 жылы Чешенстанда дүниеге келсе де, бала кезінен ата-ана­сы­ның қазақтардың ақ пейілі, кең дастарқаны мен дарқан көңіліне ризашылығын естіп өскен.

Хамад ата балаларына кіш­кен­­тай кезінен: «Ер жетіп, азамат болғанда қолдарыңнан келсе, Қазақ­станға жақсылық жасаң­дар. Өйткені біз сол халыққа қарыз­дар­мыз», деп айтып отырады екен. Могамед Хамадұлы әке аманатын орындау мақсатында Павлодар облысының аумағынан өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мақ­сатында сараптама жүргізетін және өнеркәсіпке сериялы жабдық, стандартты емес жабдықтарды шығаратын заводты өз қаражатына салып, 2022 жылы іске қосады. Бүгінде Могамед Эльжуркаев басқаратын «Волгоградхиммаш» мекемесі – еліміздің басқа да мұнай, газ өңдеу зауытының тап­сы­­рысымен тиісті бөлшектер мен жаб­­дықтарды дайындайтын се­рік­­тес.

Әр адамның тағдыры – мұхит сияқты терең де алуан түрлі. Үлкен дастан дерсіз. Сол сияқ­ты досым Могамед Хамадұлы­ның ата-әжесінің, әке-ана­сының басынан өткерген қилы тағдыры – жү­рек тебірентетін, өз алдына бөлек, үлкен тарих.

Қиын-қыстау дәуірде, тар жол тайғақ кешкен заманда демеу болып, ұрпағы жоқ болып кетуге таяу қалған шаңыраққа қолұшын созған елді, жерді ұмытпай балаларына қазақ халқының қандай екенін құлақтарына құйып, жүректеріне жет­кізіп кеткен Эльжуркаев әуле­­тіне біздің де алғысымыз шексіз.

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ 

Қоғам қайраткері