Денсаулық • 04 Наурыз, 2024

Туберкулез түпкілікті жойыла ма?

172 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өмір жақсы жағына өзгеріп, медицина жүз жерден дамыса да, адам баласының ізінен қалмай келе жатқан кеселдер бар. Мәселен, туберкулез әлі де жер бетіндегі ең көп таралған жұқпалы аурулар санатында. Алайда әлеуметтік жағдайдан бөлек, емі баяғыда табылған осы дерттің дендеуіне көп жағдайда науқастардың өздері де «септесіп» жатады.

Туберкулез түпкілікті жойыла ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жасырын туберкулез қалай анықталады?

Бүгінде елімізде туберкулез мәселе­сінде эпидемиялық жағдай тұрақтал­ған, тиісті медициналық мекемелер тынымсыз жұмысын жалғастырып отыр. Нәтиже бар. Бір ғана Алматыны алып қарасақ, кейінгі 10 жылда туберкулезге шалдығу көрсеткіші 60,5%-ға, ал өлім-жітім 82,7%-ға азайған. Негізгі көрсеткіштер орташа республикалық көрсеткіштерден төмен. 2023 жылы 484 адамнан туберкулез табылса, дис­пан­серлік есепте 650 науқас тұр. Тубер­кулездің таралу көрсеткіші 3,1%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,3-ті құрайды.

Алматыда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай 24 нау­рызға дейін жалғасатын айлық бас­тал­ғанын айта кету керек. Ал жалпы мегаполисте туберкулездің алдын алу «2023-2024 жылдарға арналған фтизио­пульмонологиялық қызметті дамыту жөніндегі Жол картасына» сәйкес жүргізіліп отыр.

Туберкулезді таратпау мәселесінде балалар мен студент жастарға ерекше көңіл бөлінетіндіктен, студенттер ара­сындағы сырқаттану көрсет­кіші өткен жылмен салыстырғанда 17,4%-ға төмендеді.

Туберкулезбен күресудің маңызды тұсы – ауруды ерте анықтау және зертха­на­лық диагностика жүргізу болса, Алма­ты қаласының фтизиопульмонология орталығында заманауи құралдармен жабдықталған бактериологиялық зертхана бар. 2022 жылы осы зертханада жаңа «Xpert MTB/XDR» аппараты орнатылған. Бұл аппарат туберкулезге қарсы препараттарға дәрілік сезімталдық тестін небәрі 90 минут ішінде шығарып береді. Оған қоса пациенттердің «G-xpert» молекулалық-генетикалық зерттеуін тікелей емханалардың өзінде жүргізу үшін қаланың үш емханасында «G-xpert» аппараттары орнатылды.

«Туберкулезбен күресудің тағы бір маңызды кезеңі – жұқтыру қаупі жоғары топтағылар арасында жүргізілетін скрининг. 2024 жылдан бастап Алматы қала­сының фтизиопульмонология орта­лы­ғында квантиферрондық тестпен тексеру басталды. Бұл заманауи зертха­налық сынақ туберкулез инфекциясының белсенді және жасырын түрлерін анық­тауға мүмкіндік береді. Манту мен диаскинтестен айырмашылығы, кван­тиферрон сынағы денеге антигендер мен бактерияларды енгізуді қажет етпейді. Тест жүргізу үшін тамырдан қан алынып, нәтиже бірнеше күннен кейін дайын болады. Бұл сынақтың дәлдігі тері сынақтарына қарағанда әлде­қайда жоғары және инфекция табыл­ған жағдайда ғана оң нәтиже көрсе­теді», дейді Алматы қалалық Фтизио­пульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева.

Туберкулездің дифференциалды диагностикасын жүргізу үшін Алматы қаласының фтизиопульмонология орта­лығында Жапонияда шығарылған 64 тілімді компьютерлік томограф қолда­нылады. Бұл құрылғы туберкулезді басқа аурулардан ажыратуға және дәл диаг­ноз қоюға мүмкіндік береді. Егер 2023 жылы ересектер мен балалар арасында туберкулезге қарсы 64 608 адамға скринингтік тексеру жүргізілсе, Манту реакциясы туберкулез жұқтыру қаупі бар 124 372 балаға жасалған.

Балалар арасындағы туберкулездің алдын алудың маңызды әдістерінің бірі жаңа туған нәрестелерге БЦЖ вакцинасын егу болғанымен, орталық басшысы мынадай мәліметтерді алға тартты. Жыл қорытындысы бойынша БЦЖ вакцинасымен жаңа туған балалардың 88,3%-ы қамтылды. Бірақ балалардың 11,7%-ы вакциналанбаған, 3,8%-ы жеке сенімдері бойынша егуден бас тартса, ал 7,8%-ын­да медициналық қарсы көрсетілімдері болған.

Мамандар қазір бүкіл әлемде тубер­ку­лездің жасырын түрін емдеу белсенді жүргізіліп отырғанын, алайда ата-ана­лар­дың көпшілігі балалардағы жасы­рын туберкулез инфекциясын профи­лактикалық емдеуден бас тартатынын айтады.

 

Алматыда қанатқақты  жоба басталды

Осы арада туберкулезді ауыздық­таудағы маңызды жетістік ретінде емдеу уақыты қысқарғанын айта кету керек. Кейінгі он жылда тәжірибеге туберкулезге қарсы жаңа препараттар мен қысқа­мерзімді емдеу режімдері енгізілді. Бұл емдеу уақытын бұрынғыдай 20-24 ай емес, 6-9 айға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, 2024 жылы Алматы қаласында емдеудің жаңа режімдері қанатқақты жобаға енгізілді. Бүгінгі таңда 11 пациент жаңа режім бойынша ем-дом алуды бастаған.

«Бұл туберкулез жұқтыру мен өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса Алматы қаласының әкімдігі туберкулезбен ауыратын 922 науқасқа ай сайын 41 400 теңге қаражат бөледі. Үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты арқылы 63 науқасқа жол жүру билеттері, азық-түлік түрінде және басқа да көмектер көрсетілді», дейді Ж.Сапиева.

Сол сияқты «Мейірімді жол» қоғам­дық қоры 2022 жылдан бастап Жаһандық қордың шағын гранты арқылы осал топтар мен медициналық көмекке қол­жетімділігі шектеулі жандар арасында өз жұмысын жүргізіп отыр десек, бұлар – инъекциялық есірткіні пайдаланатындар, үйсіз-күйсіз, белгілі бір тұрғылықты жері жоқтар, ішімдікке салынған және есірткі қолданатын адамдар, бұрын істі болғандар, тұтқындар, АИТВ-мен өмір сүретіндер, мигранттар.

Туберкулезге қарсы іс-шаралардың сапасын жақсарту мақсатында фтизио­пульмонология орталығы Алматының барлық медициналық ұйымында 188 мониторинг жүргізгенін айтады.

 

Үкіметтік емес ұйымдардың үлесі

Алматы қалалық ӨКҚ брифингінде волонтерлік негізде жұмыс істеп отырған «Мейірім жолы» қоғамдық қорының өкілдері де сөз алды.

«Біз жұмыс барысында тағдыр тәлке­гіне душар болғандарға ерекше назар аударып, нашақорлықтан, маскүнемдіктен зардап шегетін үйсіз-күйсіз адамдармен, бұрынғы тұтқындармен, аз қамтылған пациенттермен жұмыс істейміз», дейді қор үйлестірушісі Мадияр Әбділов.

Оның айтуынша, осал топтардың медициналық қызметтерге қолжетім­ділігін арттыру үшін Алматы қаласын­дағы барлық МСАК ұйымымен, жеке медициналық орталықтармен мәмілелер жасалған. Қаланың әрбір ауданындағы әрбір емхананың пациенттерімен жұмыс жүргізіп, жан-жақты көмек көрсете алатын аутрич-қызметкерлер бекітілген. Өйткені олар – науқастардың жағдайымен жете таныс, өздері де емделіп, қолдаушы топтардың демеуімен еміне шипа тапқан белгілі бір қауымдастық өкілдері. Мысалы, 2023 жылы осы «Мейірімді жол» қызметкерлерінің көмегімен осал топтағылар арасында туберкулездің 39 жағдайы анықталған.

Қордың жұмысын Алматы қаласының әкімдігі қолдайтындықтан, 2023 жылдың қараша айында алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлініп, «Стигма және кемсітушілік – надандыққа қарсы күрес», «Туберкулездің ауыртпалығын төмендетудегі ҮЕҰ рөлі», «Медицина қызметкерінің туберкулезбен ауыратын науқастармен өзара іс-қимыл психологиясы», «Пациенттер мен олардың отбасын психоәлеуметтік қолдау» сынды семинар-тренингтері өткізілген.

 

Эпидемиялық жағдай тұрақты

Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі туберкулез жөніндегі кеңе­сі­­нің саяси декларациясына қосылған­дық­тан, 2035 жылға қарай туберкулезді эпи­демия ретінде жоюға бағытталған END TB стратегиясын іске асырушы ел ре­­тінде өз міндеттемелерін атқарып келеді.

Қазір елімізде туберкулездің эпиде­мия­лық жағдайы тұрақты деуге болады. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы туберкулезге шалдығу – 4,9%-ға, өлім-жітім көрсеткіші –14,3%-ға, таралу деңгейі 5,4%-ға азайды.

«Бүгінде туберкулезді емдеу негізі­нен амбулаториялық жағдайда жүргізі­леді. Емдеудің бірінші күнінен бас­тап науқас инфекциялық бақылау ша­ра­лары мен клиникалық жағдайды ұс­тан­­ған жағдайда үйінде бола алады. Ту­беркулезбен ауыратын науқастардың ам­булаториялық емдеудегі үлес салма­ғы 2023 жылы 64,6% болды, ал ДДҰ стан­дарты – 55%, науқастардың 36,4%-ы ұя­лы телефон, планшет, мобильді қо­сымшаларды пайдалана отырып, бейне­-ба­қылау арқылы емделді», дейді Ұлт­тық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденов.

Қазір елімізде денсаулық сақтаудың бастапқы буыны деңгейінде ПТР (моле­кулалық-генетикалық диагностика) әдісімен туберкулезді және дәріге төзім­ді туберкулезді анықтаудың заманауи экспресс-әдістері енгізілген. ДДҰ ұсыным­дарына сәйкес көптеген дәріге төзімді туберкулезді емдеу мерзімі 24 айдан 9-12 айға дейін қысқарса, дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігінің көрсеткіші 80%-ға жетіп отыр, ДДҰ стандарты бойынша ол 80%-дан кем болмауы керек.

Дегенмен әлі де әлемнің талай елі үшін дәрілерге төзімді туберкулез қауіп­ті кесел болып қала береді. Осы дертті жұқтырмауға ешкімге кепілдік жоқ. Өмір сүру стандарттары жоға­ры әрі медициналық қызметі сапалы мем­­лекет­тердің тұрғындары да одан сақтан­дырылмағандықтан, «Туберкулез» компоненті бойынша Жаһандық қор жобасын іске асыру тобының менеджері Шахимурат Исмаилов «Басты міндет – туберкулездің үкім емес екенін түсіндіру», дейді.

Өз кезегінде ДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы туберкулезге қарсы күресте қажетті капитал салымдарын қам­тамасыз етуге, ДСҰ-ның соңғы ұсы­ным­дарын орындап, инновациялық тәсіл­дерді енгізуге, азаматтық қоғам ұйым­дарымен белсенді әрекет жасауға шақырады. Егер сарапшының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда туберкулезге шалдыққандарды инъекциясыз және ауруханаға жатқызбай-ақ емдеп алуға болады. Ең бастысы, пациенттер өз денсаулығына жауапты қарау керек.

 

АЛМАТЫ