Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Сыбайлас жемқорлықпен күрес − ортақ міндет

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түп-тамырымен дендеп кеткен жемқорлықтың адымын басу оңай болмай тұр. Қоғамның қай бұрышын да қамтыған бұл дерттің емі бар ма өзі?! Жемқорларға жазаны арттырып, айыппұл мөлшерін өсіргенімізбен, жұрттың қаржысын қалтаға басатындардың саны азайған жоқ. Керісінше асқынып бара жатқандай көрінеді. Әрине бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарып жатқан қызметін жоққа шығаруға болмайды. Олар әшкерелеген жемқорлар қанша, әлі ашылмаған қылмыс қанша? Әлі бірталай іс тергеп-тексеріліп жатқаны, сондай-ақ беймәлім жағдайлары да бары белгілі.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес − ортақ міндет

Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән береді. Сайлауалды бағдарламаларында да аталған тақырыпты жиі көтереді. Мәселен, Мемлекет басшысы 2019 жылғы «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында: «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды», деп айтқан еді. Сол сияқты 2022 жылы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жалғастырыла беретіндігін мәлімдеді. Мүдделі мемлекеттік органдардың осы маңызды міндетті орындауға бағытталған жұмысының нәтижелілігі жылдан-жылға біршама арта түскені көңілге үміт ұялатады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше өткен жылы елімізде 1461 жемқорлық қылмыс тіркелген екен. Бұл алдыңғы жылмен (1530) салыстырғанда 4,5 пайыз аз. Деректер Астана мен 4 өңірде бұл індет одан әрі үдей түскенін көрсетіп отыр. Астана қаласында 2022 жылы 152 жемқорлық құқық бұзушылық әшкереленген. Ал өткен жылы оның саны 196-ға жетіпті. Қостанай облысында 78-ден 97-ге дейін, Павлодар облысында 43-тен 47-ге дейін, Ұлытау облысында 14-тен 41-ге дейін, Абай облысында 8-ден 31-ге дейін ұлғайғандығы да көңіл көншітеді. Бұл фактілер елімізде жемқорлық дендеп бара жатқанын көрсетіп отыр.

Меніңше, бұл жат әдетке қарсы иммунитетті мектеп жасынан қалыптастыру керек. Жастайынан әділеттілік, ізгілік, тәртіп дегенді толығымен ұғынған бала есейе келе мұндай әбестікке баруға сәл де болса ойланар еді. Қазір елдегі 90-нан астам университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән жүргізілетіні белгілі. Осындай пәндерді мектеп қабырғасынан бастап енгізуді қолға алу керек. Мемлекет басшысы қол қойған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманы жүзеге асырудың қадамдарын түсіндіріп, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру маңызды. Заңды қатайтқанмен, адамның санасы түзелмесе, ештеңе өзгермейді. Сондықтан, ең алдымен, халықтың санасын оятуға жұмыс істеу керек.

Айдын АДЕНОВ,

Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі Әскери соты департаментінің

Ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы