Аймақтар • 04 Наурыз, 2024

Географиялық көрсеткіштер маңызы

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында «Географиялық көрсеткіштерді құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» атты халықаралық семинар өтті.

Географиялық көрсеткіштер маңызы

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен Әділет министр­лігі ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты – тұрақты дамуды ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау. Семинарға ДЗМҰ, Еуропалық Одақ, Әзербайжан, Орталық Азия елдері, мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру мекемелері, өндірушілер мен мамандар қатысты.

Әділет министрі Азамат Есқараев «географиялық көрсеткіштер бүкіл әлемде белгілі бір өңірдің тауарлары мен қызметтердің және агроөнеркәсіптік өңірлерді дамытудың орнықтылығын арттырудың тиімді құралы екенін» атап өтті. Ол Түркістан облысы еліміздің негізгі аграрлық өңірлерінің бірі ретінде көптеген географиялық көрсеткішті тіркеуде үлкен әлеуетке ие екенін де айтты.

Іс-шараға ДЗМҰ брендтері секторының Лиссабон тізілімінің дирек­торы Александра Грациоли, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы географиялық көрсеткіштердің маңыздылығына тоқталып, өндірушілер, тұтынушылар және жалпы қоғам үшін, оның ішінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, дәстүрлі білім мен мәдени мұраны сақтау, туризм мен экологияны дамытудағы артық­шылықтарын атап өтті.

ӘМ Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің директоры Шолпан Әбдіреева географиялық көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық аспектілері туралы баяндады. Жиынға қатысушылар заңнамадағы кейбір маңызды новеллалар және оларды қолдану тәжірибесі туралы пікірлерін ортаға салды.

Семинардың бірінші күні география­лық көрсеткіштерді ұлттық деңгейде тіркеу және пайдалану тәжірибесіне арналса, екінші күні Әзербайжан мен Орталық Азия елдерінде географиялық көрсеткіштерді пайдалануды құқықтық реттеудің тұжырымдамалық мақсаттары мен мәселелері қаралды.