Банк • 06 Наурыз, 2024

Банк секторының басымдықтары

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде реттеуші 2023 жылдың қорытындысын шығарды, қадағалау саясатының басымдықтарын, сондай-ақ банк секторын дамытудың 2024 жылға арналған негізгі бағыттарын ұсынды.

Банк секторының басымдықтары

Жалпы алғанда, 2023 жылы банк­тердің кредиттік порт­фель­ді және мемлекеттік ба­ғалы қағаздар портфелін ұл­ғай­­туы есебінен банк секторы активтерінің өсуі бай­қа­лады. Клиенттердің банкке сеніп тапсырған салымдары қор­ландырудың негізгі көзіне ай­налған. Нарық конъюнк­тура­сы­ның жағымсыз өзгеріс­те­ріне қарамастан, банк секторы капитал қоры мен өтімділіктің жет­кіліктілігін, сондай-ақ банк­­тер­дің ағымдағы сыртқы эконо­ми­калық күйзелістерді игеру мүмкіндігін көрсетті.

Кездесу барысында SREP әдіснамасы бойынша жыл са­йынғы толық ауқымды қада­ғалап бағалаудың нәти­желері талқыланды, тәуекелі төмен банктер санының артуы және банк секторының сыртқы фак­торларға орнықтылығы сияқ­ты оң өзгерістер атап өтілді. Тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеуге ерекше назар аударылды, олардың шең­бе­рін­де агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп негізгі және стрестік сценарийлерді әзірлеп, бекітті. Бұл ретте 2022 жылғы стрестік оқи­ғаларға байланысты 2023 жылға консервативтік тұрғыдан ба­рынша аз сценарийлер әзір­ленген.

Жыл сайынғы қадағалау үде­рі­сінің соңғы кезеңін іске асыру мақсатында, агенттік 2024 жылдан бастап SREP қадағалап бағалауының, тұрақты AQR және қадағалап стресс-тесті­леу­дің қорытындылары бойынша капиталға қадағалау үстеме­ақы­сын қолдануды жоспарлап отыр.

2023 жылы қаржы нарығын­да­ғы тағы бір маңызды оқиға Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банктің Қазақ­станның қаржы секторы­на бағалау жүргізуі болды. Баға­лау қорытындысы бойынша, сектордың орнық­тылығы және тәуекелге бағ­дарланған қада­ғалауды да­мытудағы үдеріс рас­талды. Сондай-ақ агент­тік қыз­метін одан әрі же­тіл­­діру­дің және анықталған олқы­­лықтарды жоюдың негізгі ба­ғыт­тары ай­қын­далды.

Агенттік төрағасы 2020 жылдан бастап банк секторындағы тәуе­келге бағдарланған қадаға­лауға толыққанды көшудің және SREP, тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеу сияқ­ты негізгі қосымша құрал­дар­ды бірыңғай қадағалау үдерісіне интеграциялаудың арқа­сында банктердің ең төмен­гі рет­теу­шілік талаптарға сәй­кес­тігі ғана емес, сонымен қатар тәуе­келдерді барынша сапалы басқаруға көшу үшін негіз қаланғанын атап өтті.

2024 жылы агенттік қада­ғалау үдерісінің кешенді мо­делін құру жұмысын жалғас­ты­рады, бұл ашықтық пен банк секторына деген сенімді арттыруға мүмкіндік бермек. Осы бағытта SREP әдіснамасы бойынша қадағалау үдерісін одан әрі жетілдіру және AQR басым қадағалау құралдарын және SREP-те қадағалап стресс-тесті­леуін біріктіруді жүзеге асыру жоспарланады.

«Биыл екінші деңгейдегі банктердің климаттық стресс-тестілеуін әзірлеу басталады. Төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу сценарийлерін іске асыру кезінде банктердің орнықтылығы мен ықтимал қар­жылық шығындарын баға­лауға басты назар аударылады. Агенттік міндеттерінің жеке блогі шоғырландырылған не­гіз­­де банк топтарын реттеуді кү­шейтуді, сондай-ақ реттеуші AQR рәсімдерін ескере отырып, соңғы сатыдағы қарыздар тетігін жетілдіруді қоса алғанда, Базель қағидаттарын одан әрі енгізуге арналған. Сонымен қатар ESG қағи­даттарын банк­тердің қыз­метіне кезең-ке­зеңі­мен интеграциялауды жалғастырамыз: екі ұсынымдық құжатты – ESG тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқауды және банктердің кре­диттік портфельдерінің көмір­тегі ізін бағалау жөніндегі нұсқауды әзірлеу мен қабылдау жоспарлануда. Тағы бір маңызды бағыт – тұты­нушылық кредит беру тәуе­кел­дерін азайту. Қазіргі уа­қытта агенттік халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту бойынша жаңа жүйелі шаралар дайындады және заңнамалық өзгерістерге бастама жасады», деді Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен қатар 2024 жылы агенттік банктердің өтімділігін экономиканың нақты секторына кредит беруге қайта бағдарлау жөнінде шаралар қабылдауды жалғастырады. Бизнеске кредит беруді ынталандыру жөніндегі шаралар қаржы институттарының қаржылық орнықтылығына нұқ­сан келтірмей және Базель коми­те­тінің халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын сақтай отырып қабылданатын болады.

«Сенімділігі жоғары кредит­тік рейтингі бар шетелдік банк­терді елге тарту үшін агент­тік Ұлттық банкпен бір­ле­сіп ше­тел­дік банктерді немесе олар­дың филиалдарын ашу тәрті­біне қойылатын қолда­ныстағы талаптарды ырық­тандыру туралы заң жобасын әзірлейтін болады. Онда құжаттар тізбесін қысқарту және Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының бейрезидент-банк­терінің филиал­­дарына қойы­ла­тын реттеушілік талаптарды төмендету көзделеді», деп мәлімделді.

Қада­ғалау саясатын және банк сек­торын дамытудың не­гізгі бағыттарын талқылау қо­ры­тын­дысы бойынша, екін­ші дең­гейдегі банктер мен Қазақстан қаржыгерлері қауым­дастығының өкілдері қосымша ұсыныстар айтты. Ол ұсыныстар 2024 жылға арналған басым міндеттерде ескеріледі.