Қоғам • 03 Наурыз, 2024

«Бір күндік клиника» жобасы құрсақтағы шарананың кеселдерін дәл анықтауға көмектеседі

204 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (ПжБКХО) базасында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бір күндік клиника» жобасы құрсақтағы шарананың кеселдерін дәл анықтауға көмектеседі

Жоба аясында туа бітті және хромосомалық патологиялары бойынша тәуекел тобындағы Алматы қаласының жүкті аналары іштегі шарананың денсаулығын анықтайтын негізгі тексеруден өте алады. Зерттеу Fetal Medicine Foundation пренаталдық диагностика жөніндегі жетекші еуропалық ұйымның алгоритмі бойынша бір күн ішінде, заманауи және өте дәл диагностикалық жабдықтарда – иммунохимиялық талдағыш пен қуатты микроскопта жүргізіледі. Бұған дейін мұндай зерттеу кейбір жекеменшік орталықтарда ғана бар болатын.

«Біздің орталықта пайда болған пренаталды скринингтің жаңа әдісі аса жылдамдығымен ерекшеленеді: барлық тексерулер бір күннің ішінде жүргізіліп, аяғы ауыр әйелдерге зерттеу нәтижелерін жылдам әрі барынша дәл алуға мүмкіндік береді. Орталықтың AYALA қайырымдылық қорымен тиімді ынтымақтастығының, соның ішінде мемлекеттік медициналық көмек шеңберінде біз диагностикалаумен емдеудің ең заманауи әдістеріне қол жеткізіп отырмыз», дейді Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнара Нұрланова.

Мұндай пренаталды скрининг жүктіліктің 12 аптасындағы жатырдағы ұрықтың дамуындағы ықтимал, туа бітті аномалияларды анықтауда шешуші рөл атқарады. Жаңа әдіс дәрігерлерге иммундық-химиялық талдау, ұрықтың хромосомалық ауытқуларын цитогенетикалық зерттеу арқылы кеселдерді дер кезінде анықтауға, жүктілікті жүргізуде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

«Қазақстанда балалардың мүгедектігін азайту – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі үшін де басты міндеттердің бірі. Біз бүгін еліміздің туу көрсеткіші жоғары басқа аймақтарында жалғасын табатын алғашқы «Бір күн клиникасы» жобасын бастадық. Алматы қаласындағы ПжБКХО-на берілген иммунохимиялық талдағыш Нобель сыйлығына ие болған бірегей технология негізінде әзірленген. Осы талдағышта пренаталдық скрининг үшін пайдаланылатын маркерлер бүкіл әлемдегі «алтын стандарт» болып есептеледі. Инновациялық құрал-жабдыққа қол жеткізуге көмек қолын созған «Шеврон» компаниясына да еліміздің болашақ азаматтарының генетикалық денсаулығын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғысымызды білдіреміз», деді Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Хамитова.

Сонымен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері тек 2024 жылы 10 мың жүкті әйелді пренаталды скринингтен өткізуді жоспарлап отыр.

«Міне, 15 жылдан бері біз AYALA Жеке қайырымдылық қорының перинаталдық және неонаталдық диагностиканың өзекті мәселелерін шешуге, іштегі шарана мен жаңа туған нәрестеге сапалы медициналық көмек көрсетуге, перинаталдық және неонаталдық орталықтарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсартуға, сондай-ақ неонатолог дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған жобаларын қолдап келеміз. Бұл еліміздегі сәбилердің шетінеуін азайтуға, жастай мүгедектіктің алдын алуға ықпал етеді деп сенеміз», дейді «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қошпанова.

Өз кезегінде 17 жылдан бері перинаталдық балалар медицинасының алға жылжуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан AYALA Кайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова: «Біздің еліміз үшін бұл мәселе әлі де көкейкесті күйінде қалып отыр. Жыл сайын Қазақстанда туабітті немесе тұқым қуалайтын кеселі бар 3500-ге жуық бала дүниеге келеді. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі мектеп жасына дейінгі балалардың саны 6 мыңға көбейіп келеді. Туғаннан бастап, 18 жасқа дейінгі 100 мыңнан астам бала мүгедектікке шалдыққан. «Бір күндік клиниканың» ашылуы перинатологияны дамытуда және Қазақстанда жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуде маңызды қадам болып отыр. Болашақ аналарға кешенді скринингтік зерттеу жүргізудің жаңа тәсілі тиімді құрал болатынына сенімдімін», деді.